Ағымнан жарылсам

Фариза Оңғарсынова, ақын: – Ешкімнің артық сөзін көтере алмайтын мінез бала күнімнен бар

Фариза Оңғарсынова, ақын:  –	Ешкімнің артық сөзін көтере алмайтын мінез бала күнімнен бар

Өлеңдеріме алғаш баға берген – Шерхан Мұртаза, Алматыға шақыртқан – Қонаев

– Фариза апа, сіз поэзия әлемінде қыздардың болмысын биікке көтеріп, ерекше жаңалық әкелген жансыз. Бойыңыздағы қайсар мінез бала күніңізден сіңген қасиет пе?

– Шамасы бесінші-алтыншы сыныпта оқып жүрген кезім болуы керек. Директорымыз ауданға көркемөнерпаздар үйірмесіне апаратын болып, оркестр ұйымдастырды. Өзі де домбырашы кісі еді. Ал мен болсам, домбыраны кішкентай күнімнен тартып жүретінмін. Былайынша, тым жақсы тартам. Соған қарамастан, ол кісінің «Сен әлі баласың! Бармайсың ауданға!» деп ұрысқаны есімде. Әлгі жерде есікті тарс жауып шығып кеткенім бар. Директорымыз химиядан сабақ беруші еді. Үйге келе салысымен сол химияны оқуға кірістім. Бұл қылығымның дұрыс болмағанын және ертең менен сабақ сұрайтынын біліп тұрмын. Бірақ, ол кісінің маған соншалықты ұрысқанына мен де қатты ренжідім. Осындай намысқойлық, ешкімді басыма шығармайтын, ешкімнің артық сөзін көтере алмайтын мінез сол бала күнімнен бар. «Жетім көңіл – кекшіл» деген қазақтың мақалы бар ғой. Әкесіз өскендіктен бе, жан-жағымда қорғаштайтын ешкімім болмағандықтан, мені басынып тұр ма деген намысқойлық мені ерте ызақор етіп тәрбиеледі.

– Поэзия әлемінде де, қазақ журналистикасында да қыздардың көшін бастаған алғашқы қарлығашсыз. Осы батыл қадамға кімдер түрткі болды?

– Шерхан Мұртаза. Мен мұны үнемі айтып жүремін. Шын мәнінде, жазған өлеңдерімді алғаш оқып, бағасын берген де – сол кісі еді. Ол кезде «Лениншіл жас». (қазіргі «Жас Алаш») кез келгеннің қолы жете бермейтін қасиетті басылым болып есептелетін. Ол газетке бір-екі ауыз сөзіңнің шығуының өзі керемет бақыт еді. Тағы бір айта кетерлігі, Дінмұхаммед Қонаев бір жиналыста: «Біздің елде жақсы жазатын қыз-келіншектер жоқ па? Басқа республикалардан байқағаным, балалар баспасөзінде қызмет ететін көп. Ал бізде неге олай емес? Қайда барсаң, жігіттер?» деп қасындағы қызметкерлерінен сұраған көрінеді. Сонда: «Лениншіл жаста» Оңғарсынова деген журналист бар. Күндіз-түні жазады да жатады» деп жауап беріпті. «Онда алдырыңдар, «Қазақстан пионеріне» отырғызыңдар» деп бұйырған екен Димекең. Сол себеппен Алматыға шақыртылдым. Әйтпесе, менің сөзімді сөйлейтін көкем де, тәтем де жоқ. Сол кезде ауылдан кеткім келмей, алып шаһарға келгім келмей біраз қиналғаным бар. Тіпті, сол қызметке қызығып жүрген жігіттер: «Сонау Атыраудан босқа келмейді ғой. Кімнің періштесі болды екен» десіп, біраз қаңқу сөздердің айтылғаны да рас. Бірақ кімнің-кім екенін уақыт дәлелдеді деп ойлаймын. Бір айтарым, тәлім мен тағылымын аямаған ағаларымның шын жанашырлығын көрдім. Солардың айтуымен осы ақындық әлемінде шыңдалдым. Әлі күнге азық етіп келемін. Мына талант деген дүние әкенің қанымен, ананың сүтімен бойға даритыны рас-ау. Бірақ, сенің қабілет-қарымыңды бағалайтын, қадірлейтін орта болмаса, бәрі де зая кетуі мүмкін.

Басқа ұлтқа еліктемеуіміз керек

– Саналы ғұмырыңызда қыздар тақырыбын шығармашылығыңызға кеңінен арқау еттіңіз. Осы тақырыпта жиі қалам тербеуіңізге қоғамдағы орын алып жатқан жағдайлар әсер етті деуге бола ма?

