Қоғам

Гематология орталығы әлемдік стандартқа сай

Өскемендегі гематология орталығы әлемдік стандартқа сай болмақ. Қазір елімізде гематология саласы жоқ. Науқастар шетелде қымбат ем алып, ота жасатуға мәжбүр.

Бір науқасты емдеуге 30-60 мың доллар қаржы кетеді. Бұл күрделі процедуралар, бірақ олар Өскеменде салынып жатқан гематология орталығында қолжетімді болады.

– Орталық молекулярлық-биологиялық, генетикалық зертханамен және дің жасушаларын культивациялау зертханасымен жарақталады, бұл диагностикадан оңалтуға дейінгі қызметтердің бәрін көрсетуге мүмкіндік береді, – дейді аймақ басшысы Даниал Ахметов.

Сондай-ақ Стэнфорд университеті мамандарының гематология орталығымен ынтымақтастығы және операциялық басқаруы сала мамандарының білімін үнемі жетілдіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар былтыр көпсалалы онкология және хирургия орталығы базасында «Медициналық ақпаратты сақтау және өңдеу орталығы» – РАСЅ орталықтандырылған жүйесі ашылған. Бұл жүйе жүргізу орнына қарамастан, мамандардың пациентті диагностикалық тексеру нәтижелеріне қол жеткізуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ облыстың кез келген нүктесінде мамандар консультациясын және науқас бойынша ақпарат алмасуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Бұл жүйе өз нәтижесін көрсетіп үлгерді, бүгінде аудандардағы диагностика деңгейі қалалардың медициналық орталықтары көрсететін қызметтердің сапасынан кем түспейді.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button