Фототілшілеріміздің суреттері де қойылды
Алматы мен Астанада өткен көрмеге шығысқазақтандық фотографтардың да үздік суреттері қойылды. Көрмеде Тәуелсіздік жылдарындағы маңызды оқиғалар мен нысандар түсірілген суреттер орын алған.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған көрмеден Қазақстанның 25 жетекші фототілшілерінің 100-ге жуық жұмыстары орын тапты. Олардың ішінде шығысқазақстандық Есімхан Орынбаевтың, Сергей Суровтың, Мерей Қайнарұлының фотосуреттері көрініс тапқан. Атап айтар болсақ, Өскемендегі Үлбі металлургия зауытының, «АзияАвто» қызметкерлерінің және «Тәуелсіздік тағылымы-25» атты республикалық көрмеде бас жүлдеге ие болған «Достық шоқысы» суреттері ілінген.
Еліміздің осы 25 жыл ішіндегі жарқын да айшықты мезеттерін мәңгілік көз алдымызда қаз-қалпында сақтап қалған әр сурет құнды, әр фотосуретшінің еңбегі бағалы. Қарапайым тіршілікте елене бермейтін сұлу табиғатты, сәулетті зәулім ғимараттарды объектив арқылы көре білген фотографтардың қырағылықтары көрмеде ерекше байқалды.
«Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі мен «Bank «RBK» АҚ бірлесіп өткізіп жатқан көрме Астанадағы Тәуелсіздік сарайында 31-ші желтоқсанға дейін жалғасады.
Олжас Бақдәулет