Журналистік зерттеу

Газды пайдалану тәртібін қаншалықты сақтап жүрміз?

Газды пайдалану тәртібін қаншалықты сақтап жүрміз?


Күнделікті тұрмыста кеңінен қолданылатын газды пайдаланудың ережелерін білеміз бе? Газ толтырылған баллондарды жекеменшік үйлерде сақтау дұрыс па? Жауапты мекемелер тарапынан қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстары жүргізіле ме? Көпқабатты үйлерде газ баллонын қолдануға бола ма? Газды пайдалануды бақылауды кім жүзеге асырады? Бұл зерттеуімізде осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Баллондарды көпқабатты үйлерге орнатуға болмайды

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы бастығының орынбасары Ринат Қондыбаев Қазақстан Республикасындағы Өрт қауіпсіздігі ережесінің 10-тарауында газ баллондарын сақтау тәртібі жекелеген тармақтармен нақты көрсетілгенін айтады. Сондықтан қай кезде де осында айтылғандарды басшылыққа алған жөн.

– Жанғыш газдары бар баллондарды сақтауға арналған қоймалар жеңіл ашылатын жабындылары бар, бір қабатты, шатырсыз ғимараттарда орналастырылады. Газы бар баллондар сақталатын үй-жайлардың терезелері ақ бояумен сырланады немесе күннен қорғайтын жанбайтын құрылғылармен жабдықталады. Баллондарды ашық алаңдарда сақтағанда, оларды жауын-шашын мен күн сәулесінің әсерінен қорғайтын бастырмалар жанбайтын материалдардан жасалады. Баллондарды сақтау орындарының айналасында 10 метр қашықтыққа қандай да бір жанғыш материалдарды сақтауға және отты жұмыстарды жүргізуге болмайды, – дейді Ринат Қондыбаев.

Сондай-ақ ереже бойынша баллондардың сыртқы қабаттары сол газ үшін белгіленген түспен боялады. Баллондарды домалатқанда тиек арматурасын қолмен ұстауға, жинау кезінде бір-біріне соғылуына, қақпақтар мен баллондардың жерге құлауына жол беруге болмайды.

– 40 баллоннан асатын газ сақталатын үй-жайлар жарылыс қауіпті қосылымдарға дейін жарамды газ талдағыштармен жабдықталуы қажет. Ол болмаған жағдайда нысан басшысы сынама алу және бақылау тәртібін белгілейді. Егер баллондардан газдың шығуы анықталса, бірден қоймадан қауіпсіз орынға шығару қажет. Мұнан бөлек жанғыш газдары бар баллондар сақталатын қоймаға табанында металл шеге немесе таға қағылған аяқ киім киген тұлғаларға кіруге болмайды. Тежегіштері бар газ баллондары тігінен, олардың құлап қалуын болдырмайтын арнайы ұяшықтарда, торларда немесе басқа да құрылғыларда сақталса, тежегіштері жоқ баллондар көлденеңінен рамаларда немесе стеллаждарда сақталады. Қоймаларда қандай да бір басқа заттарды, материалдар мен жабдықты сақтауға рұқсат етілмейді. Газдары бар қоймалардың үй-жайларында табиғи желдеткіш болуы қажет, – дейді ол.

Департамент мамандарының айтуынша, газ баллондарын көпқабатты үйлерге орнатуға мүлдем болмайды. Тек екі қабатты үйлерге ғана рұқсат етіледі. Мұнымен қоса тұрғын баспаналарда, пәтерлерде, лоджиялар мен балкондарда газ баллонын сақтауға (бос болса да) қатаң тыйым салынған.

Стансолар да тексеріледі

Газ баллондарының жарылу фактісі облыста 2016 жылы біреу болса, былтыр мүлдем тіркелмеген. 2018 жыл бойынша жақында ғана бір факті тіркелді. Нақтырақ айтсақ, Ұлан ауданының Герасимовка ауылындағы 100 шаршы метрлік тұрғын үй газ баллонының жарылуынан мүлдем қирап қалды. Зардап шеккен үй иесі мен әйелі қазір ауруханада тиісті медициналық ем алуда. Сала мамандарының айтуынша, жарылысқа жарамсыз газ баллоны себеп болған. Бұған дейін сыртта тұрған баллонды жақында ғана үйге кіргізген көрінеді. Көршілерінің айтуынша, үй иелері негізінен электр плитасын қолданып келген.

– Газ баллондарын сақтаудағы қауіпсіздік ережелерінің бірі – бұл температураның ықпал етуі. Егер де газ баллоны қыста толтырылған болса, ал ыдысы қандай да уақыт болмасын суықта тұрса, жылы орынға кіргізген кезде жарылып кетуі ықтимал. Егер де ыдыста газ қажетті мөлшерден артық болса да жарылыс болуы әбден мүмкін. Қазір мамандар жарылыс себебін анықтауда, – дейді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Александр Поломыгин.

