Қоғам

Фотоға неге жүзін жасырып түседі?

Әлеуметтік желіге көз жүгіртсек, жастардың бір бөлігі аватарына жүзін жасырып түскен фотосын жүктейтінін байқаймыз. Әсіресе жоғарғы сынып оқушылары мен студенттер арасында жиі кездеседі. Мұның сыры неде? Психологтар жасөспірімдердің өздері нақты түсіндіріп бере алмайтынын айтады. «Жәй әшейін», «мода емес пе», «круто» көрінеді» деп, үстірт жауап береді екен олар. Алайда, психологтардың пікірінше, тереңірек үңілген жанға мұның астарынан біршама жәйді аңдауға да болады.

Мамандардың ізденісі нәтижесінде, мынадай тұжырым жасалған:

– кейбір жас, расымен, не үшін бетін жауып түскен фотосын жүктейтінін білмейді. Тек замандастарының істегенін қайталайды;

– олар фото арқылы депрессияға түсіп кеткенін, ерекше сұлу табиғат аясында немесе көңіл көтеретін орында, қысқаша айтқанда, картина тәрізді «крутой» жерлерде жүретінін, таңғалысын, қорқынышын, аянышты қалде екенін байқатқысы келеді;

– кей жағдайда қыздар жағы денесінің өзге бөлігін жалаңаштап, бетін жасырады. Бұл – флирт, албырттық;

– жасөспірімдер өздері көзге оғаш көрінеді деп есептейтін дене мүшелерін (мұрын, иек) көрсетуге қысылады, тек көзін ғана ашық қалдырады. Ал кейде жүзін түгелдей жасырады. Бұл қатарластарының эталоны болып есептеліп жүрген жаспен өзін іштей салыстырудан, өзін төмен санаудан туындайды;

– көзін екі саусағымен жабу немесе бетін бояу футболға еліктеушілердің немесе заңға қарсылық білдірушілердің әрекеті. Олар былайғы көпшілік жиындарға, футбол жарыстарына да жүзін жасырып барады. Әлдебір қақтығыс бола қалса, өздерін ешкім танып қоймауы үшін тырысады;

– белгілі ортаның, достардың ортақ ишараты.

Біз осы мәселеге қатысты бір-екі жастың пікірін білген едік. Олар есімін атап жазбауымызды қалады.

– Иә, сыртқы келбетіме, тіпті аты-жөніме қатысты да комплекс бар. Көңілім толмайды. Аниматорлық туындыларды көрмеймін негізі. Бірақ аватарыма сондай сурет жүктеп қойғаным рас. Аты-жөнімді де өзгертіп жаздым. Осылайша, өзгелердің айтуымен емес, өзімнің қалауыммен іс-әрекет істеймін. Ешқандай қысылмаймын, – деді бірінші кейіпкер.

– Онсыз да көп сын еститіндіктен, тым болмаса түріме ешкім ештеңе айтпасыншы деймін, – деді екінші кейіпкер.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button