ТОП

Ғылыми басылымдарды QR-код арқылы оқимыз

Дәурен Аллабергенұлы

Amanzholov University-де ғылыми және танымал ғылыми басылымдарды QR-кодтау жүзеге асырылды.

Жағымды жаңалық Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған цифрлық жаңалықтардың тұсаукесерінде белгілі болды, деп хабарлайды С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметі таратқандай, “Алтайтану” ғылыми-зерттеу орталығы Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханамен бірлесе отырып, Қазақстанның, соның ішінде біздің өңірдің демографиясы мен тарихына арналған ғылыми және ғылыми-көпшілік басылымдарға QR-код беруді жүзеге асырған. Бұл – монографиялар, оқулықтар, оқу құралдары, анықтамалықтар, ғылыми еңбектер жинақтары.

Қоса кетсек, “Тарих”, “Халықаралық қатынастар” және “Цифрлық гуманитарлық ғылымдар” мамандықтарының студенттеріне соңғы үш жылда ғылыми орталық ұжымы дайындаған және кітапхана сайтында жарияланған он бір басылым ұсынылды. Бұл үлкен жұмыс студенттерге QR-сілтемелер арқылы жаңа білім іздеу уақытын қысқарту үшін жасалған.

– Бүгін біз «Алтайтану» ҒЗО-ның Орталық қалалық кітапханамен ынтымақтастығының нәтижесін таныстырдық. Айта кету керек, алғашқы он бір кітапты QR-кодтау – бұл тек бастама ғана. Болашақта біз олардың тізбесін кеңейтуді көздеп отырмыз. Сонымен қатар көрмеге келушілерді “Шығыс Қазақстан халықтары” және “Тәуелсіздік сәулеті: Шығыс Қазақстан” атты шынайы ақпарға толы екі 3D кітаптармен таныстырдық. Оларды жасау үшін облыстық білім басқармасының аймақтық жаңа технологиялар орталығымен бірлесіп жұмыс істедік, – деді “Алтайтану” ҒЗО директоры Жанна Әубәкірова.

QR-кодтау – бұл ақпаратқа кеңінен қол жеткізуді қамтамасыз ететін жаңа технология. Енді оқырманға кітаптың виртуалды нұсқасымен танысуға мүмкіндік бар, бұл үшін QR кодын жүктеу жеткілікті.  Жаңа технологиялар жаңа білімге қолжетімділікті қамтамасыз етуге және жастардың назарын ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне аударуға арналған.

О.Бөкей атындағы орталық қалалық кітапхана директорының орынбасары университеттің ғылыми орталығымен ынтымақтастық бір-бірін толықтыра түскенін атады.

– Біз мамандарымыз әзірлеген виртуалды локацияларды көрсеттік, ал “Алтайтану” ҒЗО ғылыми қызметкерлері 3-D кітабын ұсынды. Осылайша, тәжірибе алмасамыз. Ең бастысы, біз заманауи кітапхана – бұл студенттерге әрдайым қуанышты, көптеген қызықты және пайдалы нәрселерді таба алатын орын екенін көрсетеміз, – деді ол.

Көрме аясында студенттер кітапхана қызметкерлерінің көмегімен виртуалды шындыққа саяхаттау орнына айналған бірегей киіз үйге бару мүмкіндігіне ие болды. Бір сөзбен айтқанда, көшпенділердің дәстүрлі тұрғын үйі VR технологиялары бар заманауи кеңістікке айналып отыр. Виртуалды экскурсия жасаған қонақтар өздерін байырғы Өскеменнің тұрғындары ретінде сезініп, Қазақстанның киелі жерлерін аралады.

– Бұл жоба мәдени мұраны сақтауға, өлкетану білімін таратуға бағытталған. Мұнда ХХ ғасырдың басындағы және 1990 жылдардағы Өскемен қаласы көрсетілген. Сәулет ғимараттары өзінің бастапқы көрінісінде жаңғыртылған. Олар – халық үйі, біздің қаламыздың картасында жоқ христиан соборы. Осының бәрін мұрағаттық фотосуреттерден қалпына келтірдік. Біз реализм мен тарихи дәлдікке сүйендік. Мұнда тек студенттер мен ғалымдарды ғана емес, сонымен бірге біздің өлкеміздің тарихына жол ашқан баршаны да келуге шақырамыз, – дейді орталық қалалық кітапхананың VR-жобаларын жасаушы Әлім Жұмағазиев.

Іс-шара барысында болашақ педагогтар, кітапханашылар, мұражай қызметкерлері VR және 3D-жобалары құрылатын жаңа бағдарламаларды пайдалану бойынша шағын шеберлік сабағын алды. Кейбір студенттердің 3D-модельдеу бағдарламаларында базалық дағдылары бар, алайда кітапханамен ынтымақтастықта жоспарланған оқыту семинарларының арқасында олар QR-кодтау саласында жаңа білім ала алды.

– Бүгінгі кездесу өте пайдалы болды. Мен VR технологиялары туралы көп нәрсе білдім. Оралхан Бөкей атындағы кітапханаға саяхат өте қызықты болды, біз 3D-киіз үйді көрдік. Сондай-ақ бізді 3D модельдерді құру технологияларымен таныстырды, – деді С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенті Олжас Нұрланов.

Университет пен кітапхананың алдағы жоспарында студенттердің жаңа әдебиетке “Бір шертумен” тез қол жеткізуі үшін ғылыми еңбектер жинақтарын, монографиялар мен оқулықтарды QR-кодтау саласында бірлескен қызметті жалғастыру бар.

 

Осы айдарда

Back to top button