
Ұлан ауданының Герасимовка ауылындағы ескі мектеп ғимараты қайта жөнделіп, алдағы уақытта балабақшаға айналмақ. Бұл туралы Төлеген Тоқтаров ауылдық округі әкімі аппаратының маманы Жадыра Қадырбаева тікелей эфир барысында хабарлады.
Округ әкімі аппараты өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта Герасимовка ауылындағы ескі мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.
– Бұған дейін Герасимовка ауылындағы ескі мектеп ғимаратында жөндеу және құрылыс жұмыстары басталған болатын. Қазіргі уақытта жұмыстар қызу жүргізілуде. Барлық жұмыстарды алдағы қазан айында аяқтау көзделген. Алдағы уақытта аталмыш ғимаратта балабақша ашылмақ, – деді Жадыра Қадырбаева.
Сондай-ақ, «Қайырымды істер марафоны» аясында Герасимовка ауылдық орта мектебінің ұжымы Марқакөл табиғи қорығы өкілдерімен бірлесе отырып ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Марш парк» акциясын ұйымдастырып, шырша көшеттерін отырғызды. Бұдан бөлек, ауылдағы тұрмысы төмен бір отбасыға материалдық көмек көрсетілді.