Газет тарихы
Шығыс Қазақстан облыстық «DIDAR» газетінің тарихы 1931 жылға 24 қазанда Риддерде алғаш жарық көрген қалалық «Жұмысшы» газетінен басталады.
Сол кезде атағы дүрілдеп тұрған өндіріс орталығы Риддерде алғашқы ұлттық жұмысшы табын қалыптастыруға елеулі үлес қосқан «Жұмысшы» газетінің тұңғыш редакторы Мақсұт Тайшыбаев «халық жауы» жаласымен тұтқындалып, 1938 жылғы 11-наурызда Алматыдағы НКВД түрмесінде атылып кетеді.
1939 жылы Өскемен қаласы Шығыс Қазақстан облысының орталығы болып құрылуына байланысты «Жұмысшы» газеті облыс орталығына көшіріліп, облыстық «Социалистік Алтай» деген атпен шыға бастады.
Соғыс жылдары алдымен аударма газет болып, 1943 жылдан «Алтай большевигі», 1953 жылғы 31-наурыздан ел тәуелсіздігіне дейін «Коммунизм туы» деген атпен жарық көрді. Соғыс жылдары газетте кейін 30 жыл бойы «Қазақстан әйелдері» журналында редакторлық еткен, Ленин орденді Әтина Жәкетова, қаһарман Қасым Қайсеновтың жары Асыл Қайсенова майданға аттанған журналистердің орнын басып еңбек етсе, кейін танымал ғалым, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар болған Шерияздан Елеукенов, Жұмағали Ысмағұлов, Ғаббас Қабышев, Меңғали Мусин, Мүсілім Құмарбеков, Тұрғазы Нұқаев, Серік Ғабдуллин, Тоқтарбек Қызықбаев, Жүніс Ыбыраев, Кәдірбек Сегізбаев, Уахап Қыдырханов, Оралхан Бөкеев, Кеңес Юсупов, Тоқтархан Шәріпжанов, Ұлықбек Есдәулетов, Дидахмет Әшімханов сынды азаматтар еңбек етті.
Газет 1981 жылы шығуына 50 жыл толуына байланысты Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталған.
Газет 1990 жылғы 27 қарашадан бері «DIDAR» деген жаңа атпен шығып келеді. Республикалық байқауларда жеңімпаз, жүлдегер болып жүретін «DIDAR» газеті 2006 жылы Қазақстан Журналистика академиясының «Алтын жұлдызын», 2007 жылы ҚР Президентінің Грантын жеңіп алған.