Қоғам

Франция көктемі шақырады

Франция неден басталады?  Біреулер үшін Эйфель мұнарасы мен Елисей алқаптарынан немесе Көгілдір жағалаудан, Дюма романдарынан, гурмандар үшін тамаша тағамдар мен таңғы асқа ыстық круассаннан шығар. Ал аға буын қазақстандық үшін бұл тартымды француз киносынан басталғаны сөзсіз, фильмдердің арқасында біз осы елдің мәдениетімен таныстық. Францияға деген үлкен махаббат хикаясы 1955 жылы КСРО-да алғаш рет француз киносы апталығы өткен кезден басталған-ды.

 

Осы тамаша бастама биыл жалғасын тауып, өңірімізде алғаш рет  8-13 сәуір аралығында “ЮбиFrance 24” француз кинофестивалі өтіп жатыр. Мәдени шара Франция елшілігінің қолдауымен Қазақстандағы “Франкофон көктемі” фестивалі аясында ұйымдастырылған. Өскеменде жеті фильмнің премьералық көрсетілімі өтеді.

Жалпы «Франкофон көктемі» фестивалі  Қазақстанда осымен он төртінші рет өткізіліп отыр. Еліміздің Астана, Алматы, Шымкент және Қарағанды сияқты төрт қаласында француз мәдениеті мен тілін насихаттауға бағытталған Француз альянстары мен мәдени орталықтары орналасқан.   Кинофестивальдің ашылуына Қазақстандағы Франция елшілігінің өкілі, мәдениет және ынтымақтастық жөніндегі кеңесші Алекс Бортолан мен “Ессіздік”  (Follia) картинасының режиссері Шарль Герен Сюрвиль келді.

  • Мен облыс әкімі Ермек Көшербаевтың атынан баршамызды француз киносы фестивалінің ашылуымен құттықтаймын. 2022 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эмманюэль Макронның кездесуі екі ел арасында әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынастың дамуына ықпал етті. Соның нәтижесінде бүгін өңірімізде алғаш рет “ЮбиFrance 24” француз кинофестивалі өтіп отыр. Кино – бұл жай ғана көңіл көтеру емес, бұл – әлеуметтік тақырыптардың сараптамасы, қоғамның айнасы. Қазір қазақстандық кинематографтар көптеген тамаша жаңа фильмдерін ұсынып келеді. Оларға баратын көрермендердің санынан-ақ  біз дұрыс жолмен келе жатқанымызды байқаймыз. Мен бүгінгі кино мерекесі жыл сайын жалғасын табатынына сенімдімін. Франциядан келген қонақтарымызға алғысымды білдіре отырып, фестивальге сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов.

Француз киноиндустриясының форматтары мен тақырыптары алуан түрлі. Францияда жылына 300-ге жуық фильм түсіріледі. Олардың тең жартысы халықаралық бірлескен картина. Франция бірлескен кино түсіруден көшбасшылардың бірі.

–Біз үшін бұл өте маңызды.  2022 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға сапарынан кейін екі ел арасында келісімшарт бекітілді. Сол құжатқа сәйкес алдағы уақытта Қазақстанда француз фильмдерін көрсету, француздарды қазақстандық режиссерлердің туындыларымен таныстыру қолға алынады. Айтпақшы, Өскеменнің тумасы Андрей Иванов атты азамат Парижде бірнеше жылдан бері қазақ киносының фестивалін өткізіп келеді. Болашақта кинематография саласындағы ынтымақтастық дами түседі деп үміттенеміз. Сіздерде бір апта ішінде алуан түрлі жанрдағы француз киносын тамашалауға мүмкіндік бар, тіпті анимациялық фильм де болады, – деді  Қазақстандағы Франция елшілігінің өкілі, мәдениет және ынтымақтастық жөніндегі кеңесші Алекс Бортолан.

 

 

Кинофестивальдің алғашқы күні көрсетілген «Ессіздік» картинасы  режиссер Шарль Гелен Сюрвильдің екінші толықметражды туындысы.

