ТОП

Феклистовкадағы мектеп туралы әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратылған

4 қаңтар күні Инстаграм әлеуметтік желісінде Алтай ауданының Феклистовка ауылындағы А.Сумин атындағы орта мектептің ғимараты туралы жалған ақпарат жарияланған.

Қысқа бейнероликтің астындағы жазбада мектептің жөндеуді қажет ететіні әрі суық екені, дизельді қазандықтың ғимаратты жылытуға мүмкіндігі жетпейтіні, сондай-ақ ғимарат терезелерінің сынып жатқаны айтылған. Ал бейнероликте қазандықтың дәлізі мен жұмыс істемейтін асхананың терезелері көрсетілген, деп хабарлайды Didar ақпарат тілшісі.

Алтай ауданындағы Феклистовка ауылы облыс орталығынан 40 км жерде орналасқан. Облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышеваның хабарлауынша, бұл мектептің ғимараты 1976 жылы салынған. Қазір мұнда 43 оқушы білім алып жатыр.

– Бұл бейнеороликте мектептен бөлек орналасқан білім ошағының қазандығы көрсетілген. Ол қазандық мектеп ғимаратынан бөлек тұр. Қазандық 2021 жылы толық жаңартылған, қазір қалыпты жұмыс істеп тұр. Ал 2022 жылы мектеп шатырына 23 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізіліп, баспалдақ бөлігінің терезелері ауыстырылған. Мектептің дәлізіне 4 млн теңгеге линолеум төселді. Инстаграм парақшасында жұмыс істемейтін асхананың терезелерінің фотосуреттері көрсетілді. Бұл мектептің оқушылары буфеттік тамақтанумен қамтылған, – деп жауап берді ШҚО білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева.

Сондай-ақ ШҚО білім басқармасының мәліметінше, мектептен бөлек орналасқан қазандық ғимараты жеке тұлғаға тиесілі. Оқушылар оған кіре алмайды. Жарияланған бейнеде қазандыққа апаратын дәліз көрсетілген. Десек те онда да еңбеккелердің қалыпты жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған.

Қабырғасында жарықшақтардың пайда болуына байланысты мектеп асханасы күрделі жөндеуді қажет етеді. 2023 жылы асханаға техникалық тексеру жүргізіліп, қорытындысы алынды. Қазір асхана жұмыс істеп тұрған жоқ.

Атап өтерлігі, мектеп оқушылары білім сайыстарында жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Айталық, былтыр мектептің бастауыш сынып оқушысы облыстық қазақ тілі олимпиадасында бірінші орын алған. Білім ошағының мұғалімдері де түрлі байқауларда жүлделерге ие болып жүр.

Осы айдарда

Back to top button