Гибридті операция залы ашылады
Заманауи үлгідегі зал қаладағы жедел медициналық жәрдем ауруханасында орналаспақ. Сондай-ақ өңірдің денсаулық сақтау саласын кешенді дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған жоспарына сәйкес, медицина мамандары шетелдің үздік клиникаларында біліктіліктерін арттыруды жалғастырады. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметовтің Семейге жасаған жұмыс сапарында белгілі болды.
Осы мақсатқа жергілікті қазынадан шамамен 1 млрд. теңге қаржы жұмсалмақ. Оқыту бағдарламасы үш деңгейлі болады. Соған сәйкес медицина қызметкерлері басым бағыттар бойынша дамыған елдерде шеберліктерін шыңдайды. Былтыр осы кешенді жоспар негізінде аймақтың 61 медицина маманы Еуропаның озық клиникаларында білімдерін жетілдірген-ді.
Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасы қаланың денсаулық сақтау ұйымдары арасында жетекші орында келеді. Өйткені мұнда семейліктерден бөлек, жақын аудандардың халқына да қызмет көрсетіледі. Сол себепті ауруханада гибридті ота бөлмесін ашу – кезек күттірмейтін мәселе екенін айтады облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов.
Мамандардың пікірінше, бұл залдың іске қосылуы тұрғындарға жоғары технологиялық медициналық қызмет түрлерін қолжетімді ете түспек. Осы орайда облыс әкімі Даниал Ахметов дәрігерлерге тағы бір маңызды жайтты ескертті. Нақтырақ айтқанда, қолда бар қондырғыны толыққанды пайдаланып, жұмыс тиімділігін арттыруды тапсырды. Сондықтан іске қосылатын қондырғыны барынша тиімді пайдалану үшін заманауи көзқарас, менеджерлік ептілікті таныту қажеттігін айтты аймақ басшысы.
– Мұндай қондырғылар неғұрлым көп болса, жұмыс сапасы солғұрлым арта түседі деп ойласаңыздар, қателесесіздер. Әлбетте құрал-жабдықтар болғаны жақсы. Алайда онымен тиімді жұмыс істей білу керек. Мысалы Батыс Еуропа елдерін алып қараңыздар. Ол жақта МРТ қондырғысы тәулік бойы жұмыс істейді. Ал бізде қалай? Сегіз сағат өткен соң, оның жұмысы тоқтатылады. Бұл дұрыс емес. МРТ тәулік бойы қосылып тұрғанда ғана нәтиже береді, – деген аймақ басшысы медициналық жабдықтарды жүйелі пайдалану және сала мамандарының біліктілігін арттыру мәселелеріне баса назар аударуды ескертті.
Сол сияқты аталмыш аурухананың негізінде политравма және ортопедия орталығы ашылады деп жоспарланып отыр. Бұл Астана қаласындағы травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты, сондай-ақ Семейдегі мемлекеттік медицина университетімен бірлесіп іске асыратын жоба.
– Гибридті ота залы бізге көптеген мүмкіндіктер береді. Мәселен, қысқа уақыт ішінде науқастың диагнозын анықтауға, сонымен қатар жедел коронарлы синдромның, яғни инсульттің алдын алуға және кардиохирургиялық амалдарды жүргізуге көмектеседі, – деді басқарма басшысы Марат Шоранов.
Жақсылық Мұратқали