Руханият

Фариза Оңғарсынованың өзі іздеп келген ақын

Фариза Оңғарсынованың өзі іздеп келген ақын

Таяуда облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Қазақтың Корчагині» атанған ақын, жерлесіміз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айжарық Абылқасымовпен кездесу өтті.
Оқырмандарға «Сағынған көздің моншағы», «Ең бақытты шақтарым», «Махаббатым менің», «Жүректе бүгін сызат көп», «Көңілдария» сынды жыр кітаптарымен кеңінен танымал ақынның жастарға айтары көп екен. Кездесуге алыс жол жүріп, шаршап-шалдығып келгеніне қарамастан Айжарық ақын ағыл-тегіл ақтарылды дейсің бір. Түйдек-түйдек сөздері мен қадау-қадау ойлары тура бір Алакөлдің арнасынан асып төгілген асау толқындары секілді. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған кездесуде бірді екілі оқырманның сұрақ қойғаны болмаса, тек қана өзі сөйледі. Көсіліп сөйледі, есіліп сөйледі, шешіліп сөйледі. Сөз арасында Қаракерей Қабанбай батырдың жетінші ұрпағы екенін де ерекше мақтанышпен айта кетті. «Әкемнің айтуынша, алғашқы өлеңімді үш жасымда жазыппын» дейді өзі. Бала кезден сурет өнеріне деген құштарлығы да керемет болыпты. Келе келе ол салған суреттері мен жазған өлеңдерін балаларға арналған республикалық газет-журналдарға жіберуді әдетіне айналдырады. Газетке ең алғаш шыққан суретін көргенде кішкентай Айжарықтың қуанышында шек болмайды. Бірақ тасқа басылған сол суретін анасына емес, неге Ләйлә деген қызға көрсетуге құмартқанын ақынның өзі де әлі күнге түсінбейді. «Кейін жалынып-жалпайып жүріп әлгі қыздан сол суретті оныншы сыныпта бір-ақ алдым» дейді әзіл-шыны аралас. Оқушы Айжарықтың газет-журналға жіберген суреттерінің астына бір шумақ өлең жазып қоятыны да бар еді. Алаштың ақын қызы Фариза Оңғарсынова жас өреннің суреттен гөрі өлеңге деген икемі зор екенін дер кезінде байқайды. Екеуін жақын таныстырып, туыс етіп жіберген де осы қасиетті өлең болатын. Фариза апай кейін Айжарықты Алакөлге келген сапарында арнайы іздеп келеді. Үйінде мейман болып, дәм татады. Айжарық ақын қатты сырқаттанғанда да Фариза апай көмек қолын созып, Мәскеуде емделуіне жағдай жасайды.
Тағдырлы ақын ауыр азапқа толы тауқыметті тағдырын да жасырмай жас оқырмандарға жайып салды. Оның өмірі күреске толы. Он бір жыл бойы төсекке таңылып жатса да, өмірден күдер үзіп, күйремеген ақынның ерік-жігері желкенін енді керіп, үлкен өмірге қадам басып келе жатқан жасөспірімдер үшін шынында да үлгі-өнеге. «Өмірдегі үлкен жетістігім – ауруды жеңгенім» дейді Айжарық ақын. Десе де қиналғанда ақынға сүйеу, жанына медеу бола білген жары Гүлбаћрамның ерлігіне де іштей таңғаласыз, басыңызды иесіз. Ол да ақынмен бірге кездесуге келіп, оқырманның ортасында отырды. Күйеуінің орайы келгенде сөзбен еркелетіп, айналып-толғанғанына жұмсақ жымиды. Жүзі нұрға, жүрегі иманға толы осындай қазақтың қайсар қызының арқасында бүгінде Айжарық ақынның аты Алакөлден асып, алты алашқа тарады.
Ақынның ең алғашқы оқырманы да, сыншысы да осы – Гүлбаћрам жеңгеміз екен. Тіпті ақынның сиясы кеппеген өлеңін компьютерге теретін де – осы кісі.
Алыстағы ауылда жатса да, талантымен әдеби ортаны мойындатқан ақын өзінің өлеңді қалай жазатынын да айтып берді. Өлеңді жоспармен жазу оның табиғатына жат. Тіпті бес-алты ай бойы қолына қалам ұстамайтын кездері де болады екен. Ал кейде сәті түскенде бір түнде 7-8 өлеңді бұрқыратып жазып тастайтын көрінеді. Мұның бәрі, әрине, шабытқа, адамның көңіл күйіне де байланысты болар.
Ақын жыр бәйгелеріне қатысуға аса құштар емес. Тіпті ұйымдастырушылардың мүшәйраға қомақты қаржы немесе көлік тігуіне де қарсы. Өйткені ақша үшін, көлік үшін жазатын дарынсыз ақындардың қатары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп келе жатыр. Осы мәселе ақынды қатты қынжылтады.
Ақынның Дос, Гәкку атты екі перзенті бар. Қызы Гәкку Семейдегі М. Әуезов атындағы педагогикалық колледжде сабақ берсе, ұлы Дос өнер жолын қуыпты.
Жас оқырмандар ақынмен кездесуден үлкен әсер алды. Шынында да, ақынның өмірге, өлеңге деген құштарлығы кім-кімді де болмасын қайран қалдырарлықтай. Мынау жалғанның жарығына деген іңкәр сезім оны тек қана алға жетелеп келе жатыр. «Мен түннен қорқамын. Кеш батып келе жатса, алдағы ұзақ түнді ойлап, мазам кетеді» дейді ақын. Біз де ақынға өміріңізде енді түн болмасын деп тілейміз.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button