Сонымен бірге, төтенше жағдайлар саласының мамандары газбен жүретін көлік иелеріне де газ қондырғыларын орнату кезінде тек арнайы рұқсаты бар ұйымдарға жүгінулерін ескертеді.

– Тіпті, қондырғы шетелдік зауытта орнатылса да, оның отын жүретін жолдарын жиі-жиі тексеріп тұру қажет. Соған орай біздің комитетпен арнайы бекітілген кестеге сәйкес газ құятын стансаларды да тексеріп тұрамыз. Тексеру уақыты Бас прокуратураның сайтында жарияланады, – дейді департамент бастығының орынбасары.

Тұрғындар сондай-ақ куәландыру мерзімі өткен, корпусы бүлінген, вентильдері сынған, тиісті бояуы мен жазулары жоқ, газ қысымы жоғары, белгіленген клеймолары жоқ баллондарды толтыруға тыйым салынатынын есте ұстаған жөн.

Департаментке ТҮКШ бөлімі берген мәлімет бойынша, облыста қазір қолданыста 204 газ тарату қондырғысы және орталық газбен қамтуға қосылған 367 көпқабатты тұрғын үй бар. Бұларға газ бұрынғы кездегідей орталықтандырылған қамту жүйесімен келеді. Ал оларға газ тасымалдауды қаладағы бірнеше мекемелер мен ұйымдар өздері жүзеге асырып келеді.

Газды пайдалану тәртібін қаншалықты сақтап жүрміз?

Инспекция құрылмай, іс алға баспайды

Бұл зерттеуді әзірлеу кезінде Өскемен қалалық әкімдігінде өткен облыстағы орталықтандырылған газбен қамту жүйелерін пайдалану барысында төтенше жағдайлардың алдын алуды көздеген семинарға да қатыстық. Қатыса отырып, қордаланған мәселелер әлі де толық шешімін таппағанын байқадық.
Жиында газды тұрмыста қауіпсіз қолдану, газотехникалық инспекция құру, Зайсан ауданындағы табиғи газды қауіпсіз пайдалану мәселелері қаралды.

Облыстық ТЖД өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы бастығының орынбасары Ринат Қондыбаевтың айтуынша, облыста 2013 жыл мен 2018 жылдың ақпаны аралығында тұрмыстық газ баллонды қолдану барысында жарылыстың 21 фактісі тіркелген. Салдарынан үш адам қаза болған. Оның екеуі 2013 жылы, біреуі 2014 жылы оқыс жағдайға ұшыраған. Осы уақыт ішінде 11 адам жарақат алған. Жалпы шығын 6 миллион теңгеден асқан. Жарылыстардың басты себебі – газды пайдалану ережесінің бұзылуы және газ жабдығының жарамсыздығы.

– Осының барлығы жергілікті атқарушы органға қарасты газотехникалық инспекцияның жоқтығынан болып отыр. Сондықтан инспекция құрылып, іске кіріскенше, облыстық, қалалық ішкі саясат бөлімдері қаржы бөле отырып, тұрғындарға газды пайдалану қауіпсіздігі бойынша арнайы бейнероликтер түсіріп, ауқымды түсіндіру шараларын жүргізсе, – дейді ол.

Ал облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Оралбеков тұрмыстық газ баллондарын қолдануға және газбен қамту жүйелеріне бақылауды және қауіпсіздікті жүзеге асыру бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органға берілгенін, яғни, басқарма жауаптылық алатынын жеткізді. Алайда ол тиісті инспекцияны құру үшін заңнамалық тұрғыда жергілікті органдағы жауапты тұлғаның мәртебесі анықталмағанын, инспекцияны құру механизмдері әзірленбегендігін, типтік ереженің, тәуекел деңгейлерін бағалау өлшемдері жоқтығын айтады.

– Сол себепті, басқарманың газбен қамтитын ұйымдарды тексеріп, әкімшілік ықпал ету мүмкіндігі жоқ. Сондықтан Ұлттық экономика министрлігі мен ІІМ ТЖК бірлесіп газотехникалық инспекцияны құру механизмдерін, типтік жобаны толық әзірлегенде ғана штаттық кестені құруға, нақты шаруаға кірісуге болады, қазір біз жазаға тарта алмаймыз, тек ұсыныстар берумен шектелеміз – дейді Қайрат Оралбеков.

Семинарға Зайсан ауданынан келіп қатысқан «Қазтрансгаз Аймақ» АҚ ШҚ өндірістік филиалының өкілі Олжас Қабдешов те Зайсан қаласында газ пайдалануды бақылау қызметі болса, тұрғындарға сақтық шаралары түсіндірілсе дейді.

P.S. Көтерілген түйткілді мәселелер шешілмейінше, аталмыш проблемалар да күн тәртібінен түспесі анық. Ал тұрғындардан газды пайдалануда барынша сақтық танытуды, қауіпсіздік шараларын естен шығармауды сұраймыз.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button