Қоғам

Фармацевтке сұраныс көп

Фармацевтке сұраныс көп


Облыстық ауруханадағы дәрі-дәрмек жасайтын зертханаға келдік. Зертхана ішіне кірісімен мұнда медициналық құрал-жабдықтардан басқа бірде-бір артық заттың жоғын байқадым. Сол кезде жүрегім атша тулап қоя берді. Тіпті зертхана ішіндегі салқындық денемді тітіркендіріп, бойымды бір сәт үрей биледі. Өйткені біз жер бетіндегі қаншама адамның өміріне жауапты екенімізді сол сәтте түсіндік. Содан бері зертханаға талай мәрте кіріп-шықсам да, алғаш рет келгенде сезінген жауапкершілік артпаса, бәсеңдеген жоқ.

Күн сайын әртүрлі дәрі-дәрмектерді жасаймыз. Қателікке бой алдырмауға тырысамыз. Өйткені бұл жұмыс шалыс қадамды көтермейді. Ол – ширақ қимыл мен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Мәселен, дәрі жасау процесінде белгіленген мөлшерде көрсетілген препараттарды ғана қолдану керек. Әйтпесе, мұның соңы жақсылыққа апармайды. Егер мүлт кетсең, біреудің обалына қаласың…

Ұжымда фармацевтерге деген қарым-қатынас ерекше. Өйткені олар да дәрігерлер сияқты әр науқастың өміріне жауапты. Кейде жұмыс барысында қателікке бой алдырсаң, жұмыс тұрып қалады. Жұмыс болмаған соң, ақша да болмайды.

Ал науқастың өмірі сенің қолыңда тұрғандықтан, жауапкершілікті бәсеңдетуге болмайды.

Мамандығының қиындығынан бұрын жауапкершілігін сезінетін кейіпкеріміз – Өскемендегі фармацевтикалық компаниялардың бірінде жұмыс істейтін Жансая Мүбаракова осылай дейді.

Рас, фармацевт дегенде, әдетте көз алдымызға дәріханада дәрі-дәрмек сатып тұрған адамның елестейтіні рас. Ал бұл мамандықтың қыр-сырына үңіліп жатқан ешкім жоқ.

– Мамандығым – фармацевт. Осыдан бес жыл бұрын оқуымды ойдағыдай аяқтап, дәріханаға жұмысқа орналастым. Кейіннен облыстық ауруханада еңбек еттім. Қазір Өскемендегі фармацевтикалық компаниялардың бірінде қызмет етемін, – дейді Жансая Мүбаракова.

Айта кетейік, фармацевт мамандығы бойынша оқу бітірген түлектер дәріханадан бөлек, ауруханадағы зертханалар мен медициналық препараттарды сатумен айналысатын компанияларда жұмыс істей алады.

– Фармацевт дәрі сатумен ғана айналыспайды. Ол дәріні жасау процесіне де қатысады. Ал бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді, – дейді ол.
Жансая Мүбаракованың айтуынша, дәрі жасаудың да өзіндік ережелері бар. Соның бірі стерильді блокта жасалады. Онда негізінен бұлшық ет пен қан тамырларының жұмысын жақсартатын дәрі-дәрмектер шығарылады. Ал екінші блокта әртүрлі медициналық ұнтақтар мен мазь сияқты препараттар жасалып, науқастарға беріледі.

– Фармацевт дәріні жасап біткен соң, оны бірден науқасқа беруге тыйым салынады. Өйткені бұл заңға қайшы. Жалпы Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған нормаларға сәйкес дәріні химик-аналитик тексеруден өткізеді. Бұдан соң барлық талапқа сай болса, қолданысқа жіберіледі, – дейді Жансая.
Біздің кейіпкеріміз бала кезден бастап медицина қызметкері болуды армандапты. Бірде осы салада жұмыс істейтін танысы оған фармацевтика туралы айтып береді. Содан бері Жансаяның осы мамандыққа деген қызығушылығы ояныпты. Кейін ол мектеп бітірген соң, арман қуып Алматыға аттанады.

– Студент кезімде фармацевттер тапшы, қазақ жастары осы мамандықтарға ден қоймайды дегенді жиі еститін едім. Кейін оқу бітіріп, жұмысқа орналасқан соң, бұл сөздің жаны барына көзім жетті. Шыны керек, бүгінде өндірісте фармацевттер тапшы. Сол себептен жастар медициналық және техникалық мамандықтарға бет бұрса, жұмыссыз қалмайды деп ойлаймын. Өйткені аталмыш салаларға қажетті мамандарға деген сұраныс күннен-күнге артып келеді, – дейді Жансая.

