Қоғам

Ғасырдың құрдасы

Хасен Зәкәрия

Күршімде тірлік кешіп жатқан көргені мол кейуана Зейнеп Оқасқызын ауданның ең қарт тұрғыны деп атауға әбден болады. Бүгінде 94 жасқа иек артып отырған әжеміз әлі күнге тың, құлағы жақсы естиді, қимылы да сергек-ширақ күйде.

Ол бес бала тәрбиелеп өсіріп, олардан 12 немере сүйген бақытты әже. Ғасырды алқымдаған жасына қарамастан, әжеміз бала тәрбиесінен әлі де тыс қалып отырған жоқ. Ол қазір немересі Азаматтың балаларын бағып, шөберелерін тәрбиелеп жатыр. Ал бір кездегі еңбек екпіндісі, тыл ардагері Зейнеп әжейдің бүгінде  34 шөбересі бар.

– Шешем мен ес білгелі сырқаттанумен келе жатыр, – деп күледі әжейдің кенже ұлы, өнерімен көпке әйгілі азамат Есен Мәженов. – Көзімді ашқалы тәтемнен естіп келе жатқаным: «Ойбай, тағы ауырып отырмын, дәрігерге барып келейін. Дәрім де таусылып қалып еді, дәріханаға кіріп шығайын» деген сөздер. Жастау кезімде «бұл кісі қайтыс болып кетсе қайтеміз?» деп уайымдайтын едім, бертін келе бойым үйреніп кетті. Тәтемнің ауырып отыруы біз үшін қалыпты жағдайға айналды. Ал денсаулығы мықты әкеміз осыдан он бір жыл бұрын дүние салды.

Зейнеп Оқасқызы 1929 жылдың 10 қаңтары күні қазір Күршімнің бір мөлтекауданы атанып кеткен Діңгек ауылында дүниеге келген екен. Жастай жетім қалған бүлдіршін қызды нағашысы бауырына салып алып, ол сол Қожакелді қарттың баласы болып өседі.

Он сегіз жасында Бесжылдықтың жігіті Әшім деген азаматқа тұрмысқа шыққан Зейнеп бірден білек сыбана жұмысқа кіріседі. Ол кісі алдымен колхозда еңбектеніп, 1968 жылдан бастап совхозда сауыншы болып жұмыс істейді. Еңбек десе ерінбейтін пысық-ширақ келіншек «озат сауыншы» деген атақты иеленіп, еселі еңбегімен ауызға ілінеді.Төсіне түрлі медальдар тағып, бағалы сыйлық, мақтау қағаздарының талайына ие болған Зейнеп шешейдің суреті ауданның Құрмет тақтасынан түспеген екен. Ол кісі бес балалы ана болғандықтан, 50 жасында зейнет демалысына шығады. Ал ауылда бригадир, малды қолдан ұрықтандыратын маман болып жұмыс істеген еңбекқор Әшім Мәженұлының да беделі ешкімнен төмен болмаған.

– Тәтемнің атастырып қойған жері бар екен, – деп әзілдейді анасына әлі күнге дейін еркелеп отыратын Есен. – Бірақ менің әкемді көргенде соның бәрін ұмытып, қол ұстасып, тартып отырған ғой.

Әжей жымиып отырып, сонау жастық шағынан тартып, біраз сырдың ұшығын шығарды.

– Теректібұлақ маңындағы Қызылтас деген жерде той болып, өзімдей қыздармен бірге мен де бардым, – дейді ол. – Сол тойда Бесжылдықтан келген Әшім деген жігіт керемет өнер көрсетті. Өзі ақын әрі жақ жоқ әнші екен. Түні бойы жұртты тамашаға кенелткен өнерпаз жігіттің маған көзі түсіпті, оңаша қалғанда жүрек сырын жайып салды. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» демей ме, өзім де жек көріп тұрған жоқ едім, сол күні Мәжен атамның үйіне келін болып түстім.

«Қазақтың жесір дауы қиын болушы еді, атастырып қойған жұртыңыз қуып келіп, ат ойнатқан жоқ па?» деген сауалымызға Есен жауап берді.

– Әкемнің туған нағашысы Қайсар сол Бесжылдықта колхоздың бастығы екен, – дейді ол. – Ал ол кісінің бәйбішесі Қайыржамал апамыз түкірігі жерге түспейтін белсенді, КазЦИК-тің депутаты болыпты. Ол уақытта мұндай адамдарға кім қыр көрсете алады?

– Әшім екеуіміз жеті бала сүйдік, – дейді әжей, – бірақ Ермек, Серік деген екі ұлымыз жастай шетінеп кетті. Құдай қалғанына ғұмыр берсін!

Кішкентайынан бауырына салып алған немересі Азаматтың қолында тұратын Зейнеп әжейді келіні Арай жас баладай әлпештеп күтіп отыр. Әлі күнге тың әжеміздің бұл жақсылықты артығымен «өтеп жатқан» жайы бар. Үй иелері жұмыста жүргенде, бір жаққа жол жүргенде әжелері үйдегі кішкентай шөберелеріне мұқият қарап, қамқорлық жасап отырады. Қолы шебер қария текке отырмай, бір нәрсені тігіп, қажет болса жамап дегендей, қолөнермен айналысып, тіпті үй шаруасына да айтарлықтай қолғабыс жасап жатады. Сүйегі асыл, түйгені көп адамның әңгімелескен жанға айтары да аз емес.

Осынау бір мейірім мен шуақ тұнып тұрған шаңырақтан бала-шағасының амандығын, ел-жұрттың әрдайым тыныш өмір сүріп, бақуат тірлік кешуін тілеп отырған ғасырдың құрдасындай, тарихтың сырласындай ардагер әжемізге ұзақ та бақытты ғұмыр, зор денсаулық тілеп, көтеріңкі көңілмен аттандық.

Хасен Зәкәрия, Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button