Гиннесстің рекордтар кітабына енуді армандайды
Зайсан қаласындағы Ломоносов атындағы мектептің 3 сынып оқушысы Айдана Әлімхан – ерекше қабілеттің иесі. Оған кез келген сөзді кері аударып айту еш қиындық тудырмайды. Тіпті, ол осынау керемет қабілетінің арқасында таяуда «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Айтуға оңай» бағдарламасына қатысып келіпті.
-Қызымның сөзді кері аударып айту қабілеті 5 жасында-ақ байқалды. Құлағына тиген сөзді лезде кері аударып айтатынына таңғалсам да, көпке дейін көңіл бөліп, мән бермедім, – дейді Айдананың анасы, бастауыш сыныптың мұғалімі Әйгерім Серкетаева. – Мектепте мұғалімі де көпке дейін онша мән бермеген көрінеді. Кейін сынып сағаты кезінде Айдананың күрделі сөздің өзін тез кері аударып айтатынына көзі жеткен соң, ол бізге «Қазақстан» телеарнасындағы «Айтуға оңай» бағдарламасына қатысуға кеңес берді.
Сөйтіп, Әйгерім Серкетаева қызын жетелеп Алматыға апарып, «Айтуға оңай» бағдарламасына қатысып келіпті. Қазір Айдананы Зайсан қаласының кішкентай жұлдызы десе де болады. Көшеде көрген үлкен-кіші оны танып, «Е, ана жолы «Айтуға оңайға» қатысқан біздің Айдана ғой» деп жатады. Тіпті, кейбір үлкен адамдар ақ батасын да береді.
-Айдана, сабағың қалай?, – деп сұрадым мен.
¬ Ысқаж, – дейді ол жымиып.
– Бес пе?
– Себ.
Айдана барлық сөздерді кері аудармайды. Кейбір жап-жақсы сөздерді кері аударып айтқанда, адамды ыңғайсыз жағдайға қалдыратын жаман сөздер шығуы да мүмкін. Ондайда Айдана:
Болмайды, айтуға ұяламын, – дейді үзілді-кесілді.
Анасының айтуынша, Айдана – отбасындағы тұңғыш бала. Жарық дүниені көруге асығып, жеті айлығында өмірге келген Айдана мектеп табалдырығын да ерте аттаған екен. Қазір оқу үздігі. Сонымен қатар, ол өнерлі бала. Музыкалық мектептің қобыз сыныбына барады. Мың бұрала би билеуді де үйреніп жүр. Ерекше жақсы көретін пәні – ана тілі.
– Алдағы уақытта қызымның осынау қабілетін жоғалтып алмай, әрі қарай дамытсам деп ойлаймын, – дейді анасы Әйгерім. – Қазір Айдана тұтастай мәтіндерді кері оқуға жаттығып жүр.
Кішкентай Айдананың өзі де осынау дарынының арқасында Гиннесстің рекордтар кітабына енуді армандайды.
Қазір Айдана өзінен кейінгі сіңлісін сөздерді керісінше айтуға үйретіп жүр. Ал білгенін інісіне үйретуге әлі ерте. Ол небәрі бір жарым жаста ғана.
Айдана, айтшы, болашақта кім болғың келеді?
– Депутат болғым келеді. Халқыма көмектескім келеді.
Менің қойған сауалыма ол іркілмей жауап берді. Біз кішкентай Айдананың арманына жетіп, талай биікті бағындыратынына сендік.
Мейрамтай Иманғали
Зайсан ауданы.