ҚоғамТОП

Геологиялық барлаудың түйткілді тұсы көп

Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстарына лайықты деңгейде көңіл бөлінбей келеді. Осының салдарынан, келешекте еліміздің металлургиясы сырттан әкелінетін шикізатқа тәуелді болып қалуы мүмкін. Сол себепті, геологиялық барлау мәселесіне үкімет тарапынан жаңаша көзқарас қажет. Мұны Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы да айтқан болатын.

 

Қаржыландыруды еселеп арттыру қажет

 

Күні кеше Өскеменде осы мәселелерге арналған үлкен жиын – Парламент Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің көшпелі отырысы өткен-ді.

Бірқатар министрліктің, өңірдегі металлургиялық кәсіпорындар мен басқа да мүдделі органдардың өкілдері қатысқан жиында еліміздегі геологиялық барлауды дамыту мәселелері талқыланды.

Көшпелі отырысты ашқан комитет төрағасы Сүйіндік Алдашев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында геологиялық барлауды қарқынды дамыту қажеттігін атап өткенін еске салды. Комитет бұл тақырыпта дөңгелек үстел өткізуді де жоспарлаған, сондықтан Шығыстағы көшпелі отырысты сол іс-шараға дайындықтың бастамасы деп қарастырған дұрыс.

– Бүгінгі отырыста геологиялық барлаудың жүйелі мәселелері орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе қаралып, жан-жақты талқыланды. Жасыратыны жоқ, елімізде бұл бағыттағы жұмыстар ілгері баспай тұр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке бірқатар міндет жүктеген еді. Оның ішіндегі ең негізгісі 2026 жылға қарай барлау жұмыстары жүргізілетін жерлердің аумағын 1,5 миллионнан 2,2 миллион шаршы шақырымға дейін ұлғайту болатын. Бұл міндетті қалай орындаймыз? Оған қанша қаражат қажет? Осыны білу мақсатында бүгін еліміздің Шығысында комитетіміздің көшпелі отырысын ұйымдастырдық. Жалпы алғанда, жиын нәтижелі өтті деп айта аламын. Біраз мәселенің басы ашылды. Ол – ең алдымен, барлау жұмыстарының жөнді жүргізілмеуі. Бұл – жалғыз Шығыс Қазақстанға емес, бүкіл республикаға тән проблема. Сондай-ақ сала кадрларының тапшылығы, технологиялардың ескіруі сияқты мәселелер де өзектілігін жоғалтпай тұр. Енді жиында айтылған осы және басқа да мәселелерді орталыққа жеткізіп, комитеттің одан арғы заңнамалық жұмысында ескеретін боламыз, – деді Сүйіндік Алдашев.

Айта кетейік, көшпелі отырыста геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров, энергетика министрінің орынбасары Асхат Хасенов, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапанов, сондай-ақ сарапшылар мен бизнес өкілдері елімізде геологиялық барлауды дамыту туралы баяндама жасап, пікір алмасты.

Жиынға қатысқан мамандар бірауыздан геологиялық барлау жұмыстарына қаржы бөлуде ілгерілеу байқалмайтынын мойындады. Олардың сөзінше, әзірге Ұлттық жобалардың нақты әсері сезілмей тұр. Өндірістің қазіргі деңгейі сақталған жағдайда, тиісінше кен көлемінің орны толтырылып тұрмаса, қазылып жатқан көптеген кен орнының қоры таяу болашақта таусылады, дейді мамандар. Ал жаңа кеніштер туралы ешқандай ақпарат жоқ. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында соңғы ширек ғасырға таяу уақытта ескі кен орындарына балама болатындай, соларды алмастыра алатындай бірде-бір ірі кен орны ашылмаған. Бұл – басқа облыстарға да қатысты жағдай.

– Қазақстанда геологиялық барлау саласы тоқырап тұр деуге де болады. Мәселенің мәнісі өте қарапайым. Салаға қажетті мөлшерде қаржы бөлінбейді. Республикамызда әр шаршы шақырымға шаққанда геологиялық барлауға бөлінетін мемлекеттік инвестиция көлемі ешқандай сын көтермейді – небәрі сегіз АҚШ доллары. Алыс шетелдерді айтпай-ақ қояйық, көрші Ресейде бұл көрсеткіш 28, ал Өзбекстанда 97 доллар шамасында. Айтарлықтай айырмашылық бар екенін көріп тұрсыздар, – дейді Паламент Сенатының депутаты Шәкәрім Бұқтұғұтов.

Оның айтуынша, былтыр елімізден шығарылған пайдалы қазбалар мөлшері салаға құйылған инвестициядан алты есе көп болыпты. Ондай ешқашан болмаған, жылдар бойы оң баланс сақталып келген. Мұндай жағдай тағы бірнеше рет қайталанатын болса, опық жеп қалымыз мүмкін, дейді сенатор.

Жалпы, облыс әкімдігінде өткен жиынға қатысушылардың көбінің сөзі салаға тездетіп қаражат бөліп, барлау жұмыстарын кешіктірмей бастап кету керек дегенге сайды.

– Геологиялық барлау өте күрделі әрі көп уақытты талап ететін шаруа. Негізі, бұл бағыттағы жұмысты әлдеқайда бұрын бастауымыз керек еді. Дегенмен, әлі де кеш емес деп ойлаймын. Тек Президент тапсырған міндет орындалса болғаны, – дейді Ш.Бұқтұғұтов.

