Қоғам

Фермерлеріміз елордалықтарды арзан өнімдерімен қуантты

Фермерлеріміз елордалықтарды арзан өнімдерімен қуантты

Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай, желтоқсанның 20-21 жұлдызында Шығыс Қазақстанның Астанадағы күндері өткен болатын. Осы шара аясында Астананың орталық алаңында арнайы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі де ұйымдастырылып, шығысқазақстандық тауар өндірушілер елордалықтарды өздерінің арзан өнімдерімен қуантты. Жәрмеңкеге облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ пен Астана қаласының әкімі Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ те қатысты.
Шығысқазақстандық фермерлер Астанаға 57 тонна сиыр мен жылқы, қой етін, 2 тонна құс етін, 3 тонна сүт өнімдерін, 12 тонна өсімдік майын, 6,5 тонна шұжық өнімдерін, 6 тоннадан астам жарма, 4 тоннаға жуық балық өнімдерін, 2 тоннадай нан-тоқаш өнімдерін, барлығы 115 тоннадан астам әртүрлі азық-түлік өнімдерін апарды.
Бұл өнімдердің барлығы да төмен баға-мен саудаланып, астаналық тұтынушылар-дың барлық талаптарына жауап берді. Мысалы, жәрмеңкеде құс етінің келісі 400 теңгеден, сиыр еті – 900, жылқы еті – 1100 теңгеден сатылды. Сондай-ақ, біздің тауар өндірушілер астаналықтарға қымыз, тары, құрт секілді ұлттық тамақтарды да ұсынды. Шығыстың бренді болып саналатын бал мен панты өнімдеріне де қызығушылық жоғары болды. 30 тоннадай бал өнімдері 37 нүктеде бір келісі 1000 теңгеден сатылып, саудаланды. Ал Глубокое ауданының ара өсірушілері өз өнімдерін тіпті 900 теңгеден сатты.
Балық сататын нүктелерде де халық ұзын сонар кезекке тұрды. Бағасы да қолжетімді. Келісі небәрі – 500 теңге. Сөмкесін ет пен балыққа толтырып алған 37 жастағы Астана тұрғыны Қанат Әубәкіров:
– Сиыр еті мен балық алдым, отбасым қуанатын болды. Жәрмеңке ұнады, тек бүгін күн суықтау, – дейді жымиып.
Десе де, ауа райы Аягөз ауданынан келген саудагер Арайлым Қабдуллинаға еш бөгет бола алмады. Оны ең алдымен тұтынушылардың көптігі қуантқан сыңайлы. Екі сағаттың ішінде ол барлығы бір тоннадай ет сатып үлгеріпті.
– Жылқы мен сиыр етінің келісі – 1000 теңге. Жақсы алып жатыр, – дейді ол.
Шығыстан келген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесімен Астана қаласының әкімі Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ те танысты.
– Бізде осындай бір жақсы дәстүр қалыптасты. Күз бен қыс келгенде еліміздің астанасында аймақтарымыз осын-
дай жәрмеңке ұйымдастырады. Биыл Шығыс Қазақстан облысы осымен екінші рет келіп отыр. Жаңа жыл қарсаңында шығысқазақстандықтардың ұйымдастырған бұл жәрмеңкесі астаналықтарға нағыз тарту болды. Жәрмеңке сөрелерінде бәрі де бар. Бағасы да қолжетімді, біздің қаладағы өнімдерден 20 пайызға арзан, – деген Астана басшысы Шығыс Қазақстан облысының Әкіміне зор алғысын жеткізді.
– Біздің қатты аязға қарамастан, мұнда келудегі мақсатымыз – Жаңа жыл мерекесі қарсаңында астаналықтардың көңілін бір серпілту. Аяз дегенің біз үшін үйреншікті нәрсе, мұндай суық бізді қорқыта алмайды, – деді Бердібек САПАРБАЕВ.
Сондай-ақ, жәрмеңкеде шығыс-қазақстандық шеберлердің де қолдан жасаған тауарлары көрмеге қойылды.
– Мен мұндай жәрмеңкеге жиі келемін. Өзіндік өрнегі бар сирек кездесетін дүниелерді, әсіресе, кәдесыйларды іздес-тіремін. Міне, ағаштан жасалған ыдыс сатып алдым. Жаңа жылға өзіме жақсы тарту болды. Жәрмеңке ұнады. Шығыс Қазақстанға деген құрметім әркез бөлек. Өскемен мен Семейде достарым да көп, – дейді зейнеткер Мара Кузнецова.
Қолөнер заттарын көрмеге ұсынғандардың ішінде облыстық этнографиялық мұражайының қызметкері Елена Романова да бар. Ол Астананы 2006 жылы «Атамекен» этномемориалды кешені ұйымдастырған республикалық фестивальға келгенде алғаш рет көріпті. Бүгін аймақтағы шеберлердің жұмысын паш етуде. Ол ұлттық кәдесыйларға деген сұраныстың жоғары екенін айтады.
Жалпы, астаналықтарға шығысқазақстандықтардың ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұнағанын олардың жүздері де
айтып тұрды. Бал-бұл жанған сүйкімді жүздерден ризашылықтың ұшқыны білініп тұрды.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button