Қоғам

Фристайлшыларымыз жарап тұр

Шығысқазақстандық фристайлшылар жерлестерін кезекті рет қуантты. Бір айтар кетерлігі, бұған дейінгі додаларда негізінен Юлия Галышеваға үміт артып келсек, енді Анастасия Городко қатысқан сындардан да жүлде күтетін болдық.

Әсіресе 15 жастағы Городконың қарқыны қатты. Анастасия кеше ғана табалдырығымызды аттаған 2020 жыл аясында екі ірі жарысқа қатысып, онда бес жүлде алып үлгерді. Естеріңізге салайық, осыған дейін өскемендік жас спортшы Швейцарияның Айроло курортында фристайлдың могул түрінен өткен Еуропа кубогы үшін жарыста бір өзі төрт медаль жеңіп алған болатын. Жерлесіміз жеңісті жолын Франция жерінде жалғастырды. Аталған мемлекеттің Фон-Роме өңірінде мәресіне жеткен әлемдік бәсекеде еліміздің намысын қорғаған Анастасия Городко алтын жүлде жеңіп алды. Жекелей сын қорытындысы бойынша 71,37 ұпай жинаған шығысқазақстандық могулшы екінші орындағы швециялық Ми Бьеркман (63,25 ұпай) мен үздік үштікті түйіндеген француз спортшысы Камиль Каброльдан (62,03 ұпай) оқ бойы ұзап кетті. Сайысқа қатысқан тағы бір жерлесіміз – өскемендік Олеся Граур бұл жолы жетінші нәтиже (48,42 ұпай) көрсетті.

Анастасия Франциядағы жарыста топ жарып жатқан кезде мұхиттың арғы жағынан тағы бір қуанышты хабар келіп жетті. Дәлірек айтсақ, Канаданың Мон-Тремблан өңірінде фристайлдың могул түрінен өткен Әлем кубогының төртінші кезеңінде Юлия Галышеваның қанжығасы майланды. Пхенчхан Олимпиадасының қола жүлдегері жекелей сында 80,99 ұпай жинап, атақты Перрин Лаффоннан (көрсеткіші 82,14 ұпай) кейінгі екінші орынға тұрақтады. Ал үшінші орынға  ресейлік Анастасия Смирнова (80,18 ұпай) ие болды. Аталған жүлде Галышева үшін биылғы маусымдағы екінші медаль болғанын айта кеткен жөн. Біріншісіне (ол да күміс) жерлесіміз Қытайдың Тайву қаласында қол жеткізген.

Канададағы додаға еліміздің атынан барған тағы бір шығысқазақстандық спортшы Аяулым Әміренова 58,54 ұпаймен 28-ші орынға табан тіреді. Ерлер арасында канадалық Микаэль Кингсбери (86,80 ұпай) жеңімпаз атанса, екінші орынды жапондық Икума Хорисима (86,60 ұпай) иеленді. Үшінші орын франциялық Бенжамен Кавеге (83,99 ұпай) бұйырды. Ал Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсететін жерлестеріміз Павел Колмаков 76,00 ұпай нәтижесімен 11-ші орыннан көрінсе, Дмитрий Рейхерд жарысты 24-ші орында (71,89 ұпай) аяқтады.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button