Иә, бір кездері жастар жаппай банкир, экономист, заңгер болуды ойлады. Кезінде сәнге айналған бұл «беделді» мамандық иелеріне деген сұраныс бүгін тым аз. Ал медициналық мамандықтарға деген қажеттіліктің артып келе жатқандығын білім гранттарының көптеп бөлуінен-ақ байқауға болады. Кейіпкеріміздің айтуынша, фармацевтің беделі де, айлығы да жоғары.

Фармацевтке сұраныс көп

– Қазіргі жұмысым өзіме ұнайды. Біз күн сайын дәрігерлермен кездесіп, оларға барлық дәрі-дәрмектің қандай пайдасы мен зияны барын кеңінен түсіндіріп береміз. Сонымен қатар қолданыстан шыққан дәрінің орнына қандай препаратты пайдалануға болатыны туралы да айтамыз, – деді Жансая Мүбаракова.

Курсты да оқуға болады

«Дәріхана ашу үшін міндетті түрде фармацевт болу керек» деген түсінік қалыптасқан ел арасында. Алайда бұл – жаңсақ пікір. Өйткені дәріхананы ашып, оған қажетті құжаттарды дайындау үшін провизор мамандығы бойынша оқу қажет.

Айтпақшы, егер сізде медбикенің дипломы болса, онда фармацевт болып жұмыс істеуге болады. Бірақ ол үшін біліктілікті арттыру курсынан өту қажет.
– Өскемендегі медицина колледжінде 54 сағаттық ақылы курс оқытылады. Білуімше, онда бір апталық курстың бағасы 13-15 мың теңге тұрады, – дейді Жансая Мүбаракова.

Ресми дерек көздеріне сүйенсек, аталмыш курсты 2016 жылы 37 маман, өткен жылы 20 маман оқып бітіріпті. Алайда олардың дені қаладағы дәріханада істеп жүр екен.

Жеке кәсіпкер де бола алады

Біздің өңірде фармацевт мамандарға деген сұраныс жоғары. Сол себептен бұл мамандық иелерінің дипломы сандықтың түбінде босқа жатпайтыны анық. Елімізде болашақ фармацевттер Өскемендегі медицина колледжінде, сондай-ақ Алматы мен Семей қалаларындағы жоғары оқу орындарында даярланады. Осыдан болар, елімізде бұл маман иелері тапшы.

– Бүгінде бұл мамандыққа қызығушылық танытып жатқан жандар көп. Тіпті егде жастағы адамдар да келіп оқуға ниет білдіруде, – дейді Өскемендегі медицина колледжі директорының орынбасары Рахия Адабиқызы.

Айта кетейік, Өскемен медициналық колледжінде фармацевтерді екі жыл он ай оқытады. Оқу ақысы 240 мың теңге тұрады.

– Кейбір дәріханалардың иелері жас мамандармен келісімшарт жасасып, олардың білім алуына барлық жағдайды жасайды. Бірақ біздің оқу орнындағы студенттердің дені ақылы түрде оқиды. Сол себептен кейін оларға: «Ауылға барып, жұмыс істе» деп айта алмайсың. Бүгінгі таңда облыстық денсаулық сақтау басқармасы ауылдардағы медициналық кадр мәселесін шешудің жолдарын қарастыруда, – дейді колледж директорының орынбасары Рахия Адабиқызы.

Фармация бөлімінің студенттері кейін дәріхана ашып, жеке кәсіпкер атануы да мүмкін. Сондықтан Өскемендегі медицина колледжінде болашақ жас мамандарға бизнестің қыр-сырын үйрететін әртүрлі семинарлар өткізіледі. Семинарды облыстық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері жүргізеді.
Онда білікті мамандар студенттерге жеке бизнесті қалай ашу керек, неден бастаған дұрыс, құжаттарды қалай рәсімдейді, тіпті қандай несие, қайдан алу керектігіне дейін жіліктеп, түсіндіріп береді. Әзірге студенттер өздерінің болашақ жоспарларын құпия ұстайды екен. Оқытушылар болса, бұл алған білімдері оларға міндетті түрде кәдеге жарайтындарына сенімді.

– Біздің түлектердің 96-ы пайызы жұмыспен қамтылады. Өйткені «Фармация» мамандығының студенттеріне деген сұраныс жоғары. Жалпы, бұл мамандыққа 11 сыныпты бітірген балалар ғана қабылданады. Себебі біз химия пәнін жетік білетін талапкерлерді оқуға аламыз, – дейді Рахия Адабиқызы.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button