Фаризаның рухына бағышталып, ас берілді
Алтайдан Атырауға дейінгі аралықта аңызға айналған Фариза Оңғарсынова асқақ жырымен қазақ поэзиясының бір биігінде тұратынын дәлелдеп өтті. Фариза ақынмен қоштасу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен Астанаға арнайы ағылған жұрттың қарасы мол еді. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ пен абайтанушы ғалым Төкен Ибрагимов бастаған Шығыс Қазақстан өңірінің делегациясы да елорда түбіндегі жаңа ұлттық пантеонға қойылған ақынды ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне қатысқан болатын.
Қасиетті жұма күні Өскемендегі орталық мешітте облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың рухына бағыштап, ас берді.
Асқа облыстың ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, барлық аудандардан келген меймандар қатысты.
– Фариза Оңғарсынова – бір өңірдің ғана емес, бүкіл елдің қызы. Ол саналы өмірін ел-жұртына арнаған ақын. 74 жасында өмірден өтті. Еліміздің барлық өңірі көңілін білдіріп, қайғыға ортақтасып жатқан Фариза туралы айтылар әңгіме көп. Егер қазақта Фаризадай қыздар көп болса, еліміздің еңсесі ешуақытта түспейді. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! – деді облыс басшысы.
Ақынның рухына арнап облыстың бас имамы Нұрлан қажы Асанов Құран бағыштады.
Асты Қазақстан Жазушылар одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, «Шығыс-Ақпараттың» директоры Нұржан Қуантайұлы жүргізді.
Сондай-ақ, Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбаев, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, елімізге танымал ұстаз Қанипа Бітібаева, «Абай» қорық-мұражайын 30 жылдан астам басқарған көрнекті абайтанушы Төкен Ибрагимов, «Абай» республикалық журналының редакторы Мұратбек Оспанов, жазушы Әлібек Қаңтарбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Фрунзе Жақсылықов қазақтың аяулы ақын қызы туралы жылы естеліктерімен бөлісті.
Қанипа Бітібаева Фариза жырлары қуатты, арқыраған арғымақ жырлар екенін атап өтіп, Өскемендегі Жамбыл атындағы дарынды балалар мектебі мен ақын шығармашылығы арасында ертеден берік байланыс бар екенін жеткізді.
– Осыдан 15 жыл бұрын қазіргі Мәжіліс депутаты Светлана Ферхо маған қоңырау шалып: «Таңғы сағат 10.00-де сізге Фариза Оңғарсынова келеді» деді. Алдын ала келісілмеген болатын. Фариза: «Қанипа, сен мені іздеп бір келген жоқсың. Мен келіп тұрмын» деді. Оқушылар аңтарылып қалды. Мен: «Фәке, сіз Қанипаны іздеп келіп тұрған жоқсыз. Сіз «Шығыста Абай мен Мұхтар қалай оқытылып жатыр, қазақ тілінің ахуалы қандай?» деген өзіңізге тән азаматтық жүрекпен келіп тұрсыз» дедім. Осының алдында ғана Фариза туралы авторлық бағдарлама жасағанбыз. Сол келісінде 95 жылға жақын тарихы бар мектеп оқушылары ақын жырларын жатқа оқыды. Фариза қатты тебіреніп: «Шығыс халқы, өскіндері менің жырларымды біледі екен» деп көзіне жас алды. Фариза келіп кеткен соң, қоңырайып тұрған мектебіміз жөндеуден өтіп, жарқырап шыға келді. Кейін 20 томдық шығармалар жинағын сыйға тартты, – деді Қанипа Бітібаева. Сонымен бірге ас дастарқанында ақын рухына арналған жырлар оқылды.
Думан АНАШ