Ферма теоремасын шешуге он тоғыз жылын арнапты

Олег Пименов – ауырдың астымен жүріп үйренген жан. Ешқандай жоғары арнаулы математикалық білімі болмаса да, ол небір күрмеуі қиын есептерді шешуден тайынған емес. Тіптен адамзат атаулыға ғасырлар бойы жұмбақ болып келген Ферма теоремасын шешуге бел буған Олег осынау ребус-есептің шешімін табуға өмірінің 19 жылын арнаған екен. Бұған қоса ол осы жылдар ішінде тағы екі қиын теорияны – ертедегі грек математигі Герон мен оның германиялық әріптесі Гаусстың есептерін шешіпті. Оның өнері мұнымен шектелмейді. Олег – 2006 жылғы Әлем чемпионатында 12-ші орынды иеленген дарынды шахматшы, көптеген шахматтық есептер мен этюдтердің авторы ретінде де танылған азамат.
Олег Пименов 1970 жылы суретші отбасында дүниеге келген. Анасы өмір бойы Семей ет комбинатында технолог болып еңбек еткен-ді. Олегтің өзі болса, сол ықшамауданда орналасқан қатардағы оқу ордасы – №14 орта мектепте білім алды. Шынын айтқанда, дәл сол кездері мектеп мұғалімдерінің ешқайсысы осы бір баланың бойынан математикалық қабілетті байқаған жоқ еді.
– Біздің мектепте ешқашан математика үйірмесі немесе факультативі болған емес. Математикамен танысу тек мектеп бағдарламасы шеңберінде ғана өтетін. Тек 12 жасқа келгенімде мен оқушыларға арналған «Квант» математикалық журналын жаздырып алып, бұл ғылымды тиянақты түрде зерделей бастадым. Содан бір күні көптеген математиктің есіл-дертіне айналған әйгілі Ферма теоремасы туралы оқыдым. Әрине, 12 жасымда келешекте бұл тапсырманы шешуге өзім де күш жұмсайтынымды білген жоқ едім. Алайда, сол кездің өзінде-ақ мен Ферма теоремасының дербес шешімін ұсынатын адам атанғым келгені рас, – деп әңгімелейді Олег Пименов.
Дегенмен, талапты жас болмысына жақын істі тез тапты. Алты жасында шахматпен танысқан ол күні бүгінге дейін бұл ойынды жанына серік етіп келеді. Алғашында үй ішіндегілерімен, кейін сыныптастарымен ойнап, әбден машықтанған Олег 12 жасында мектеп жанынан ашылған шахмат үйірмесіне жазылады. Араға бір жыл салып мектеп оқушылары арасындағы қалалық біріншілікте үздіктер қатарынан көрінеді. Шахматтан бірінші разрядқа ие болады.
Сегізінші сыныптан кейін Олег медициналық училищеге түсіп, дәл осы жерде математиканың жанашыры Вернер Ганефельдпен танысады. Білікті ұстаз Олегтің бойынан ғылымға деген құлшынысты бірден байқайды. Жаңадан келген студентке сабақтан тыс тапсырмалар беріп, математикаға деген ынта-ықыласын одан сайын арттырады.
19 жасында Олег математикалық есептерге шындап ден қояды. Сол жылдары қаладағы дүкендердің бірінен петерборлық математика мектебінің негізін қалаған Пафнутий Чебышевтің 20-шы ғасырдың орта шенінде шыққан кітабын сатып алған ол бұл еңбекті күні бүгінге дейін қолынан тастамай келеді. Олег оны бойтұмарым деп те атайды. Себебі, қандай да бір арнайы математикалық білімі жоқ жерлесімізге жылдар бойы осы кітап қана жолнұсқаушы әрі көмекші болып келіпті.
Сөйтіп, 20 жасында Олег Пименов біздің заманымыздың бірінші ғасырында грек математигі Геронның ойлап тапқан және екі мың жыл бойы шешілмей келе жатқан есептің шешімін іздей бастайды. Бұл – тіпті әлем ғалымдарының ақылы жетпеген, ескіден шешімін таппаған есептердің бірі. Айта кетерлік жайт, Геронның есімімен үш қабырғасы бойынша үшбұрыштың ауданын анықтауға арналған өрнекті шешу, квадрат теңдеулерді сан мәнімен шешу, квадрат және куб түбірлерді жуық мәнімен анықтау сияқты ережелер тікелей байланысты.
Герон формуласын шешуге жеті жыл өмірін арнаған Олег ақыры 1987 жылы бұл мақсатына да жетіпті.
Алайда, ол мұнымен тоқталып қалған жоқ. Араға бес жыл салып семейлік математик тағы бір атақты ғалым Карл Фридрих Гаусстың есебін (Гаусс шеңберінің проблемасы) шешіп шықты.