  • Менің сіздерге жетуімнің өзі қызыққа толы саяхат болды. Үш рет ұшақтан-ұшаққа отырдым, арасында күн күркіреп, жаңбыр жауып, рейстердің ұшу уақыты кейінге шегерілді. Қазір көретін картина Сицилия аралында түсірілген, демек сіздер де осы киноны көре отырып Италияға саяхаттай аласыздар. Кино басқа мемлекетте түсірілгеніне және онда  Италия, Қытай, Ресей, Иран,  Франция елдерінің актерлері ойнағанына қарамастан, фильмнің рухы нағыз француздық. Сіздермен жүздескеніме өте қуаныштымын, – деп бастады көрермендермен таныстығын режиссер Шарль Сюрвиль.

Режиссердің сөзіне қарағанда, фильмнің жанры – өте күрделі, психологиялық драма. Бұл тура мағынасындағы оқиға емес, картинаның сюжеті көп қатпарлы, көрермен оқиғаның желісін үзіп алып, адасып қалуы мүмкін. Режиссердің шешімі  де кейіпкер де,  көрермен де бағытын жоғалтып алып, қайта табуын,  құлап кетіп, қайта тұруын қалайды. Сол себепті режиссер  өз сценарийін көзді ашып ұйықтаумен бірдей деп теңеді.

– Неге ессіздік тақырыбын таңдады деп ойлайтын шығарсыздар. Менің таныстарымның ішінде сондай адам болды. Фильм маған оның жағдайын түсінуге, өзімді мазалаған ішкі ойларымнан арылуға көмектесті. Егер сіздер киноны көргеннен кейін абдырап қалсаңыздар, түсінбесеңіздер, қорықпаңыздар, ол солай болу керек. Мен барлық сұраққа жауап беремін, – деді режиссер.

Картинаның қысқаша мазмұнына тоқталсақ, кино ішіндегі кино. Түсірілім алаңындағы жазатайым жағдайдан кейін режиссер болған оқиғаны там-тұмдап қалпына келтіреді. Шындық ашылған сайын фильм мүлдем түсірілмеу керек болғаны ашыла бастайды, ал оның жалғыз сюжеті –  жоғалған махаббат айналасында.

Шынында да, Сюрвильдің шығармасын қабылдамағандар да болды. Ондай көрермендер сеанстың ортасынан шығып кетіп жатты. Бұл туындының нашарлығынан емес, біздің менталитетке сәйкес келмеуінен шығар деп ойлаймын. Картинаның біз ұқпаған көп тұсы режиссердің жауабынан кейін түсінікті болған сияқты.

  • Сіз кино саласына қалай келдіңіз?
  • Менің өмірім қарапайым, бірқалыпты болды, жұмысым ыңғайлы, ешқандай серпіліс жоқ. Содан кейін мен өз жұмысымды сынап кітап жаздым. Осы арқылы киноға келдім. Мен үшін түсірілім алаңында командалық рухтың болуы, қиындықты бірлесе жеңу, күрес – маңызды. Осы картинаны түсіру барысында ұрыс-керіс те, түсініспеушілік те, тіпті «найзағай» ойнап, «жанартаудың» атқылауы да болды. Біз соның бәрін жеңе білдік.
  • Фильмнің желісінде шындық бар ма?

– Мен қалағаннан да көбірек кездеседі. Мысалы, лентаның ішіндегі  менің режиссер рөлімде шындықтың бір бөлігі бар. Жалпы түсірілімнің  өзі ессіздік. Фильмде актерлердің ойнағанының бәрі шындық емес, бірақ, олардың сезімдері, оларға түсірілім алаңында көрсетілетін қысым – шындық,  бұл маған жақсы таныс.

