Қоғам

Геологиялық барлауға қомақты қаржы бөлінді

Геологиялық барлауға қомақты қаржы бөлінді


Биыл Семейдегі «СемАз» ЖШС жүк көтерімділігі 40 тонналық SNACMAN жүк көлігін шығара бастамақ, аталған кәсіпорында сондай-ақ, жыл соңына дейін Газель Бизнес, Газель Next автокөліктерін жинақтау желісі іске қосылмақ.

2017 жылы Өскемен арматура, Азия-Авто зауыттары, КЭМОНТ кәсіпорыны да зерттеу құрал-жабдықтарын жаңалап, өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа өнім түрлерін игеруді жоспарлап отыр. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Мүсәпірбеков, басқарма басшысының орынбасары Жарқын Мұсағалиев және Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ проректоры Олег Гавриленконың қатысуымен өткен брифингте мәлім болғандай, биыл индустриялық-нновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша облыста 1,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туғызатын 12 жоба іске асырылатын болады. Бұл өндірістер облыс экономикасын ілгері бастыра отырып, салық түсімінің артуына, өнеркәсіпте жаңа табысқа жетуге жол ашпақ.

Аймақтың өнеркәсіптік кәсіпорындары 2016 жылды да жақсы көрсеткіштермен аяқтады. Былтыр бұрнағы жылмен салыстырғанда өнеркәсіптік өнім 41 пайызға көбейіп, өсу көлемі жағынан облыс елімізде бірінші орынға шыққан. Өнеркәсіптік өндірістің өсуіне металлургиялық кәсіпорындардың қосқан үлесі көп. Осы саладағы өнім 1,8 есеге артқан. Тау-кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді даярлаудағы өндіріс көлемі 20 пайызға ұлғайған. Өндірісі төмендеп кеткен тау-кен саласы қайтадан қарқын алып отырғанымен, жер бетіне жақын жатқан шикізат таусылып, тым тереңде жатқан қазба байлықтарына жету, аршып, өңдеу геологтарға да, кәсіпорындарға да оңайға соқпай тұр.

-Металлургия өндірісіне бағытталған өңіріміз үшін –кәсіпорындардың шикізат базасын қамтамасыз ету өзекті мәселе болып қалып отыр, -деді кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Мүсәпірбеков баспасөз мәслихатында. – «Қазцинк» ЖШС, «Востокцветмет» ЖШС сияқты жұмыс істеп жатқан ірі жер қойнауын пайдаланушылар ортайып, бітіп бара жатқан кен қорларының орнын толтыру үшін қазіргі күні геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Барлау жұмыстарында аэрогеофизикалық зерттеулер, ғаламшарлық түсірулер, жылжымалы формалар әдісі, басқа да заманауи технологиялар пайдаланылуда. Барлау жұмыстары алтын, никель, жез кен орындарын
анықтап, зерттеу бағыттарында да жүргізіліп жатыр.

Жыл сайын мемлекеттен бөлініп отырған қаржының артып отыруы геологиялық барлау жұмыстарын біршама жандандырды. Облыстағы өңірлік геологиялық түсіру, іздеу-бағалау және іздеу-барлау жұмыстарына республикалық бюджеттен биыл 1 млрд. 600 млн-нан астам қаражат бөлінген, былтырғыдан 22 пайыз артық.

Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ проректоры Олег Гавриленко бұрынғыдай аршып ала салатын жер бетіне жақын қабатта емес, тым тереңде жатқан Кенді Алтайдың кенін тиімді жолмен игеріп, құрамында полиметалл концентраттары аз кездесетін шикізаттарды өңдеп, пайдалануға байланысты университетте бірнеше ғылыми-өндірістік жобалар жасалып жатқанын жеткізді. Университетте «Қазмырыш», «ҮМЗ», «ТМК», «Востокцветмет» кәсіпорындарының өнеркәсіптік өндіріс қажеттіліктері үшін техникалық ЖОО-ның ғылыми әлеуетін пайдалануға орай шетелдік серіктестермен бірге 10 серпінді жоба жасалынып, жүзеге асырылып жатыр. Төрт негізгі ғылыми-технологиялық бағдарлама аясында жүргізілетін жобалар бойынша облыстағы осы ірі металлургиялық кәсіпорындар негізінде медицина саласына қажетті магнитті-томографты резонанстар шығаруға, сүйек импланттарын жасауға, мұнай-газ саласына қажетті жаңа өндірістер ашылмақ. Кеннен шикізат алудың заманауи, тиімді технологияларымен жұмыс істейтін өндірістер құрылады. Зауыттардың өз қаражатымен қоса республикалық бюджеттен те қаржы бөлініп, мемлекеттен қолдау көрсетіліп отырған 10 серпінді жоба бойынша алдағы уақытта кәсіпорындарда жаңа өндірістердің өнеркәсіптік-тәжірибелік алаңын құру жұмыстары қолға алынбақ.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button