Дегенмен, Олег Пименовтің өміріндегі басты есеп Пьер Ферманың Ұлы теоремасы болды деуге толық негіз бар. Осыдан шамамен бес ғасыр бұрын өмірге келген теореманың соңында әр заманда небір атақты математиктер жүрсе де, оның шешімін тек 1995 жылы ағылшын ғалымы Эндрю Уайлс тапқанын айта кеткен жөн. Француз математигінің сонау 1637 жылы тұжырымдаған аталмыш теоремасы Диофанттың «Арифметика» атты кітабы беттерінде – «n≠2 негізіндегі хⁿ+yⁿ≠zⁿ. Мен шын мәнінде осы сөйлемнің таңғаларлық дәлелін таптым, алайда, жолақ тым тар болғандықтан оны сыйғызу мүмкін емес» деген сөздермен басылып шығады. Бір қызығы, ғалым бұл тұжырымдамасының шешімін ешбір жерде жазып қалдырмай кеткен көрінеді. Соның салдарынан теорема шешімінің бар-жоғының өзі күмәнді болып келген. Жоғарыда айтылғандай, тек 1995 жылы Эндрю Уайлстың күшімен есептің шешімі табылғандай болды. Алайда, бұл дәлелдің өзі 130 бетті құрады.
– Бұл Ферма айтқан өте қарапайым дәлелдемеге ұқсамайды. Сол себепті мен сияқты әуесқой математиктер күні бүгінге дейін теореманың шешімін өз бетінше табуға талпыныс жасауда. Мен де өз нұсқамды ұсынып отырмын. Жалпы, бұл есепті шешудің өзі көп уақытты талап етпейді. Қиыны – көптеген нұсқалар ішіндегі ең дұрысын әрі нақтысын дөп басып таба білу. Ұлы математиктердің өзі шеше алмаған есепті еңсеру үшін барлық нұсқаны мұқият зерделеп, тексеріп шығу керек. Ал ол үшін шыдамдылық қажет. Мәселен, мен аталған басқатырғышты шешуге 19 жылымды сарп еттім, – дейді семейлік әуесқой математик.

Бір айта кетерлігі, осы уақыт аралығында Олег шахматтан да қол үзбей, шеберлігін шыңдай түсіпті. Медициналық училищеде білім алса да, болашағын денсаулық сақтау саласымен байланыстырмаған ол оқудан кейін қаладағы шығармашылық үйінде балаларға шахматтың қыр-сырын үйрете бастаған.
Ал 1999 жылы Ферма теоремасының шешімін тапқаннан соң ол біржолата шахматқа бет бұрады. Алдымен басқа авторлардың аталмыш ақыл-ой спортына қатысты есептері және этюдтерін шешумен айналысқан Олег уақыт өте келе өзі де осындай еңбектер жазып, шахмат сүйер қауым назарына ұсына бастайды. Оның бұл іспен айналысқанына биыл 17 жыл толып отыр. Олегтің сөзінше, әлемде шахматтық есептер мен этюдтер құрастырушылар саны шахматшылардан мың есе аз. Сөйте тұра олардың арасында да біріншіліктер өтіп тұрады екен. Мәселен, 2006 жылы Нидерланд елінде өткен әлем біріншілігінде жерлесіміз Олег Пименов 12-ші орынға табан тіреген.
Тағы бір айта кетерлік жайт, осыдан бір жарым жыл бұрын ынтагер-математик күллі математика әлеміне белгісіз жаңа сандар класын тауыпты. Жаңа класс қарапайым сандардан құралады екен.
Бәрінен бұрын Олег Пименовтің математика ғылымында жеткен осындай зор жетістіктері оның күнделікті өміріне анау айтқандай өзгерістер әкеле қоймағаны қызық. Осы уақыт ішінде ол математиканың бүгіні мен ертеңі талқыланған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға үш-ақ рет шақырту алыпты. Бәзбіреулердің айтуынша, оның еңбектері түрлі математикалық журналдарда басылып шыққан көрінеді. Дегенмен, Олег бұл жарияланымдардың өздерін де, олардан тиетін қаламақыларды да көрмепті.
Қайтсе де, заманауи Қазақстанның келбетін танытуға мүмкіндік беретін «100 жаңа есім» жобасының ақтық кезеңіне өткен жалғыз математик ретінде танылған Олег Пименов – мақтауға да, мақтануға да тұрарлық жан.
– Мен ғылымдар патшасы саналатын математикаға деген адалдығымды дәлелдеп, туған қалам – Семейімнің абыройын асқақтатуға үлсімді қостым деп ойлаймын, – дейді Олег Константинович.
Екатерина Гуляева
Семей.