Денсаулық сақтау

Генетикалық түрлендіргіштер жұғымды ас бола ма?

Генетикалық түрлендірілген дүниелер – гендік инженерия әдісін пайдалана отырып шикі және өсімдік өнімі мен жануарлардан алынған генетикалық түрлендірілген көздер мен организмдер. Генетикалық түрлендірілген өнімдер айтты-айтпады ХХ ғасырдағы биологияның керемет жетістіктерінің бірі болды. Мұндай өнімдерді пайдалану кейде аштықпен күрес тәсілінің бірі деп те саналады.

Генетикалық түрлендіргіштер жұғымды ас бола ма?Генетикалық түрлендірілген өнімдер өсімдіктің гендік құрылымын өзгертеді, сөйтіп, олар адамға пайдалы жаңа функцияларға ие болады.

Дүниежүзінде ГТ дақылының ең көп таралғаны – қытайбұршағы (соя), жүгері, рапс және шиіт. Сондықтан өнімді сатып аларда мынадай қоспаларға: оның құрамындағы жүгері майы мен шәрбәтіне, жүгері крахмалына, қытайбұршағы ақуызы мен майына, лецитинге, қытайбұршағы соусына, шиіт және рапс майына аса назар аудару қажет. Ауыл шаруашылық дақылдары арасында генетикалық түрлендіргіштер молынан кездесетіні: қызанақ, картоп, қант қызылшасы, құлпынай, асқабақ, папайя, цикорий, бидай. Сондай-ақ, ГТ дақылдары майонезде, томат пастасында, жылдам әзірленетін кеспелерде, кондитерлік өндірістің жартылай фабрикаттарында, чипсылар мен соустарда, шоколадта және шұжық өнімдерінде пайдаланылуы мүмкін.

Биресми есептеулер бойынша АҚШ-та жалпы өнімнің үштен екісіне жуығында ГТ дақылдары кездеседі екен. Жалпы, бүгінде генді инженерия дүниежүзін жаулап келеді. Азық-түлік саясатын халықаралық зерттеу институтының жүргізген зерттеулеріне қарағанда, дүниежүзінің көптеген аймақтарында, соның ішінде Батыс Еуропада дағдылы өнімдерді сатып алу көп есе азайған, керісінше, генетикалық түрде өзгертілген өнімдерді пайдалану ұдайы өсіп отыр. Ондай мысалға Жапония мен Оңтүстік Кореяны да жатқызуға болады.

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) ұсынысы бойынша өнімдерді сатып алу барысында оның қауіпсіз екендігін анықтау үшін олар улы ма, яғни, денсаулыққа тікелей зиянын тигізе ме, аллергиялық реакция тудыруы мүмкін бе және олар басқа заттармен өзара әрекеттескенде зиян келтіретін спецификалық компоненттері бар ма, оларға қосылған гендер тұрақтылығы қандай дәрежеде деген сынды факторларды тексеріп-біліп алу қажет.

Дегенмен, қазір мұндай өнімдер адам денсаулығына қауіпсіз бе, жоқ па деген мәселелер жауапсыз қалып отыр. ДДСҰ сарапшылары жаңа өсімдікті дүниеге әкелу үшін нақтылы жағдайда түрлі әдістер мен гендерді пайдаланады. Мәселен, генетикалық модифицирленген жүгері зиянды жәндіктер мен гербицидтерге қарсы тұра алады және қазіргі кезде ондай өнімдер адам ағзасына зиянды екені дәлелденбеген.

Қазақстанда биоқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Заңда нақты көрсетілген. Осы Заң талаптарына сәйкес, өнімдерге сараптама жүргізу, тіркеу мен қайта тіркеу туралы шешім қабылдау мемсанэпидқадағалау комитеті жанында құрылатын сараптама комиссиясына жүктеледі.

Генетикалық түрлендірілген өнімді пайдалануды тұтынушының өзі шешуі және ол өнімдегі ақпаратта өнімде қанша генетикалық түрлендіргіш бар екені туралы нақты жазылуы керек. Біздің елде биотехнология саласында зерттеу жүргізіледі, тіпті, генетикалық және клеткалы инженерия саласында зерттеу жүргізетін ұлттық орталық та бар. Ондай зерттеулердің бір парасын бірқатар ғылыми-зерттеу институттары шетелдік зерттеу орталықтарымен бірлесе жүзеге асырады.

Біздің облыстағы санэпидсараптама орталығы базасында тамақ өнімдері құрамындағы генетикалық түрлендіргіш заттарды зерттеу үшін арнайы жабдық алынған. «ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының» бірнеше маманы 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында Италияда генетикалық түрлендіргіш қоспаларын зерттеу әдісін меңгертетін арнайы оқу курстарынан өткен.

Ал облысымыз бойынша 2011 жылы және үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында тамақ өнімдерінің 41 сынамасы жасалып, олардың құрамында генетикалық түрлендіргіштер құрамы жоқ екендігі анықталған.

Валерий Якупов,
облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау
департаменті директорының орынбасары

Осы айдарда

Back to top button