Қоғам

Фриде әженің көжесі тіл үйіреді

Фриде әженің көжесі тіл үйіреді


Таскескен ауылында тұратын ұлты неміс Фриде әженің бүкіл болмыс бітімі мен жандүниесі қазақ болып кеткен. Тіпті, 21 жасында таскескендік Марат атты жігітке тұрмысқа шығысымен, ислам дәстүрі бойынша мұсылман дінін қабылдаған.

Негізгі аты-жөні – Гааг Фрида Алексеевна. Қазір Чарахметова. Бір қызығы, бүгінде Фриде әже қазақтың салт-дәстүрін өте жетік біледі және соны жақсы ұстанады. Қанағат деген ұлы айтады: «Анам қазақтың салт-дәстүрін, ырымын өте жақсы білетіні сондай, ауылдағы кейбір қарттардың өзі келіп, әлдебір түсінбейтін жөн-жоралғыларды сұрап алып жатады. Апам ондайда «өй, мың болғыр-ай, қазақ салтында ол былай емес пе!», деп дұрысын айтып, жол нұсқап жібереді. Ал енді анам жасаған наурызкөженің дәмі ішкен адамның аузынан кетпейді. Қарт әже иекті айнала қаусырып, маңдайын жауып тұрған кимешегінің жиегін бір көтеріп қойып:

-Тамақ жасаған адам шын ниетімен беріле жасағаны абзал, құлыным,-дейді наурызкөже құйып отырып. – Сонда ауқаттың дәмі кіріп, тамаққа береке ұялайды. Қазіргілердің тамақ жасағанының өзіне қарның ашады. Сапылдап сөйлеп жүріп, болмаса, музыканы даңғырлатып қойып жасаған тамақта не дәм болады? Астың берекесі кетпей ме? Мына Наурыз мерекесі жыл он екі айда бір келетін Ұлыстың Ұлы күні ғой. Бұл күнге біз ерте бастан тыңғылықты дайындаламыз. Қысқы соғымнан сүрленген қазы-қарта, жал-жаяны арнайы сақтап отырамыз. Жеті түрлі дәмді балалардан алдырамын. Бұған да жан-тәніңмен астың ішіне кіргендей дайындау керек. Бір қазан қылып жасап, былай етіп балаларға құйып-құйып берсең, тыңқия тойған олардың қарны күні бойы ашпайды. Баяғыда бала күнімізде біз мұндайды білмедік қой, өмірдің өзі үйретеді екен. Өзім осы Қанағат пен Гүлнәр келінімнің қолында тұрамын. Ұлым мен келінім жағама кір жуытпай қарап, бағып отыр. Бұл да тәңірінің маған берген сыйы деп білемін.

Иә, Фрида әже 1934 жылы 9 сәуірде Украинаның Ворошиловград облысы, Алексеевка ауданына қарасты Казаковка ауылында Гааг Алексей мен Кристинаның отбасында дүниеге келген. Үш-төрт жасында Қазақстанға жер аударылыпты.

-Ол бір зұлмат заман ғой, қарақтарым… Әйтеуір, сатыр-гүтір саудыраған жүк пойызының вагонына отырып келгеніміз есімде қалыпты,-дейді Фрида әже сол бір шақтарды еске ала отырып,-күні-түні азынаған суық вагон іші пана болмай кетеді екен. Қарнымыз ашып, шөлден өлердей болғасын вагон қабырғаларына қатқан мұздарды шай ішетін кружкамызға салып, ерітіп іштік. Ағам екеуіміз бір вагондамыз, нағашыларым келесі вагонда еді. Бір станцияға тоқтағанда түсе салып жүгіріп жалғыз тоқаш сатып алып, ебіл-дебіл жүгіріп келе жатқанымызда нағашыларым отырған вагонға бомба түсіп, түгел мерт болды. Сол жерде-ақ вагонды ағытып тастап, пойызымыз тағы ілгері жүріп кетті. Қазақстанға келісімен Аягөзде мені «Өндіріс» (қазіргі Шолпан ауылы) деген колхозға бөлді де, ағам Александрдан адасып қалдым. Кейін білсем, Сергиопольдағы балалар үйіне жіберіп, ол жерден кейін қарай Қарағанды балалар үйіне аттандырыпты.

Ал мен сол Өндіріс ауылында мектеп директоры Тұрсәлім Мырзаханов деген кісінің үйінде қалдым. Обалы не керек, үйдегілер мені туған қызынан кем көрмей бақты. Сауатымды ашу үшін мектеп қабырғасына бергенімен, өзімнен кіші балалармен оқығым келмеді. Кейін отбасына Мақсұт деген інім келді. Өзімнің туған бауырымнан кем көрмей қуандым. Е-е-е, шырағым, зулап жатқан уақыт… Сол Мақсұт қазір зейнеткерлікке шыққан. Осы Аягөз қаласындағы №5 мектепте директор болды. Айта берсем, әңгіме көп. 22 жасымда тұңғышым дүниеге келді. Қазақтың салты бойынша тұңғыш баламды ата-енем бауырына басып алды. Келесі перзентімді де ата-енем бауырына салды. Осылайша он құрсақ көтердім. Аллаға шүкір, бүгінде 23 немерем, 23 шөберем бар. Аталарың Марат Чарахметовтің бүкіл өмірі қазіргі «Үржар колледжде» (ол кезде №20, кейін №127 кәсіптік техникалық училище болды) өтті. Осы жерде қарапайым жұмысшы болды, ағаш шебері, әскери тәлімгер, кәсіподақ басшысы қызметтерін атқарды. Тіпті, Марат ақсақал екеуіміз зейнетке шыққасын да он жыл осы жерде еңбек еттік. Марат Чарахметов аталарыңмен 50 жыл бірге ғұмыр кешіппіз. Бүгінде 85 жасқа келдім. Құдайдың бергеніне мың шүкір айтам, қарағым. Сөйлесетін адам табылса, өстіп өткен өмірдің гөй-гөйін шертіп кетем енді…

Ұл-қыздары мен немерелерін бағып-қаққан Фриде әже енді шөберелерін әлди отыр. Ана бақыты деген осы ма дерсің. Әсілі, «Шөберенің қолынан су ішкен адам жұмаққа барады», деген тәмсіл бар. Өмірдің ащысы мен тұщысын қатар татып келе жатқан Фриде әже бақытты ғұмыр кешсін!

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button