Қоғам

Германиядан үйренген тәжірибесін ауылда іске асырып жүр

  Үлкен Нарын ауылдық округінің жас та болса бас маманы болып еңбек етіп жүрген қызметкері Архат Әубәкіровті қатарластары жақсы біледі, құрметтейді.

   Архат Әубәкіров Көктерек ауылында 1992 жылы дүниеге келген. Әкесі бүгінде аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасында электрик болып жұмыс істейді. Анасы  ұзақ жылдар  аудандық орталық ауруханада мейірбике болып еңбек етіп келеді.

2008 жылы Архат Үлкен Нарындағы Қ.Дамитов атындағы орта мектебінің 9-сыныбын аяқтаған соң, Өскемендегі Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжге техник-механик мамандығына оқуға түсуге бел байлайды. Архаттың айтуынша, бұл мамандықты өз қалауымен таңдаған. Колледжде төрт жыл оқып, 2012 жылы ол Қазақстан Американ еркін университетінің халықаралық қатынастар факультетіне оқуға түседі.

– Маған мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ағылшын тілі ұнайтын.  Сондықтан университетке түскенде мен ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болғым келді. Бұл мамандықта аз   уақыт оқығаннан кейін  халықаралық қатынастар бөліміне  ауыстым. Бұл мамандықта тілді де, саясатты да бірдей оқып, меңгеруге болады, – дейді кейіпкеріміз.

Жас студенттің өміріндегі ең бір айшықты сәттердің бірі 2015 жылы болды. 4 курста оқып жүргенде Архат жоғары оқу орны тарапынан Германияның Ганновер қаласынан мамандығы бойынша  іс-тәжірибеден  өтуге мүмкіндік алады.

– Шетелге  2015 жылдың күзінде бардым. Іс-тәжірибем Ганновердің құрметті консулдығында бір ай бойында өтті. Бірақ Германияға барып келудегі  жол шығынын  түгелімен өз қалтамнан төледім.  Ол уақытта бұл көп ақша еді. Ары-бері жолдың өзіне жарты миллион теңге ақша кетті. Алайда мен бір сәтке өкінбеймін себебі, мен шетелге баруға, ел мен жер көруге,  тәжірибе алмасып қайтуға  мүмкіндік алдым. Мұндай мүмкіндік күнде туа бермейді ғой.

Елге оралған соң Архат университетті ойдағыдай аяқтап, қолына көптен күткен дипломын алады. 2016 жылы туған ауданына келіп, аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне жұмыспен қамту орталығы арқылы қоғамдық жұмыскер ретінде орналасады. Онда үш-төрт ай жұмыс істеген соң, Архатты аудандық  жастар орталығына тұрақты жұмысқа қабылдайды. Ол жерде Архат әртүрлі іс-шараларды ұйымдастырумен қатар туристік бағытта да артылған жұмысты жауапкершілікпен атқарады.

– Ол уақытта аудандық туристік-ақпараттық орталық өз жұмысын тоқтатқан кез еді, бұл мекеменің қызметтік міндеттерін жастар орталығына жүктеді. Жастар орталығының басшылығы туризм бағытында жұмыс істеуге ұсыныс тастады. Ол кезде әлеуметтік желілер енді ғана дамып келе жатқан. Маған ағылышын тілінің маманы ретінде Жастар орталығының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында  жастар саясатының жұмысын үш тілде жүргізіп отыру туралы ой келді. Бұл бастаманың сәтті боларына сендім. Қателескем жоқ, жастар орталығы мен туризм бағытындағы атқарылған жұмыстарды әлеуметтік желіде үш тілде жүргізе бастадым. Жастар орталығында мен төрт жыл еңбек еттім, – дейді Архат.

2020 жылы Архат Әубәкіров мемлекеттік қызметке ауысады. Мемлекеттік қызметтің тиісті тестілеуінен өтіп, қолына сертификатын алған  ол аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне маман ретінде жұмысқа кіреді.

Білімді жас маман онда туризм мен кәсіпкерлік бағытында жұмыс істейді. Архат туристік нысандардың қызметі, ауданға келуші туристер мен демалушылар туралы ақпарат жинап, туризм сайтын жаңартып, әртүрлі жадынамаларды дайындаумен айналысқандығын айтады.

2021 жылдың желтоқсанынан бастап бүгінгі күнге дейін Архат Әубәкіров Үлкен Нарын ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман болып еңбек етеді. Мұнда ол жер қатынастары мен шаруашылық мәселелері жөніндегі жұмыспен айналысады.

– Басында, әрине  қиыншылықтар болды, себебі бұған дейін мен бұл салада жұмыс істемедім. Қазір  азды-көпті тәжірибе жинадық, үнемі өзімнің білімімді жетілдіріп, тиісті заңдар мен нормативтік құжаттарды оқып,  қайталап отырамын. Мемлекеттік қызметкер бүгінде жан-жақты, қоғамдағы барлық саладан хабары болуы керек. Мен, мәселен, туризм, кәсіпкерлік саласын, шаруашылық пен жер мәселелері бойынша білемін деуге болады. Бұл маған болашақта қажет болады.

Ұжымымыз  ұйымшыл, әрбірі өз жұмысын жақсы біледі. Аға буын әріптестерім әрқашан қолдау танытып, ақыл-кеңесімен бөлісіп отырады. Мен өзімнің мамандығыммен мақтанамын. Мемлекеттік қызметкер болу маған ұнайды,  бұл мен үшін зор абырой мен жауапкершілік.

Алдағы уақыттағы менің басты мақсатым – өзімнің негізгі мамандығым, яғни, халықаралық қатынастар саласында еңбек ету. Ол үшін маған қазір мемлекеттік қызметте біраз тәжірибе жинап алу қажет. Өз мақсатыма  болашақта міндетті түрде жетемін деген ойдамын, – дейді Архат Әубәкіров.

Нұрай Мұқашева, Үлкен Нарын ауылы.

Осы айдарда

Back to top button