Роналду-Куарежма Португалияны жеңіске жеткізді
Еуропаның кіл мықтыларын «қырқыстырған» теңбіл доп додасының келесі кезеңіне қадам басқан командалардың соңғы екеуі кеше түнде анықталды. Оған дейін миллиондар ойынын жалғастыру бақыты Польша, Португалия, Уэльс, Франция, Бельгия, Германия құрамаларына бұйырған-ды.
Аталған ұжымдардың арасынан Хорватияның сүрініп кетуін есепке алмағанда, басты фавориттердің барлығы да шып-шырғасы шықпай 1/4 финалға жетіп отыр. Бұл материал жазылып жатқанда Италия-Испания және Англия-Исландия матчтары әлі ойналмаған соң ол кездесулердің нәтижелері туралы әңгімені келесі нөмірдің еншісіне қалдырдық.
Сонымен плей-оффтың алғашқы ойындары жанкүйерлер күткендей қызықты сәттерге толы болды. Польша мен Швейцария арасындағы текетіресті көпшілік біразға дейін айтып жүретіні белгілі. Әсіресе, Джердан Шакиридің әуедегі допты жерге түсірмей өзінен асыра теуіп соққан голы футбол ойынын жер бетіндегі миллиондаған адамдардың не үшін көретінін ұқтырғандай болды. Алайда альпіліктер есепті теңестіргенмен есені жіберіп алды. Ойынның негізгі бөлігінде және қосымша отызминуттықта поляктармен терезесі тең дәрежеде өнер көрсеткен Швейцария аяқдоп шеберлерінің пенальтиден ұтылуы өкінішті-ақ әрине. Мұны спорт тілінде сәттілік жолдас болмады дейді.
Хорваттарды да жеңіліске қимайтындар көп. Шақпақ жейделі команданың өкілдері шынымен де қарсыласына қарағанда тәп-тәуір ойнады. Қорғаныста сауатты, шабуылда өткір болды. Дәл пас беру, допты қарсыластан тартып алу, қақпаға допты бағыттау секілді статистикалық көрсеткіштердің бәрі хорваттардың пайдасына шықты. Бірақ қосымша таймдағы бір ғана қалетік матч тағдырын шешті. Тоқсан минут бойы Роналдудың адымын аштырмаған қорғаушылар 116-шы минуттағы қарымта шабуылда әйгілі сұрмергеннен көз жазып қалғаны сол еді бәрі бітті. «Реалдың» супер жұлдызы бағыттаған жойқын соққыны қақпашы қайтарғанмен серпілген допты баспен шегелеген Куарежма мүлт кетпеді.
Жалпы, бұл қос ұжымның статистикасын ақтарсақ, Португалия Хорватиямен өткізген барлық үш кездесуінде жеңілмеген екен. Ірі турнирлер аясындағы кездесулерін алсақ Евро-96 доп додасында португалдар балқандықтарды 3:0 есебімен тізе бүктірген. Осы жолы да статистика бұзылмады.
Испандық «Атлетиконың» ойыншысы Антуан Гризманды француздар төбелеріне көтеріп, ұлықтап жатыр кешелі бері. Рас, Гризман дубль жасамағанда үш жолақты елдің абыройы айрандай төгілер еді. Шабуылшының шеберлігіне тәнті болған жұрт «Шүкір, Зидан мен Платинидің ізбасарлары бар екен ғой» десті. Франция құрамасы мінезі бар команда екенін, басты жүлдеге таласуға дайын екенін тағы дәлелдеді.
Сондай-ақ, қарсыластарын тас-талқан қылған Бельгия мен Германия да осы чемпионаттың алтын медалі мен күміс кубогін олжалауға үмітті екендіктерін байқатты. Ал Уэльс әупірімдеп жүріп Солтүстік Ирландияның қорғанысын бұзды.
Енді 1/4 финалда Польша-Португалия, Уэльс-Бельгия жұптары ойнайды. Ал Францияның қарсыласы Англия-Исландия матчында анықталса, «неміс мәшинесінің» экипаждары Италия-Испания жұбының жеңімпазын күтіп отыр.
Біздің болжам
Маусымның 30-ы күні жасыл алаңға Польша мен Португалия құрамалары шығады. Бұл ойын Левандовский мен Роналдудың дуэлі болатын сияқты ғой. Қос тараптың көшбасшылары үздіктер қатарында текке жүрмегендерін дәлелдеуі керек. Алайда ойынның негізгі уақытын қарсыластар тең аяқтап, қосымша таймға, тіпті, пенальти сериясына да жүгінуі мүмкін. Біздің болжам – Португалия келесі кезеңде.
Шілденің 1-і күні Уэльс-Бельгия кездесуі өтеді. Британдық команда мықты дегенмен Бельгияның бір бас жоғары тұрғанын бәрі мойындайды. Біздің болжам – 1:2. Бельгия келесі кезеңде.
Серік Әбілхан