Руханият

«Әңгүдіктен» әркім өзін көргендей болды

 «Әңгүдіктен» әркім өзін көргендей болды

Жуықта мәдениет үйінде Ақжар халық театрының жаңа маусымы ашылып, жұртшылық назарына жерлесіміз, драматург Өмірбек Боранбаевтың «Әңгүдік» комедиясы ұсынылды.
Қойылымға өзек болған мәселе – кәдімгі аяқ басса алаңғасарлықпен бірдеңеге ұрына беретін ауыл қазағының отбасылық түйткілдері. Бірдеңені сылтау етіп «жүз грамдата қою», қайда барса құтылмайтын алқымнан алған «кредит», біреудің үйінде не болып жатса, соны бүкіл ауыл болып еститін, ауыл болып талқыға салатын кәдімгі қарапайым өмір сахна тілінде өте әсерлі шықты. Тіпті комедиялық сарындағы әлеуметтік қойылымнан әркім өзін көрді десек те болар. Ащы күлкіге құрылған ой саларлық астарлы комедиядан көрермен көп ой түйді.
Атының өзі күлкі шақыратын «Әңгүдік» комедиясында қулық – сұмдығы жоқ, алаңғасар, алаңғасар болғанда да, жүрген жері шуға толы, қолы тиіп кетсе, қиып кететін, үйіндегі бас билікті орыс бәйбішесіне беріп қойған басты кейіпкер Шәукеннің рөлін көрерменді күлдіріп тұрып, көзіне жас алдыратын талант, өзіне ғана жарасатын образдары бар А.Аусарбаев мүлтіксіз сомдады. Шәукеннің айналасындағы кейіпкерлерді сомдаған әртістердің рөліне де (Гриша – А.Садуақасов, Зина – Ж.Ашмуханова, Қайрақбай – Б.Әрінбеков, Айсұлу – Г.Төлеубаева, Қорған – А.Хасенов, медбике – Ү Баянбаева, Руслан – Қ.Кіпішев, Анна- Э. Игышевалар) көрермендер қауым тәнті болды.
Спектакльдің режиссері – өз ісін жетік меңгерген, білікті маман Мейрамбек Каменжанов. Режиссердің көрерменді қызықтыратын осындай жеңіл туындыға назар аударған тапқырлығы мен шығармашылық топқа үлкен шабыт, қуат беріп, әртістердің талантын аша білгендігін ерекше атап өтуге болады. Ал спектакльді музыкамен көркемдеген Т.Ажахметов, сондай-ақ, суретші, гримдеуші Р.Абдуллиннің шығармашылық еңбегі де бағалануға лайық.
Ерекше көңіл күй сыйлаған қойылым көрермендерден оң бағасын алып, зор ілтипатқа ие болды. Көрерменін көп жинаған сәтті қойылымға қатысқан Ақжар халық театрының әртістері аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің атынан алғысхаттармен марапатталды. Екі бөлімнен тұратын комедияны тамашалаған жұртшылық қойылым соңында әртістерге ризашылықтарын білдірді.

Шәкен Көпшікбаева
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button