Қоғам

Франциялық заманауи бейнекамералар орнатылады

Франциялық заманауи бейнекамералар орнатылады


Өскемен мен Семейге қоғам және көлік қозғалысы қауіпсіздігі үшін франциялық соңғы үлгідегі заманауи бейне бақылау камералары орнатылмақ. Оған инвесторлар есебінен 1 млрд. 800 млн. теңге қаражат тартылмақ. Бұл жөнінде облыстық мәслихаттың жуырда өткен кезекті ХІІ сессиясында облыс әкімі Даниал Ахметов мәлім етті.

Сондай-ақ, сессияда облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмасхан Сматлаев «2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджетке» өзгерістер мен толықтырулар енгізуге тоқталып, кірістердің және облыстық бюджетке түсімдердің ұлғаюынан, сонымен бірге, қайта бөлу кезінде босатылған қаржылардың есебінен түскен лимиттердің қайда бағытталғанын таратып айтып берді.

Оның айтуынша, жанар-жағармай алу үшін облыстық ІІД-не 158 млн. теңге, өкпе қысымы көтерілуімен ауыратын науқастарға дәрі-дәрмектер алуға 86,2 млн. теңге, өртке қарсы қажетті техникалар алуға облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына 373,6 млн. теңге ақша қарастырылып отыр.

Франциялық заманауи бейнекамералар орнатылады

– Сонымен бірге, «ЭКСПО – 2017» көрмесіне оқушыларды қатыстыруға, қызметтік көліктер алуға облыстық білім басқармасына 1 335,1 млн теңге, «УБА» шипажайын жөндеуге облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына 15 млн. теңге бағытталмақ, – деді басқарма басшысы Алмасхан Сматлаев.

20 шағын ауданға инженерлік желі тартылады

Аймақтың спорт саласын дамытуға да 458 млн. теңге көзделген. Ол қаржы облыстық спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа оқулықтар алуға, Жекпе-жек сарайын жөндеуге, «Алтай» волейбол клубына, спорттық ойын түрлері бойынша «Алтай» спорт клубына бөлінген.
Мұнымен бірге, облыс орталығын дамытуға да аз қаржы қаралып отырған жоқ. 20-ықшам ауданның инженерлік желі құрылысына, Пермитин көшесі, 15 мекенжайындағы әкімшілік ғимаратты қайта құруға, «Жас Алаш» тұрғын үй кешенінің техникалық паспортын жасауға әрі абаттандыруға, Лихарев көшесі, 2 мекенжайындағы ғимаратты жөндеуге 856,9 млн. теңге көлемінде қаражат беріліп отыр.

«Қоңыр әулиеге» қаржы бөлінді

Сессияда «Қоңыр әулие» тарихи-мәдени кешенін ағымдағы жөндеуге 20 млн. теңге бөлінгені айтылды. Сонымен бірге, Тарбағатай ауданындағы Ырғызбай Досханаұлының кесенесін абаттандыруға, Ұлан ауданы, Сібе көлдеріндегі демалыс базалары аумағын ретке келтіруге, аудандағы Қасым Қайсенов кентінің орталық қазандық желісін орнатуға және жылумен қамту жүйесін қайта құруға жиыны 215 млн теңге жұмсалмақ.

OSB зауыты қайта жанданады

Франциялық заманауи бейнекамералар орнатылады

Облыс басшылығы тарапынан Өскемендегі өртеніп кеткен OSB панелдерін өндіретін зауытқа да қолдау көрсетілетін болды. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы арқылы кәсіпорынды қайта жаңғыртуға 150, техникалар алуға 90 млн. теңге қаржы берілмек. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті ХІІ сессиясында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмасхан Сматлаев баяндады.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button