Ғалымдар мерекенің маңызын түсіндірді
Егемендігімізді айқындайтын негізгі тарихи құжат – 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі қабылдаған декларация. «Декларацияға сәйкес республикамыз маңызды әлеуметтік, экономикалық, мәдени, ұлттық мәселелерде шексіз егемендікке ие болды. Елдің барлық байлығы, оның ішінде жерасты қазынасы да республиканың меншігі болып жарияланды», деп түсіндіреді шығысқазақстандық ғалымдар.
Айталық, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің аға оқытушысы, тарихшы Гүлжан Сәрсембаева Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің мәжілісінде дауыс беру арқылы қабылданған декларацияда тұңғыш рет демократиялық-құқықтық мемлекет құру ел дамуының мақсаты ретінде жарияланып, сол арқылы азаматтық қоғамның қалыптасуына негіз қаланғанын айтады.
– Декларацияда Қазақ КСР-нің маңызды міндеттерінің бірі – ұлттық мемлекеттілікті қорғау және нығайту, төл мәдениетті, дәстүрлерді, тілді жаңғырту екені көрсетілді. Республика аумағы бөлінбейтін және қол сұғылмайтын болып жарияланды, – дейді ол.
Ғалымның пікіріне сүйенсек, декларацияда «Қазақ КСР аумағында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қару түрлері үшін сынақ полигондарын салуға және олардың жұмыс істеуіне тыйым салынады» деп жазылуы да аса маңызды. Осының негізінде Семей полигоны толық жабылды.
С.Аманжолов атындағы ШҚУ Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, әлеуметтанушы Элеонора Столярова: «Біздің тәуелсіз еліміз үшін алғашқы маңызды қадам 1990 жылғы 25 қазанда егемендік туралы декларацияны қабылдаудан басталды. Бұл күн саяси, ұлттық, тәрбиелік тұрғыдан еліміз үшін өте маңызды», – деп санайды.
– Республика күні – Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды дата. Жаңа Қазақстан нені білдіреді? Бұл кейбір сарапшылардың пайымдауынша, мемлекеттік аппараттың жаңаруы ғана емес. Бұл – әлеуметтік құндылықтарды қалпына келтіру, радикализмнен, шектен шыққан көзқарастар мен әрекеттерден бас тартып, шығармашылық серпінді күшейту, қоғамдағы түрлі кемшіліктерді жеңу деген сөз. Бұл сонымен қатар кезеңдік және жүйелі реформаларды жалғастыру дегенді білдіреді. Ата-аналар балаларына Республика күнінің не екенін және оның ел үшін маңызын түсіндіруі керек, – дейді сарапшы.
Расында да, Республика күні – жай мереке емес, халқымыздың сан ғасырлық азаттық үшін күресінің жемісі. Халықтың бірлігі, ынтымағы, жарқын болашаққа деген ортақ сенімнің арқасында егемендігіміздің тұғыры биіктей түседі.
Қазақстан-Американдық еркін университетінің доценті, әдебиеттанушы Әсем Нұрланова: «Азаттық жолында күресіп келген ұлтымыз 1990 жылдың 25 қазанында үлкен жеңіске жетті десек жөн шығар. Ұлттың қамын жеген азаматтар маңызды құжаттың қабылдануына үлес қосып, «елім» деген ержүрек азаматтар Тәуелсіздіктің алғашқы іргетасын қалап берді. Сондықтан да маңызды датаның ел тарихындағы салмағы зор. Мерекені атап өту бір бөлек, оны қастерлеп, азаттығымыз бен еркіндігімізді бағалап, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына күш жұмсау маңызды», – деген пікірін білдірді.
Ержан Кеңесұлы