«ForteBank»-тің жаңа үлгідегі бөлімшесі ашылды
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ пен «ForteBank» АҚ басқарма төрағасы Мағжан Әуезов банктің Өскемендегі жаңа филиалының ашылу салтанатына қатысты. Кездесу барысында банк пен облыс әкімдігі арасындағы стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша «ForteBank» еліміздегі өркен жайып келе жатқан банктердің бірі деп танылған. Банк өзінің мол жұмыс тәжірибесімен өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сенімді әрі тиімді серіктес ретінде өз үлесін қоспақ.
– Біз банктің сенімділігі мен сапалы қызмет деңгейін жоғары бағалаймыз. Бізді жеке тұрғын үй-құрылысы қызықтырады. Сондықтан алдағы уақытта сіздермен бірлесіп «Тұрғын үй құрылыс жинақ банктің» баламасы ретінде бағдарлама жасауға дайынбыз. Биыл Еуропалық қайта құру және даму банкі желісі бойынша өңірімізде бірқатар жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз және бұл жерде «ForteBank» қолдауына сенеміз. Бұл сіздер үшін де маңызды жоба болмақ, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ «ForteBank» АҚ басқарма төрағасымен кездесу барысында.
-«Fortebank»-тің Шығыс Қазақстан облысындағы портфелі шамамен 55 млрд теңге және ұдайы өсіп келеді, -деді «ForteBank» АҚ басқарма төрағасы Мағжан Әуезов. – Біз елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында Еуропалық қайта құру және даму банкімен белсенді жұмыс жүргіземіз. Сондықтан бұл саладағы жаңа жобаларды қолға алуға дайынбыз.
Басқарма төрағасының айтуынша, «ForteBank» еліміздің қаржы нарығындағы өтімді және тұрақты банктердің бірі. Өңіріміздің 83 мыңнан астам тұрғыны және 6400 компаниясы аталмыш банктің сапалы қаржылық қызметін пайдаланып келеді. Сенімді және заманауи серіктес-банктердің көп болуы әр өңірдің экономикалық дамуы үшін қажет. Облысымыздағы көшбасшы банктердің бірінен саналатын «ForteBank» заңды және жеке тұлғаларды банк қызметінің барлық түрі бойынша тиімді ұсыныстарымен қолдап келеді. Сонымен қатар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін өңірлік қаржыландыру бағдарламасы аясында жергілікті атқарушы органдармен де ынтымақтаса жұмыс жүргізуде. Бүгінде еліміздің тоғыз өңірінде банктің жаңа бөлімшелері ашылған. Барлық жаңа бөлімшелердің тұжырымдамасын «Dinn» италияндық дизайнерлік бюросы жасаған. Жобалаушылардың пікірінше, дизайн банк қызметіне қойылатын барша заманауи талаптарға сай. «ForteBank»-тің жаңа үлгідегі бұл жобасы АҚШ-тың «The Financial Brand» басылымының хабарлауынша, әлемдегі ең үздік дизайнды 12 банк бөлімшесінің қатарына енген.
Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