Қоғам

Геологиялық барлау жұмыстарына 30 миллиард теңге тартылады

Геологиялық барлау жұмыстарына 30 миллиард теңге тартыладыВице-премьердің іссапары

Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ пен Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет ИСЕКЕШЕВ өңірдің үдемелі индустриялық-инновациялық даму қортындыларын және индустрияландырудың екінші бесжылдығының басымдықтарын саралаған жиын өткізді.
Селекторлық режимде өткен жиында облыс басшысы Елбасы Жолдауына орай орталықтан келген ақпараттық-насихаттық топ өкілдерінің осыған дейін Семей, Риддер, Өскемен қалаларында, Зырян, Аягөз, Глубокое және Шемонайха аудандарында болғанын, Әсет Исекешев басқаратын министрліктің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырып жатқанына бес жылға жуықтағанын, жуырда Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында екінші бесжылдықтың индустриялық-инновациялық бағдарламасын жасау туралы тапсырма бергенін атап өтті.
– Біздің міндетіміз – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Жолдауда және Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларын талқылап, уақтылы орындау үшін қажетті іс-шаралар қолдану. Соның ішінде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының облыста іске асырылу барысымен, осы жылғы жоспарымен танысу, – деп бастады сөзін Үкімет басшысының орынбасары.
Вице-премьердің айтуынша, Мемлекет басшысы негізгі кілті адам капиталын күшейтуге бағытталған ғылыми экономика құруға ерекше назар аударып отыр. Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуі оңай шаруа емес. Оның үстіне, аталған міндеттің жүзеге асуын ғаламдық бәсекелестік те ауырлатып келеді. Президент Жолдауы ұзақмерзімді басымдық болып келген инновациялық индустрияландыруды қайта қарауға міндеттеп отыр. Бұл – бір жағынан, мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның табиғи жалғасы іспетті, екіншіден, маңызды екпін беру. Аталған бағдарлама биыл түйінделеді. Келер жылы индустриялық дамудың екінші бесжылдығы басталады.
– Әрине, екінші бесжылдыққа кіріспес бұрын, алғашқы бесжылдықты сәтті аяқтау қажет, барлық көрсеткіштерге қол жеткізу керек. Осы уақытта аз жұмыс жасалған жоқ. Басым салалар анықталып, мемлекеттік қолдау тетіктері қалыптасты. Шығыс Қазақстан – еліміздің ең ірі өнеркәсіп орталықтарының бірі. Соңғы кезде өңірде машина жасау саласы, тамақ өнеркәсібі жедел дамып келеді. Сонымен бірге, облыстың дамуына жаңа серпін беретін өзге де секторларды сараптау қажет, – деді Үкімет жетекшісінің орынбасары.
Әсет Исекешев Шығыс Қазақстанның мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын белсенді жүзеге асырған өңірлердің бірі екенін атап өтті. Өткен жылы өнеркәсіптегі өндіріс көлемі триллион теңгеге жетті. Оның 80 пайызы – өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Өңдеу өнеркәсібінің дамуына индустриялық бағдарламалар жаңа тыныс беріп отыр.
2009 жылдан бастап әлемдік қаржы дағдарысы орын алғанын, Испанияда жастардың 50 пайызы жұмыссыз қалғанын, білікті мамандардың аспазшы, такси жүргізушісі болуға тура келгенін жеткізген вице-премьер елімізде индустрияландыру бағдарламасы, кәсіпкерлікті қолдау шеңберінде жүздеген мың жұмыс орындары құрылғанын атап өтті.
Премьер-Министрдің орынбасары Индустрияландыру картасы жобаларының толық қуатында жұмыс істеуі, сондай-ақ, жоба сапасының жоғары болуы өте маңызды мәселе екенін айтты. Бұл ретте облыс әкімдігінің белсенді жұмысы байқалатынын, мәселен, жуырда өңірге «Бәйтерек» холдингі және тағы басқа ұлттық компания жетекшілері, қаржы институттары басшылары шақырылып, облыс экономикасының дамуына жұмылдырыла бастағаны қуантатынын жеткізді.
Сондай-ақ, машина жасау саласында ілгерілеу барлығын, өндіріс көлемі 850 млрд. теңгеден асқанын атап өтті. Мәселен, жеңіл автокөлік өндірісі 2 есеге артып, өнім саны 38 мыңға жуықтады, автобус өндірісі төрт жарым есе көбейіп, 205 данадан 922 данаға дейін жетті.
