Ғасыр жасаған мекеме
Талай жан дертіне дауа, сырқатына ем тапқан Зайсан аудандық орталық ауруханасына биыл 100 жыл толып отыр.
ХХ ғасырдың басынан бастап, Зайсан өңірінде халықтың денсаулығын қорғау жүйелері біртіндеп іске аса бастады. 1922 жылы Зайсанда алғаш 15 төсектік орындық уездік аурухана ашылып, 1927 жылға дейін 35 төсектік орынға өсті. Негізінен хирургиялық, терапиялық, әйелдерді босандыратын және жұқпалы ауруларды емдеу орындары болды.
1933-35 жылдары облыс орталығы Семей қаласы болып, ауданымызда қалалық және ауылдық жерлердегі емдеу орындарын біріктірген денсаулық сақтау бөлімі басқару тізгінін қолына алды. 1934 жылы 8 төсектік орны бар терапевт бөлімі ашылды. Осы жылы алғашқы мемлекеттік санитарлық бақылау мекемесі өз жұмысын бастады. Облыс көлемінде білікті мамандарды даярлау қарқынды жүзеге асты.
1936-1937 жылдары халықтың басына түскен аштық пен зорлық-зомбылық, азап пен түрлі қиындықтар ел арасында жұқпалы аурулардың таралуына әкеп соқты. Әсіресе, халық арасында безгек ауруы кең тарап, ауруханадағы төсек саны 50-ге жетті. 1938-1940 жылдары безгек ауруына қарсы санитарлық стансасы санитарлық және эпидемиологиялық стансасы болып өзгеріп, нәтижелі істер атқарды. 1938 жылы ауданда алғаш 25 төсектік орындық өкпе ауруларына қарсы емдеу диспансері ұйымдастырылып, диспансердің бас дәрігері болып, 1966 жылдан К.Ақажанова қызмет атқарды және 10 төсектік орындық Дайыр ауылдық учаскелік ауруханасы ашылды. Дәрілік өсімдіктерге бай Зайсан өңірінде 1945 жылы тұңғыш дәрі дайындау және саудалау дәріханасы ашылды.
Қарқынды жұмыстың нәтижесінде, 1947 жылы барлық елді мекендерді қамтитын ауруханадағы төсек саны 75-ке жетті. Малды ауылдарда медициналық пункттер көбейді. Қалалық амбулаторияда гинеколог, терапевт, хирург, көз дәрігері, рентгенолог, тіс емдеу кабинеттері ашылды.
1949 жылы халық саны өскен ауылдық жерлерде учаскелік ауруханалар ашу қолға алынып, Қаратал ауылында 5 төсектік аурухана іске қосылды. 1950 жылы әйелдерді босандыру жеке бөлім болып ашылып, аудандық ауруханадағы төсек саны 100-ге жетеді. 1952 жылы 25 төсектік тері және жыныс ауруларын емдеу диспансері ашылып, халыққа қызмет көрсете бастады.
1958-1960 жылдары аудандық аурухананың бас дәрігері қызметін М.Колесников атқарып, Э.Блинцовский, М.Мордавец, А.Сингуров сынды білікті хирургтер халыққа қызмет етті. Осы аға буындарымыздың ізгі жолын кейіннен аудан ауруханасының бас дәрігері Қ.Бақтыбаева, Х.Қалимолдин, Ф.Сапаева, Ж.Біржанов, З.Қалибеков сынды білікті мамандар жалғастырып, еңбектерін сіңірді.
1967-1968 жылдары ауданда 60 төсектік жүйке-нерв ауруларын емдейтін диспансер ашылған. Мұнда алғашқы психиатр дәрігерлердің бірі болып, Василий Филиппович Костяев 1974 жылға дейін еңбек етті. 1968 жылы ауруларға операция кезінде интубациялық наркоз (кеңірдекке оттегімен қоса наркоз дәрісін жіберетін арнаулы түтік кою әдісі) беру бүкіл шығыс өңірінде, соның ішінде Зайсан ауруханасында алғаш рет қолға алынып, осы әдісті Эдуард Билинцовский қолданған. 1971 жылы ауданда жаңа аурухананың құрылысы бітіп, аурухана үш қабатты, еңсесі биік, сәулетті ғимаратқа көшті.
1995 жылы аудандағы төсек-орын саны 175-ке кеміді. Медицина саласын қаржыландыру облыстық бюджет арқылы орталықтандырылған жүйесімен берілетін болды. Бұл жылы ауданның медицина саласы міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне түбегейлі еніп, Зайсан ауруханасы облыс көлемінде бірінші болып, № 1 лицензияға ие болды. Бұл кезде аудандық аурухана аудан халқын медициналық көмектің 22 түрімен қамтамасыз етті. 1999 жылы аудандық ауруханада алғашқы диагностикалық кеңес беру бөлімі ашылды.
2011-2013 жылдар аралығында да орасан зор жұмыстар атқарылып, жаңалықтар болды. Кіші диагностикалық орталық ашылып, көптеген жаңа, заманауи құрылғылар алынды. Мекеме жүректі ультрадыбыстық зерттеу, қан тамырларын ультрадыбыстық зерттеу, мамограф (әйелдердің омырау безін тексеру), тридмил тест, қан қысымын тәуліктік тіркеу аппараттарымен толықтырылды.
2013-2017 жылдар аралығында хирургия бөлімінде жаңа медициналық ота жасау құрылғылары алынды. Лапароскопиялық оталарға арналған бейне эндоскопиялық құрылғысы арқылы эндоскопиялық оталар заманауи әдіспен жасалуда, сонымен қатар ауыр түрдегі науқастардың нақтамаларын анықтау мақсатында, зерттемелі лапароскопия құрылғысымен науқастарды тексеру жүргізілуде.
2015-2016 жылдары Сарытерек және Айнабұлақ ауылдарында дәрігерлік емханаларға арнап, жаңа ғимараттар салынды.
2020 жылдың наурыз айынан бүкіл дүниежүзіне тараған коронавирус індеті басталды. Осындай сын сағатта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, дертке шалдыққан науқастарды емдеуде ауданымыздың барлық медицина қызметкерлерінің атқарған еңбектері орасан зор. Осы кезеңде ауданымыздың барлық медициналық бөлімдері дертке ұшыраған науқастарды емдеу бөлімдеріне ауыстырылды.
Бүгінгі таңда перзентхана бөлімінде екінші деңгейге өтуге орай, күрделі жөндеу жұмыстар жасалуда, осы мақсатта жаңа медициналық аппараттар алынды. Соңғы жылдары ауданымызға осы сала бойынша көптеген жас мамандар қызметке шақырылды. Қазіргі таңда 20 жалпы тәжірибелік дәрігер, бес хирург, төрт гинеколог, үш педиатр, бір дерматолог жұмыс атқаруда. Жас мамандарға аудан әкімдігімен бірлесе отырып, жаңа салынған үйлерден пәтер кілттері табысталды. 2021 жылы 6 жас маман баспанамен қамтамасыз етілді. Соңғы 15-20 жылда барлығы 20-ға жуық медицина қызметкерлері баспаналы болды. Міне, ғасырға жуық тарихы бар Зайсан аудандық орталық ауруханасының өткені мен бүгіні осындай.
Ж.Тлеуберлин, Зайсан аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері