Франциядан археологтар келеді
Шығыс Қазақстанда француз тілінің аясы кеңеймек. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметовтің Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Филипп Мартинэ мырзамен өткен кездесуі барысында белгілі болды.
Кездесу барысында облыс әкімі мәртебелі қонақты Шығыс Қазақстанның мәдени-экономикалық әлеуетімен таныстыра келе, тараптар арасындағы туризм, археология, білім сияқты салалардағы әріптестігін нығайтуға шақырды.
– Біздің облыста Берел, Шілікті, Аблайкит, Қоңыр әулие сияқты тарихи әрі мәдени маңызы зор нысандар жетіп артылады. Осыдан бір жарым жыл бұрын археологтарымыз Патшалар жазығынан кезекті қорым тауып, оның ішінен тағы бір «Алтын адам» шықты. Бұл жаңалық бүкіл республикаға тарап, Алтайды мекен еткен ата-бабаларымыз біздің заманымызға дейінгі 7-ші ғасырда-ақ алтын өңдеу технологиясын жетік меңгергендерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жалпы, біздің облыстағы қазба жұмыстарына қазақстандықтармен қатар, шетелдік ғалымдар да қатыса алады. Сол себепті, Францияның белді археологтарын біздегі зерттеу жұмыстарына қатысуға шақырамыз, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Негізгі мамандығы гуманитарлық салаға жақын болғандықтан, Филипп Мартинэ мырзаны да бұл тақырыптар айрықша қызықтырады екен.
– Шығыс Қазақстанға сапарымды кеше Семей қаласындағы Абай қорық-музейіне барудан бастадым. Бұл сапарымнан ерекше әсер алдым. Жалпы, сіздердің облыстарыңызға келудегі негізгі мақсатым екі ел арасындағы мәдени әріптестікті нығайту болатын. Әсіресе сіз сөз еткен археология мен білім салаларына басымдық беріп отырмыз. Жазда Шығыс Қазақстанға тағы бір рет келіп, өзіммен бірге француз археологтарын ертіп келуге уәде беремін, – деген елші тағы бір мәселеге тоқтала кетті.
Оның айтуынша, алдағы 30-35 жылда әлемдегі француз тілінде сөйлейтін адамдардың саны жеті жүз елу миллион адамға дейін жетеді екен. Филипп Мартинэ мырза бұл көрсеткішке қазақстандықтар да өз үлесін қосады деп сенеді.
– Біз Шығыс Қазақстандағы мектептерде үш тілде білім беру жөніндегі қанатқақты жоба жемісті жүзеге асырылып келетінін білеміз. Шығысқазақстандықтар енді қазақ, орыс, ағылшын тілдерімен қатар, француз тілін де меңгерсе деген тілегіміз бар. Өз тарапымыздан сіздерге француз тілінің мұғалімдерін жіберіп, курстар өткізуге дайынбыз, – деді шетелдік дипломат.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов бұл ұсынысты қуана қолдап, облыстық білім басқармасына франциялық әріптестерімен француз тілін оқытудың бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Облыс әкімінің айтуынша, алдағы уақытта өңірде арнайы курстар ашылып, онда француз тілінен сабақ беретін мұғалімдер біліктілігін арттыратын болады.
Нұржан Кенжеұлы