СпортТОП

Футбол алаңын салып берді

Елдің қай қиырында жүрсе де, туған жеріне деген сүйіспеншілігін жоғалтпаған азаматтар аз емес. Осының айқын мысалын Жетіарал ауылының тумалары Мәліковтер әулеті көрсетіп отыр.  

Мәлік ата ұрпақтары ауылға еуропалық стандарттарға сай футбол алаңын салып берді. Игілікті ашылу салтанатына аудан әкімі Дархан Жөргекбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.«Өздеріңізге белгілі, Абай облысын құру нәтижесінде бұрынғы аудан орталықтары қайта қалпына келтірілді. Ақжар ауылы аудан орталығы мәртебесін алды. Халықтың береке-бірлігінің арқасында Қаракерей Қабанбай батырдың мерейлі тойын ойдағыдай атқардық. Сол бір игілікті іс-шаралар бүгін Жетіарал ауылында да жалғасын тауып, ауыл жастарына, жалпы бұқаралық спортты дамытуға таптырмас орын – футбол алаңы қолданысқа берілуде. «Кіндік қаның тамған жерге маңдайыңның тері де тамсын» дегенді берік ұстанып, Мәлік ата ұрпақтары тамаша тарту жасады. Мен еліме не беремін деп азаматтығын көрсетті. Бұл бастама басқа да ауылдарда жалғасын табады деп ойлаймыз», – деді аудан әкімі Д.Жөргекбаев.

Сонымен қатар игі шарада ардагер журналист Құсман Игісін, Қазақстанның мәдениет қайраткері, ауданның Құрметті азаматы Сағынбек Ақанов, Тарбағатай аудандық мәслихатының хатшысы Асқар Боғырбаев, тағы басқа азаматтар қуанышқа ортақтасып, ақжарма лебіздерін білдірді. Жаңа футбол алаңының ұзындығы 40, ені 20 метр. Аудан көлемінде бірегей деп айтуға да болады. «Ауыл балаларына таптырмас тарту қылып, туған жерлеріне тағзым жасаған Мәліковтер әулетінің көпшіл, кең пейілді, еліне, жеріне тілекші ниетіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бала-шағасына мол ризық болып Алладан қайтсын», – дейді ауыл үлкендері.

Негізі, Мәліковтер отбасының мүшелері тегін адамдар емес. Денбай ата мен Зада әжейден тараған тұңғыш қыздары Күлпаш Денбайқызы Жетіаралдағы өзі оқып бітірген мектебінде ұстаздық еткен, кейіннен отбасылық себептермен Алматы қаласына қоныс аударған. Ол жақта да абыройлы қызмет атқарыпты. «Қазақстанның білім беру ісінің құрметті қызметкері» деп танылған. Білім министрлігінің бірнеше мәрте Құрмет грамоталарына ие болған. Алматы қаласы, Алмалы ауданының Құрметті азаматы да атанған екен. Ал екінші ұлы Серік Дембайұлы – жоғары білімді инженер. Жетіарал ауылының орнықты дамуына өзіндік үлесін қосып, ауылшаруашылық құралдарын қолдану бағытында техника жобасын құрастырған білікті маман деседі. Сонау бір 1996-2006 жылдары Алматы қаласындағы көлік базарының бас директоры болған. 2007 жылдан бастап кәсіпкерлік салада тер төгіп жүр. Үшінші ұлдары Ернар Мәліков те жоғары білімді инженер. Алматы қаласының бірнеше шақырылым мәслихат депутаты болған. 2000 жылдан Президент жанындағы адам құқығын қорғау комитетінің мүшесі, «MG Production» кинокомпаниясының бас продюсері болып, 40-тан астам жоба, деректі фильмдерді жарыққа шығарған. Данияда өткен бүкіләлемдік «Спорт арқылы даму» атты шағын футбол кубогы ойындарына ұдайы демеушілік жасапты. Атап айтарлығы, көпшілікке мәлім «Ұлы дала зары», «Ынтымақ ауылы», ««Ах, Самарагородок», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Көк тарландары» секілді бірнеше кинотуындылардың бас продюсері. Әулеттің кенжесі Жанаргүл Денбайқызы 1992-1995 жылдары Тарбағатай ауданының әкімдігінде қызмет істепті, білікті экономист.  Міне, текті әулеттің ұрпақтары осындай.

Тағы бір ерекше тұсы, игі шара барысында Жетіаралдың тумасы, «Көк тарландары» фильмінің әскери кеңесшісі, редакторы, аға офицер Ербол Игісіновтің сөзіне жазылған Аққу Бәйжігіттің «Жетіарал» әнін осы ауылдың тумасы, «Мәдениет саласының үздігі» Үмітгүл Бағдатқызы және халықаралық ән байқауларының лауреаты Дәурен Такиров алғаш рет орындады. Ақжар мәдениет үйінің өнерпаздары игі іс-шараны әсем әнмен көркемдеп, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Ерлан Бапанов

Тарбағатай ауданы

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button