ТОП

Ғасыр әже дауыс берді

Сайлау

Ғасыр жасаған кейуана Хауа Бұланбаева өзінің азаматтық парызын үйден шықпай-ақ орындады. Бүгін таңертең қарияның үйіне сайлау комиссиясының өкілдері өздері келіп, Хауа әженің дауыс беруіне барлық мүмкіндікті жасады.   

– Сайлау әділ өтуі керек және оған өзіндік ұстанымы мен көзқарасы бар, жеріне, еліне адал қызмет ететін нағыз патриоттар қатысуы керек, – дейді Хауа Бұланбаева.

Бір ғасыр ғұмыр кешкен әжей қартайдым деп тұрған жоқ, өте белсенді екен. Қимыл-қозғалысы ширақ, ойы сергек. Қоғамда болып жатқан оқиғалар туралы ойын айтып, пікірін білдіруден қашпайды.

Айта кетейік, Хауа Бұланбаева еліміздің білім саласына зор еңбек сіңірген педагог, өмір бойы мектепте жұмыс істеді.

Жастайынан тағдырдың тауқыметін тартып өскен қария бүгінгі тәуелсіз еліміздегі бейбіт те берекелі өмірге тәубе дейді.

Тарихқа сүйенсек, қазақ даласын қанға бояған қуғын-сүргін кезінде қаршадай Хауа әкесінен айырылған. Бұл зұлматтың жүрекке салған жарасы жазылмай жатып Ұлы Отан соғысы басталды. Бұғанасы қатпаған жас қыз ел қатарлы еңбекке араласып, ауыр жұмыстың бел ортасынан табылды.

Осындай қиындықты бастан өткерген Хауа Бұланбаева бүгінгі бейбіт өмірге шүкіршілік айтады. Сондықтан ол әркімнің азаматтық борышын орындауы өте маңызды деп санайды. Жүз жастағы қария осы уақытқа дейін еліміздегі бірде-бір сайлаудан шет қалмаған және бірнеше рет комиссия мүшесі де болған.

Осы айдарда

Back to top button