 

Инвестицияға қолайлы жағдай жасалады

 

Айта кетейік, Шығысқа жұмыс сапары барысында Парламент Сенатының депутаттары облыс әкімі Ермек Көшербаевпен де кездескен еді. Және бұл кездесуге де геологиялық барлау мәселелері арқау болды.

– Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданып жатқан реформаларға айрықша мән берілуде. Соның бірі осы жер қойнауын пайдалану мен геологиялық барлауды дамытуға қатысты. Ал ол үшін ең алдымен өңірлермен жұмысты ширату қажет. Осы жылдың екінші тоқсанында Астанада геологиялық барлау мәселелеріне арналған үлкен жиын өтеді. Сол жиынның алдында біз көшпелі отырыс өткізуді жөн деп таптық. Мұндай келелі басқосуды өткізетін орын ретінде Шығыс Қазақстан облысын таңдадық. Өйткені, сіздерде бұл тұрғыда тәжірибе мол, – деді комитет төрағасы Сүйіндік Алдашев.

Ал облыс әкімі Ермек Көшербаевтың айтуынша, бүгін Шығыс Қазақстанда дәл осы салада жұмыс істеп жатқан үлкенді-кішілі кәсіпорын өте көп.

– Дәл қазір облысымызда 380 жер қойнауын пайдаланушы бар. Олардың барлығы нәтижелі жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Осы салада жылдар бойы қызмет көрсетсе де экономикалық тұрғыдан тиімсіз саналатын, өз міндеттерін ойдағыдай орындай алмай жатқан кәсіпорындар бар. Ал бұл өз кезегінде қарапайым халықтың тарапынан түсетін арыз-шағымды көбейтеді. Енді осындай жер қойнауын пайдаланушылардың мәселесін біржақты етуіміз керек. Жалпы, бұл бағытқа жүйелілік жетіспейді, – деген аймақ басшысы бұл саладағы қордаланған мәселелер облысқа инвестор тартуға да кедергі келтіріп отырғанын айтты.

Сондай-ақ өңір басшысы әлеуетті инвесторларды тарту үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті.

– Қазір олар бұл салаға инвестиция салғысы келмейді, өйткені геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге қатысудың шығыны көп деп есептейді. Біз өңірге жергілікті және шетелдік инвесторларды тартатын неғұрлым жайлы орта, қолайлы инвестициялық ахуал құру бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз, – деп атап өтті Ермек Көшербаев.

 

Өз саласының флагмандары

 

Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Парламент Сенатының депутаттары өңірдегі бірқатар өндіріс орнында болып, жұмысымен танысты.

Сондай нысанның бірі – Үлбі металлургия зауытының аумағында жүзеге асырылған және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның ең ірі инвестициялық жобаларының бірі саналатын «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС. Бүгінде атом станцияларына арналған отын өндіретін мұндай кәсіпорын еліміздің ешбір өңірінде жоқ. Жылына төмен байытылған уранға қайта есептегенде 200 тонна жылу бөлетін құрамаларды (ЖБҚ) өндіруге әлеуетті зауыттың іске қосылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Соған қарамастан, қазірде өндіріс орнының өнімі зор сұранысқа ие.

– Жылына шамамен 440 ЖБҚ өндіруге шамамыз жетеді. Зауытымыз жаңадан салынған. Сондықтан өндірісте ең озық шетелдік технологияларды қолданамыз. Қазір кәсіпорында 200-ден астам адам жұмыс істейді. Ал тұтынушыларымыз туралы айтар болсақ, біздің өнім ҚХР-ға экспортталады, – дейді «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС-ның бас директоры Арман Сүлейменов.

Белгілі болғандай, соңғы екі жылда ҚХР-ға ЖБҚ-ның бес партиясы жеткізілген. Бұл – төмен байытылған уранға қайта есептегенде шамамен 150 тонна өнім. Қазір өнімнің алтыншы және жетінші партиялары да жөнелтілуге дайын тұр.

Депутаттар барған тағы бір нысан Өскемен арматура зауыты болды. Өнеркәсіптік құбыр тірек арматурасын өндіру бойынша ТМД-дағы ең ірі кәсіпорын саналатын зауыттың 50 жылдық тарихы бар.

Зауыт басшылығының айтуынша, соңғы жылдары 700 кгс/шаршы см-ға дейінгі қысымдарда жұмыс істейтін, шартты өтпе диаметрі 400 мм-ға жететін кең номенклатуралы құбыр арматурасын өндіру игерілген.

– Өскемен арматура зауыты сияқты бірегей өндіріс орындарына қашан да қолдау көрсетілуі қажет. Өйткені, бұл – өз саласындағы флагман кәсіпорын. Бүгінде зауытта диаметрі 1 000-1 200 миллиметрге дейін жететін құбырлар өндіріледі. Басшылықтың айтуынша, өнімге деген сұраныс жоғары. Алдағы үш жылға жететін тапсырысы да бар екен. Шикізат жағынан да тапшылық жоқ. Тек маман жетіспеушілігі сезіледі. Бұл – арматура зауытына ғана емес, металлургия саласындағы барлық кәсіпорынға ортақ проблема. Сол себепті, аталмыш мәселе Үкімет деңгейінде қаралуы керек деп есептейміз, – деді зауыт жұмысымен танысқан Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Сүйіндік Алдашев.

Осы айдарда

Back to top button