Руханият

«Әңгімелер» көрерменге ерекше әсер етті

 Қазақта әңгіме жанрының асқан шебері Бейімбет Майлин болса, орыста – Антон Чехов.  Жазушының шағын ғана  әңгімелерінде шынайы өмір бар. Осы орайда облыстық  драма театрының қазақ труппасы жақында көрермен қауымға А.Чеховтың әңгімелерінен құралған қойылымды ұсынды. Қоюшы режиссері – петропавлдық режиссер, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Баатырбек Шамбетов..

Аталған спектакль жазушы-драматургтің «Чиновниктің ажалы», «Жуан мен жіңішке», «Хористка», «Қымбат ит», «Жұбайы», «Хамелеон», «Әбігер» сынды жеті әңгімесінен құралған. Әр әңгіменің айтар ойы, көтерген жүгі бар.  Орыс классигінің осынау әңгімелерін сахналау үшін петропавлдық режиссер Баатырбек Шамбетов  арнайы шақырылған.

-Театр басшылығы сахналап беруімді өтінген соң, Өскеменге арнайы келдім. Бір ай бойы репитиция болды.  Жалпы, Чеховтың бұл  әңгімелері  қадір-қасиетін жоғалтып алған адамдар туралы. Адамдар арасындағы жағымпаздық, күншілдік, пасықтық – сол кездегі қоғамның да келбетін ашып көрсетеді. Тек  «Әбігер» деген әңгімесіндегі Машенька  атты гувернантка қыз ғана өзінің қадір-қасиетін сақтағысы келеді, әділеттіліктің салтанат құрғанын қалайды. Классик жазушылар не үшін классик? Өйткені олардың жазғандары ешқашан құнын жоғалтпайды. Біз де осы қойылым арқылы көрерменге көп нәрсені айтқымыз келеді, – дейді режиссер Б.Шамбетов.

Режиссердің айтуынша,  қойылымды әзірлеу барысында  қиыншылықтар да кездесіпті. Актерлерді шынайы өмірге кіргізу, ащы шындықты мойындату  басында оңай болмапты. Десе де кейіннен актерлердің барлығы Чехов шындығына терең бойлаған көрінеді.

Бір атап айтарлығы, бұл спектакльде бір актер бірнеше рөлді сомдайды.

Мен «Жуан мен жіңішкеде» Жіңішкенің, «Хористкада» Николай Петровичтің рөлін, «Хамелеонда»  полиция бастығының орынбасары, «Әбігерде» үйдің қонағы болып ойнадым.  Әрине, әр рөл әртүрлі. Бірақ  әрбір рөлден соң грим салып отыруға мүлдем уақытымыз болған жоқ, тез-тез, бір рөлден  кейін біріне шығып отырдық. Бірақ соның өзінде әр рөлді біріне-бірін ұқсатпай, өзгеше ойнауға тырыстық. Жалпы, Чехов  классик жазушы ғой. Чехов жазып кеткен дүниелер қазіргі уақытта да өте өзекті, – дейді  театр актері Қайрат Мұқышев.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button