Қоғам

Газет-журналды уақытында аласыз ба?

Газет-журналды уақытында аласыз ба?


Қазір келер жылға мерзімді басылымдарға жазылу науқаны қызу жүріп жатыр. Әр оқырман өзінің жаздырып алған газеті мен журналының жаңа санын асыға күтетіні рас. Алайда сол асыға күткен басылымы оқырманның қолына уақтылы тиіп жүр ме? Бұл мәселе тұрақты оқырманы қалыптасқан облыстық «Дидар» газетіне де қатысты.

Біздің осы мәселеге қатысты қалам тартуымызға соңғы кездері әр өңірден редакциямызға қоңырау шалып хабарласқан тұрғындардың өтініштері себеп болды.

Өткен жылы баспасөзге жазылу науқаны кезінде алыс аудандарға шығып, оқырмандарымызбен кездескенде, Тарбағатай ауданына қарасты Жәнтікей ауылының тұрғындары, әсіресе мектеп мұғалімдері «Газеттеріңіз мазмұнды, жақсы шығады, ішінде оқу бағдарламасына пайдаланатын қызықты да мәдени, өлке тарихына қатысты тарихи мағлұматтар да өте көп. Тек газет уақытында келіп тұрса екен. Әйтпесе, мына бір мақаланың деректерін өткендегі сабаққа қолданғанда ғой, деп өкініп жатамыз», – деп өтініштерін айтқан еді.

Ал газеттің уақтылы жеткізілуі ауылдардағы пошта қызметкерлеріне көп байланысты екендігі белгілі. Осы ауданның Сәтпаев ауылында өткен кездесуде әкімшілік маманы Ш.Құлманов ауылда газетті тарататын пошта қызметкері жоқтығын мәселе етіп көтерген болатын. Пошташылардың жетіспеушілігі Жаңатілеу, Жаңалық ауылдарында, бұрынғы аудан орталығы Ақжар ауылының өзінде де бар екені кездесулерде айтылған-ды. Жер-жерден хабарласқан оқырмандарымыз ауылда газет таратушылар болмағандықтан, тіпті болған күннің өзінде газеттер мектепте, әкімшілік үйінде жатып қалатынын, уақытында қолға тимейтіндігін айтып дабыл қағуда. Мұндай мәселе облыстың шалғай елді мекендерінің көпшілігінде кездеседі. Әрине, біз олардың жанайқайын түсінуге тырысамыз, өйткені, кімде-кім болмасын ақшасын төлеп, аттай қалап жаздырып алған газеті уақытында үйіне келмеген соң, көңілі қалып, келесі жылы жазылмай да қоюы бек мүмкін. Себебі оқушы кезімізде мақаламыз шыққан газетті тосудың машақатын өзіміз де талай көрген едік.

Газеттің уақытында оқырманға жеткізілу жайын жыл сайынғы еңбек демалысында ауылға бір барғанда үйдегілер де өзімізге ескертіп айтып жатады. Әсіресе «Дидардың» ұзақ жылдар бойғы тұрақты оқырманы, әр жылдың басында жыл он екі айға толық жазылып қоятын әкеміз де «Газеттерің тиражы артып, ел қызығып оқысын десеңдер, ең алдымен жұмысты оны таратушылардан бастаңыздар», – дегенді жиі айтады.

Бұл мәселе жыл сайын алдымыздан шығатындықтан, облыс орталығынан шалғай аудандарға ғана газет-журнал кешігіп баратын шығар деген ойда болатынбыз. Ал жақында редакциямызға Өскемен қаласында тұратын өзінен оқырманымыз келді. Қаланың Прохладное деп аталатын ықшам ауданына қарасты Щербаков көшесі, 7 мекенжайында тұратын Дәулетхан Айылбаев пошташылар үнемі газетті кешіктіріп әкелетінін айтады. Оның айтуынша, былтыр да осындай жағдай болған. Ал мақала газетке әзірленіп жатқанда, іргедегі Глубокое ауданына қарасты Верх-Березовка ауылының тұрғыны, тұрақты оқырман, зейнеткер Қалым Мақұлов хабарласып, жергілікті пошта бөлімшесінен өзіне қажетті «Денсаулық әлемі» және тағы басқа газеттерді жаздырып ала алмай отырғандығын айтып, шағымданды.

Осылайша, күн сайын газет таралуына, жеткізілуіне қатысты редакцияға түскен сауалдар қарасы молайған соң, бәрін қағазға тізіп алып, «Қазпошта» АҚ облыстық филиалына арнайы барып, оқырмандардың тілегін жеткізген едік.

Бізбен тілдескен облыстық филиал директорының орынбасары Гүлнәр Мырзабаеваның айтуынша, қазіргі кезде қалалар мен аудандарға мерзімді басылымдар облыс орталығынан күн сайын жөнелтіліп жатыр.

– Өскеменнен аудан орталықтарына дейін газет жеткізу үшін арнайы көліктер күнде аттанады. Ал ауданнан ары қарай таратылуын да жіті бақылауда ұстап отырамыз. Сіз айтып отырғандай, өзекті мәселе қазір жоқ, себебі газет таратуға техника да, адамдар да жеткілікті. Тіпті өзіңіз сұраған шалғайдағы Зайсан – Шілікті бағытына да пошта көлігі аптасына бес мәрте қатынайды. Ал жекелеген шағымдар болған жағдайда, газет оқырманға уақытында жеткізілмесе, облыс аумағындағы барлық оқырмандар 8 7232 505-742 нөміріне хабарласып, мәселенің анық-қанығын біле алады. Біз әрбір шалынған қоңырау бойынша оқырман өтінішін жан-жақты қарастырып, қанағаттандыруға дайынбыз, – дейді Гүлнәр Тілеубекқызы.

Редакцияға келіп өтініш айтқан оқырманның мәселесі де дәл осы жерде шешімін тапты. Филиал қызметкерлері анықтағанындай, қазір Прохладное ықшам ауданындағы №9 бөлімшеде үш адамның орнында екі адам жұмыс істеуде, бір орын вакантты. Соған қарамастан, филиал басшылығы аталған мәселені тез арада ретке келтіруге уәде берді. Сонымен қатар, филиал директорының орынбасары Гүлнәр Мырзабаева облыстың жоғарыда аталған елді мекендеріндегі біз келтірген проблемаларды да түгел жазып алып, олқылықтарды жоюға, газетті уақытында жеткізуді бақылауға алуға тиісті мамандарға тапсырмалар жүктеді.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button