  • Осы киноны түсіру барысында сізді қандай туындылар шабыттандырды? Маған басты кейіпкер итальяндық режиссер Федерико Феллинидің «Сегіз жарым» драмасындағы үнемі өзін іздеп жүретін кейіпкерді елестетті. Басты кейіпкеріңіз бір адамның екі жағын көрсетеді. Бұл сіздің өзіңіз емес пе?
  • Мен Феллиниді мықты режиссер ретінде мойындаймын. Маған бір итальяндық журналист те «Сегіз жарым» лентасымен ұқсастығы бар екенін айтып, менің туындымның атауы үлкен адасушылық деген еді. Сюжеттің ұқсастығы туралы осымен алтыншы рет естіп тұрмын. Бірде Брюссельде психиатрлар мен психологтардың алдында осы киноны көрсеткенде, олар «сіздің бұл туындыңыз басынан аяғына дейін адасушылық» деген болатын.  Феллинидің атағына, жеткен жетістігіне қарамастан продюссерлер тарапынан қысым көргені, содан  күйзеліске түскені бар. Оның шығармасы сол жайында және ол туралы өзі айтқан. Менің кейіпкеріме келетін болсақ, оның бір басында екі емес,  үш адамның тұлғасы бар. Бірақ ол мен емес!
  • Маған сіздің шығармаңыз ұнамады. Әсіресе бас кейіпкердің әйеліне деген қарым-қатынасы. Сіз махаббатты солай түсінесіз бе? Сіз өзіңізді осы фильмнен кейін қалай сезіндіңіз?
  • Маған кинодан кейін жақсы болды, өйткені картина менің жанымды жегідей жеген ішкі сезімдерді сыртқа шығаруыма көмектесті, мен жеңілдеп қалдым.  Фильмнің басты идеясы –  махаббат,  ол әртүрлі болады. Сізге келесі  жолы позитивті картина түсірем деп уәде беремін!

Басты кейіпкердің  үш тұлғаның образы жинақталған дедік. Олардың үшеуінің де әйелге деген махаббаты бірдей болды ма? Әлде әрқайсының махаббаты әртүрлі ме?

  • Иә, үш ер адам үш түрлі жақсы көреді. Мысалы, итальяндық жігіт әйелді ішкі еркіндігі үшін, аздап жабайылығы үшін сүйеді, ол орыс актері ойнаған Циклоп одан міне-міне айырылып қалатынын түсініп, қызғанышпен сүйеді, ал менің кейіпкерім – режиссер түсірілім алаңында өліп қалған әйелді жақсы көруін жалғастырады.
  • Фильмде «осы киноны көргеннен кейін махаббатыңызды жоғалтып алуыңыз мүмкін» деген сөз тіркесі болды. Оны қалай түсінуге болады?

– Бұл бейнелеп айтылған ой. Басты кейіпкер түсірілім кезінде сүйіктісінен айырылып қалады, яғни ол әйелді кино үшін жоғалтып алды. Алайда кино болғандықтан оған өлген сүйіктісін қайта тірілтуге мүмкіндік болды. Бірақ шын мәнінде кино өлген адамды тірілте ала ма, мәселе осында.

  • Жуықта «Наполеон» фильмін көрдік. Картинаның тарихи шындыққа жанаспайтын тұстарына көп сын айтылды. Сіз режиссердің осындай тарихи деректерден алшақ кетуіне қалай қарайсыз?
  • Бұл – АҚШ пен Ұлыбритания туындысы. Америкалық әріптестеріміздің ерекше белгісі – еркіндік. Сол үшін оларды сыйлаймын. Француз фильмдеріне де еркіндік тән. Бірақ «Наполеон» сияқты масштабты тарихи дүниелерді түсіргенде еркіндік болмайды. Оның үстіне оған мемлекеттен қыруар қаржы бөлінеді, сондықтан қалыптан аса шыға алмайды. Менің шығармаларымның бюджеті аз, сондықтан мен өз картиналарымда еркіндікке жол бере аламын.

Естеріңізге сала кетейік, француз фильмдерінің кинофестивалі Өскемендегі «Юбилейный» кинотеатрында 13 сәуірге дейін жалғасады. Билеттің құны 500 теңге, басталуы сағат 18.30-да.

Осы айдарда

Back to top button