Финалға бір-ақ қадам қалды
Өскеменнің «Торпедосы» өз тарихында тұңғыш рет Жоғары хоккей лигасы плей-офф кезеңінің ақтық сынына шығайын деп тұр. Бұл үшін жерлестерімізге ертең өз айдынында Түменнің «Рубинінен» басым түссе жеткілікті. Әзірге қарсыластардың жартылайфиналдық бәсекесіндегі есеп 3:1, «Торпедо» пайдасына.
Естеріңізге салайық, командалар алдымен Өскемен қаласында қос кездесу өткізіп, бір-бір мәрте жеңіске жеткен болатын. Түмендіктердің алғашқы ойындағы жеңісінен (0:1) кейін, торпедолықтар келесі матчта қарсыластарынан сенімді қарымта қайтара алды. Есеп 4:1.
Бұдан соң командалар Түмен қаласында екі кездесу өткізді. Және бұл екі ойында да біздің жігіттердің мерейі үстем болды. Алдымен Алексей Ждахин шәкірттері 2:1 есебімен басым түсті. Аталған ойындағы есепті айдын иелері ашқанымен, көп ұзамай торпедолықтар Константин Романовтың көмегімен таразы басын теңестіріп кетті. Ал өскемендіктерге жеңіс сыйлаған келесі шайба қосымша уақытта, ойынның 81-ші минутында ғана соғылды. Оның авторы – Евгений Рымарев. Осылайша, жерлестеріміз серияда 2:1 есебімен алға шықты.
Есе қайтаруға ұмтылған ресейліктер төртінші кездесуді де белсенді бастады. Айта кетейік, бұл ойын барысында «Түмен» хоккейшілер Павел Полуэктов қорғаған қақпаға 69 мәрте соққы жасаған. Түмендіктер торпедолықтарға қарағанда айдыннан да сирек қуылды (айып уақыты бойынша есеп 12-16). Алайда, сібірліктер осы мүмкіндіктің бірде-бірін пайдасына жарата алмады. Өз кезегінде «Торпедо» ойыншылары қолда бар мүмкіндіктерді мүлт жібермеді. Қарсыласқа қарағанда қақпаға үш есе аз соққы жасаса да (21), Денис Франскевич қақпасынан екі мәрте саңылау таба білді. Матчтың 12-ші минутында есепті шабуылшы Денис Игнашин ашса, кездесудің нүктесін Александр Шиннің пасын ұтымды пайдаланған қорғаушы Максим Верёвкин қойды.
Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында «Торпедоның» бас бапкері Алексей Ждахин қарсыластар арасындағы серия нағыз финалға лайық айқас екенін атап өтті. «Рубиннің» бас бапкері Евгений Михалкевич болса, «Полуэктов қақпасын шайба дарымайтындай етіп дуалап тастағандай» деп шарасыздығын мойындады.
Жоғарыда айтқанымыздай, жерлестерімізге жарыстың финалына шығу үшін енді бір жеңіс қажет. Командалар арасындағы бесінші кездесу ертең Б.Александров атындағы Спорт сарайында сағат 18.30-да басталады.
Нұржан КЕНЖЕҰЛЫ