Қоғам

Герасимовканың көшелері жөнделеді

Ержан Әбіш

Герасимовка ауылының халқы көшелерді жөндеуді, ал Украинка жұрты ауылға шамдар орнатуды сұрап отыр. Бұл мәселелер аймақ басшысы Даниал Ахметовтің Ұлан ауданы Төлеген Тоқтаров ауылдық округі тұрғындарымен кездесуінде айтылды. Жиында сондай-ақ ел Президентінің Жолдауы талқыланды.

– Жолдауда айтылған міндеттерге сәйкес ауылдардағы тұрмыс деңгейі қаладан кем болмауы үшін агросекторға жіті көңіл бөлінеді, сонымен қатар бюджет саясатындағы өзгерістерге сай салықтың бір бөлігі ауылдарда қалып, алғашқы кезектегі мәселелерді шешуге жұмсалатын болады, – деп атап көрсетті облыс әкімі.

Герасимовка тұрғындары ауылдың ішкі жолдарын жөндеуді, ал Украинка жұрты көше шамдарын орнатып, көпірді қалпына келтіруді өтінді. Бұл мақсаттарға бюджет қаржысы көзделіпті, жобалық-сметалық құжаттама да дайын екен.

Облыс әкімі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасы аясында жұмыс істейтін Герасимовкадағы балабақшаға барды. Ауыл кәсіпкері құрған бұл мекемеде бөбектерге арналған топ та бар. Сондай-ақ ол «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша жергілікті тұрғын ашқан тіс емханасында болды, мұнда барлық қажет жабдықтар, дәріхана бар, ең бастысы, бағалары көңілге қонымды, ауылдықтардың қалтасы көтере алатындай. Аймақ басшысы жас мамандар қызмет ететін ФАП-тың жұмысымен де танысып, оның ыңғайлы жерде орналасқанын атап өтті.

– Естеріңізде болсын, облыстың әр елді мекеніне әкімдік пен облыстық басқармалардың мамандары бекітілген. Олар барлық проблемаларды түртіп алады, содан кейін біз оларды жүйелеп, талдаймыз және қандай мәселелерді алғашқы кезекте шешу керектігін анықтаймыз, – деп атап өтті Даниал Ахметов.

Осы айдарда

Back to top button