Үкімет жетекшісінің орынбасары облысқа жұмыс сапары барысында аралаған нысандарда инвесторларды тарту жұмысы көңілден шыққанын, шетелден инвестиция тарту жұмыстарын жандандыру керектігін, сондай-ақ, аталған ірі кәсіпорындар бәсекелестікке қабілетті болғандықтан өз өнімдерін Ресей нарығына, әсіресе Сібір өлкесіне шығаруы тиістігін атап өтті.
Индустриялық-инновациялық жобаның сапасын арттыруда Елбасының қатаң сын айтып, бірқатар тапсырмалар жүктегені белгілі. Осыған орай Индустрияландыру картасы жобаларының технологиялық күрделілік деңгейіне сараптама жүргізілді.
Екінші бесжылдықта индустрияландырудың басымдықтары кластерлік негізде саланың дамуына бағытталмақ. Оның үш түрі қарастырылып отыр: ұлттық, өңірлік және инновациялық кластер. Бұл ретте металлургия, машина жасау, мұнайгаз өңдеу, химия, құрылыс материалдары, тамақ өнеркәсібі сынды салаларға басымдық беріледі.
Облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев өңірдегі ҮИИД бағдарламасының жүзеге асуы бойынша мағлұмат берді.
Индустрияландыру картасы шеңберінде 4 жылда жалпы сомасы 190,7 млрд. теңгеге 37 жоба іске қосылды. 3,7 мың жұмыс орны құрылды. Биыл тағы 14 жобаны жүзеге асырып, 1,5 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Өскемен мен Семей қалаларында индустриялық аймақ құрылған. Қазіргі кезде онда жаңа өндіріс орындарын тарту жұмысы жүргізілуде. Инвестициялық белсенділікті көтеру және жұмысты тиімді үйлестіруге арналған инвесторларға қызмет көрсету орталығы құрылған. Аймақтың инвестициялық қоржынына жалпы сомасы 54,6 млрд. теңгеге 50-ден астам жоба енді.
Елімізде инновациялық өнім өндіруде Шығыс Қазақстан өңірі көш бастаушылардың бірі. 2012 жылы облыс республикада инновациялық өнім өндірісінің көлемі жағынан бірінші орынға шыққан болатын. Ел ішіндегі инновациялық өнімнің төрттен бір бөлігі Шығыс өңірінде өндіріледі.
Қойылған сауалдарға жауап берген вице-премьер Шығыс Қазақстанның еліміздегі ұлттық туристік бес аймақтың біріне енетінін, 2020 жылға дейінгі турзимді дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын, әуе және көлік қатынасы, инфрақұрылым, мамандар дайындау және қаржыландыру мәселелері өзекті болып отырғанын, биыл шығысқазақстандық туристік компаниялар мен кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндіктер туатынын жеткізді.
Жиынның қорытындысында екі құжатқа қол қойылды. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі туризм саласындағы әріптестікті дамыту туралы, сондай-ақ, аталған министрлік пен «Қазцинк» ЖШС геология саласындағы әріптестікті дамыту жөніндегі меморандумдар қабылдады.
Бұл құжаттар «Үлкен Алтай – Орталық Азиядағы бірегей кенді аймақ» жобасын жүзеге асыру шеңберінде Шығыс Қазақстан аумағындағы минералды-шикізаттық базаны ұлғайту және геологиялық барлау бағдарламасының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Меморандумға сәйкес, «Қазцинк» кәсіпорны 2014-2018 жылдар аралығында бес жыл бойы 15 млрд. теңгеден кем емес қаржыға Қазақстан аумағында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді қаржыландыру міндетін алды. «Қазцинк» және «Рио Тинто» кәсіпорындарымен келісімге сәйкес, алдағы жылдары геологиялық барлау жұмыстарына 30 млрд. теңгеге жуық қаражат құю жоспарланып отыр.
– Біздің аймақ үшін геологиялық барлау мен туризм өте маңызды салалар. Егер жыл сайын «Қазцинк» геологияға 3 млрд. теңге көлемінде қаржы бөліп тұрса, бұл аз қаражат емес. Өңірімізде басқа да компаниялар бар. Егер бұл салаға бөлінген қаражат 50-60 млрд. теңгеге жетсе, облыстың дамуына үлкен көмек болатыны сөзсіз. Екінші, туризм. Туризмге ең басты керек дүние – инфрақұрылым. Бұл үшін жобалау-сметалық құжаттар жасалуы керек. Министрлік бұл орайда 10 млн. теңге бөліп отыр. Бұл – үлкен қолдау. Біз бүгін меморандумға қол қойдық. Бірақ бұл құжатқа дейін де министрлікпен тығыз байланыста болатынбыз. Ал меморандум облысымыз бен министрліктің қарым-қатынасының нығаюына жаңа серпін береді деп ойлаймын. Бұл Шығыстың әлеуетінің кеңейе түсуіне жол ашады, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Үкімет жетекшісінің орынбасары жұмыс сапарының соңында Шығыс Қазақстанның туристік мүмкіндіктері көрсетілген көрме жұмысымен танысты.

Думан Анаш

Осы айдарда

Back to top button