Қоғам

Галина Вишневская, Универсиаданың күміс жүлдегері: Бұл жарыс мен үшін бітті деп ойладым

Галина Вишневская, Универсиаданың күміс жүлдегері: Бұл жарыс мен үшін бітті деп ойладым


XXVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарында облыс атынан өнер көрсетіп жатқан семейлік биатлоншы Галина Вишневская 15 шақырымға жекелей жүгіруде күміс медаль еншіледі. Жаман емес. Бірақ спорт мамандары да, құрама бапкерлері де халықаралық рейтингте 14-ші тұрған Галинадан алтын күткені рас. Еліміздің ең үздік биатлоншысына бұл додада топ жаруға не кедергі болды? Мүлт кетудің себебі неде? Осы туралы жарыстан кейін вице-чемпионның өзінен сұраған едік.

– Галина, 15 шақырымдық жарыс жолының алғашқы ату кезінде винтовкаңызды тазалап, біраз уақытты жоғалтып алдыңыз. Қаруыңыз бұзылып қалды ма, әлде не болды?

– Винтовканың диоптрі орнынан жылжып кетіп соны дұрыстадым және қуысына қар кіріпті, тазалауға тура келді. Алғашқы айналым кезінде еңіске жоғары жылдамдықпен түсіп келе жатып оңбай жығылдым. Қарсы алдымнан жапалақтап жауған қардан, қалың тұманнан жол дұрыс көрінбеді. Оған қоса сөреден бірінші болып шыққандықтан алдымда ешқандай шаңғы ізі түспеген. Сөйтіп ылдидан зулап келіп бұрылысқа кіргенде жолды көрмей сәл шетке алып жібердім. Шаңғыларым бір-біріне айқасып, екпеттеп барып құладым. Таяғым сынды. Жолдың бойында тұрған бапкерлерім қасыма дереу жетіп қолтығымнан демеп тұрғызып жіберді. Шамасы сол кезде винтовканың диоптрі қозғалып, қуысына қар толып қалған болуы керек. Бірінші ату кезінде қарды тазалап, диоптрді реттеп біраз уақыт айналғаным сондықтан.

– Винтовкамен нысананы көздеп ату кезінде төрт рет мүлт кетіп, айып айналымын жүгірдіңіз. Қателесуге не себеп болды?

– Айтып отырмын ғой. Бәрі де сол алғашқы айналымдағы жығылған сәттен басталды. Қатты құлағанда аяқтарымнан әл-қуат кетіп қалды. Жылдамдықты арттырайын деп қанша ұмтылсам да түк өнбеді. Қарқыным бірден төмендеді. Бұл жағдай маған психологиялық тұрғыда кері әсер етті. Соңымнан өкшелеп келе жатқан бәсекелестерім жақындаған сайын «Бұл жарыс мен үшін бітті» деп ойладым. Алға озып кеткендерге жете аламын ба, жоқ па деп қатты қобалжыдым. Бәлкім сондықтан болар бірінші және екінші ату кезінде төрт мәрте нысанадан мүлт кеткенім. Ол аздай диоптрі құрғыр жылжып кетті (күледі).

– Есесіне қалған мүмкіндіктеріңізді мүлтіксіз орындадыңыз…

– Иә, үшінші және төртінші айналымдардағы атуда өз-өзіме келіп, күш-жігерімді жинадым. Бапкерлеріме көп рақмет. Ақыл-кеңестерін айтып, алға жетеледі. Сөздерімен дем беріп, соңына дейін күресуге тиіс екенімді қайта-қайта еске салумен болды. Жергілікті жанкүйерлердің қолдауы бір жағынан қанаттандырды. Нәтижесінде өз елімде өтіп жатқан Универсиаданың күміс медаліне қол жеткіздім.

– Әлемдік додаларға қатысып, жоғары жетістіктерге жетіп жүрген қазақстандық биатлонның жарқын өкілі ретінде «Алатау» кешеніндегі шаңғы жолының сапасына қандай баға берер едіңіз?

– Алматыдағы шаңғы жолдары қай кезде де күрделі, қиын саналған. Мұны осында келген шетелдік спортшылардың бәрі де атап айтады. Бірақ бізге оның ешқандай қиындығы жоқ. Үйреніп алдық қой. Ал сапасына келсек халықаралық талаптарға сай. Тек біз жүгірген күні ауа райының бұзылуы кедергі келтірді. Жалпы тауда жүгіру ауыр ғой. Спортшыларға физикалық күшін көп жұмсауға тура келеді. Қысым бар дегендей. Әйтпесе мұндағы трассалардың шетелде көріп жүрген жолдардан еш кемдігі жоқ.

– Универсиада аяқталған жоқ. Алда әлі жарыстар бар сіз қатысатын. Дайынсыз ба?

– Дайынмын. Ақпанның екісі күні 7,5 шақырымға спринтке жүгіреміз. Одан соң 10 шақырымдық жекелей жарыс, аралас эстафета, 12 шақырымдық масстарт бар. Осы сайыстарда барымды салуым керек. Бүгінгідей қателік жібермеуге тырысамын. Төрт рет айып алу деген өрескел қателік шынымен. Әлем кубогы кезеңдерінде мұндай қателіктер кешірілмейді.

– Рақмет. Сәттілік жолдас болсын! Жерлестеріңіздің тақым қысып отырғанын ұмытпаңыз.

Әңгімелескен – Серік Әбілхан

Алматы

Осы айдарда

Back to top button