Қоғам

Флешмобқа қатысып, шаңғы сайысын өткізді

Флешмобқа қатысып, шаңғы сайысын өткізді


Өткен сенбі күні Зайсан қаласындағы жаңарып, жасарған Абай саябағында есте қалатындай әсерлі шара өтті. Алматы қаласында өтетін Дүниежүзілік XXVIII қысқы Универсиада ойындарында еліміздің намысын қорғайтын қазақстандық студенттерге, оның ішінде шығысқазақстандық жерлестерімізге қолдау көрсету, жас буынды патриоттық тәрбиеге баулып қана қоймай, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, спортпен шұғылдануға шақыратын флешмобқа мыңдаған аудан тұрғындары қатысты.

…Абай саябағын көңілді әуен тербетіп тұр. Әсіресе, жоғарғы сыныпта оқитын оқушылар, жастар көңілді, қолдарындағы «Хош келдің, Универсиада-Қазақстан төріне!», «Біз бейбітшілік пен татулықты қолдаймыз!» деп жазылған алқызыл транспаранттар желмен жарыса желбіреуде. Жүргізушілер жиналғандарды мерекелік шараның ашылуымен құттықтаған соң, аудан әкімі Темірбек Қасымжанов сахна төріне шықты.

– Студенттік спорт ойындарының тарихы сонау 1905 жылдан бастау алады, – деді аудан әкімі. – Осы жылы АҚШ-та студент жастардың алғашқы халықаралық жарысы өтті. Бірінші Дүниежүзілік студенттік ойындар 1923 жылы Парижде ұйымдастырылды. Алайда, Универсиада деген атау алған алғашқы спорт жарысы 1959 жылы Италияның Турин қаласында өтті. Содан бергі кезеңде Универсиада әлемдегі ең айшықты халықаралық бұқаралық спорт және мәдени оқиғалардың біріне айналды. Универсиаданың бір мақсаты – спортты білім беру жүйесінің маңызды элементтерінің бірі ретінде ілгерілету. Ал тәуелсіз Қазақстанның ару қаласы Алматыда Универсиада ойындарын өткізу туралы ресми шешім 2011 жылғы 29 қарашада Брюссельде Халықаралық университеттік спорт федерациясында (FISU) өткен дауыс беру нәтижесінде қабылданды. Осылайша, Алматы бұрынғы кеңестік кеңістік елдерінің ішінде бірінші болып, 2017 жылы өтетін XXVIII қысқы Универсиаданың астанасына айналды. Бұған дейін 1973 жылы Мәскеу және 2013 жылы Қазан қаласы жастардың тек жазғы спорт ойындарын қабылдаған болатын. Универсиада туын Алматы қаласына беру салтанатты рәсімі 2015 жылғы 15 ақпанда Испанияның Гранада қаласында өтті. Ауданда бұқаралық спортпен айналысатындар қатары көбейіп келеді, салауатты өмір салтын сақтау мақсатында тек өткен жылы Үлкен Қаратал, Қарабұлақ, Қаратал ауылдарында спорт модульдері, Зайсанда Жекпе-жек сарайы ашылды. Біз, зайсандықтар Универсиаданы қолдау мақсатында ауданның спортына ерекше еңбегі сіңген үш азаматты Алматыға қаржылай көмектесіп жіберіп отырмыз.
Бұдан кейін аудан әкімі Темірбек Жұмақұлұлы мен аудандық мәслихаттың хатшысы Дәулет Ыдырышев сахна төріне ауданның Құрметті азаматы, ұзақ жылдар аудан спортына білгірлікпен жетекшілік еткен Зайсанбек Қажанов, Азия ойындарының алауын жағуға қатысқан Дәулет Саспаев, спорт шебері, Дәуленов атындағы мектеп-интернатының дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Союзбек Мамырбековты шақырып, арнайы сертификаттарды тапсырды. Зайсанбек Қажанов өзіне сенім білдірген жерлестеріне алғысын айтты. 26-шы қаңтарда Өскеменде Универсиада ойындарын жағуға аудан атынан қатысатын гір спортынан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қуаныш Қыдырпатшаев Қазақ елі спортшыларының спорт додасында намысты қолдан бермейтінін айтты.

Бұдан кейін жүзге тарта жастар шаңғы жарысына қатысты. Жүлдеге ие болғандарға бағалы сыйлықтар мен аудан әкімінің Алғыс хаты тапсырылды.

Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button