– Мен қыздарды жақсы көрем. Көп өлеңдерім қазақ әйеліне арналғандығы да сондықтан болар. Оның ішінде қарт ананың да, жезөкшенің де, өсіп келе жатқан әдемі қыз баланың да, сүйікті болып жүрген жас келіншектің де жан-күйі менің өлеңдерімде бар. Бұл – әйел затына деген ықыласымның, жанашырлығымның белгісі болса керек. Негізі, біз жастарды айыптауға тиісті емеспіз. Жастарды тәрбиелейтін орта ғой. Яғни, саяси орта, ата-ананың тәрбиесі, мектеп пен оқу орданың тәрбиесі. Кіндігін ашып жүретін қыздарды да жамандағым келмейді. Өйткені, оның артында басқа мәселелер тұр. Кеңес Одағы тұсында журналист болып жүрген кезімде іссапармен Қарағандыға келдім. Сонда жетімдер үйіне барғаным бар еді. Таңғалғаным, сол үйден бірде-бір қазақ баласын көзім шалмады. Бәрі басқа ұлттың ұл-қыздары. Еліміздің басқа өңірлерінің бәрінде солай болатын. Ал қазір керісінше, кілең қазақтың балалары сол ортада тәрбиеленуде. Бұл нені көрсетеді? Яғни, қыздарымыз жеңіл жүрістің нәтижесінде балаларын тастап, көшеге қалдырып, айтуға ауыз бармайтын сұмдықтарға жиі баруда. Адамгершіліктің шеңберіне сыймайтын жаман дүниелер ғой бұл. Ал ертеректе атам қазақ қызын көзінің қарашығындай сақтап, жат қылықтан тыйған. Қазір еркіндік. Сол еркіндікті бағалап жатқан жоқпыз. Мысалы, маған көптеген қыздар келеді. «Аяғым ауыр болып қалып еді, ата-анама айтуға қорқам. Не істесем екен?» деген сияқты уайымдарын айтады. Оған не ақыл айтасың? Жүрегім ауырып, өзімнің жан дүнием жараланғаннан басқа ешнәрсе қолымнан келмейді.

– Ал осындай олқылықтардың орын алмауы үшін не істеуіміз керек?

– Әр отбасы қыз баланы тәрбиелегенде ақыл, тыйым сияқты құндылықтарды құлақтарына сіңіріп өсіру керек деп есептеймін. Басқа ұлтқа еліктемеуіміз керек. Мен бір жылдары тоғыз айдай Германияның ауруханасында емделдім. Сонда байқағаным, олардың қыздары он бес-он алтыға келген соң өзіне ұнаған жігіттерін үйіне ертіп келіп тұрады екен. Ешқандай некесіз. Ал әке-шешесі бұған ештеңе демейді. Осылайша он-он бес жыл бірге тұрып, дәм-тұздары жарасса, үйленуі мүмкін. Егер бір-бірімен тіл табыса алмаса, айырылысады. Мұны әдепсіздік деп есептеймін. Мұндай іс-әрекет біздің тарихымызда, дәстүрімізде, қанымызда болмаған. Осындай көргенсіздіктен аулақ болуымыз керек. «Ана жерде біреу ит болып үріп жатыр» десе, бәріміз жапа-тармағай үруге тиісті емеспіз ғой. Алла тағала әуел баста неге бәрімізді бір тілде, бір мәдениетте жаратпады? Неге бізді қазақ етті? Неге ағылшындарды ағылшын етіп жаратты? Мұның бәрінің астарында табиғаттың құпиясы жатыр ғой. Егер біз тілімізді менсінбей, тәрбиелілігімізді, тектілігімізді жоққа шығаратын болсақ, онда Алланың алдында да күнә болып есептеледі. Сондықтан, осы жағынан біздің қыздарға сауатты әрі мәдениеті артқан тәкаппарлығы болу керек деймін. Қазақта жақсы бір сөз бар: «Ер адам бас болса, әйел оның мойыны». Егер мойын бұрылмаса, бас ештеңе жасай алмайды. Еуропалық бір ғұламаның айтқаны бар: «Әйел – ер азаматтың ұлы тәрбиешісі». Әйел затының қасиеті мен киесін алып жүретін қыздар. Сондықтан, олардың жауапкершілігі үлкен.

Баласын жақсы тәрбиелеген ата-аналарды марапаттаса да артық етпейді

– Қыздар төңірегінде бүгінгі күні қоғамның айықпас дертіне айналған құбылыс ретінде біраз нәрсені атауға болады. Сіздің жаныңызға тағы не батады?

– Қазіргі заманның өзі сол, жан-жағымыздан жел гулеп жатыр. Америкадан жел соғып жатыр, мына жағымызда Қытайдың екпіні бар, ал мына жағымызда орыстардан келіп жатқан әсерді тағы қосыңыз. Бір сөзбен айтқанда, желдің өтінде тұрмыз. Сол әр соққан жел өзінің салқындығын жанымызға сіңіріп жатыр. Осыдан сақтануымыз керек. Ол үшін үйдегі тәрбиенің қазығы мықты болғаны жөн. Ал үйдегі тәрбиеміздің мықты болмай тұрғандығының өзіндік себебі бар. Бір кездері дінімізді, ділімізді ұмыта жаздап, қазақылығымыздан безінген кездеріміз әлі күнге дейін зардабын тигізуде. Осы олқылықтардың бәрі бала тәрбиесіне әсер етпей қоймайды. Көп жағдайда мемлекеттің экономикалық жағдайын ойлай бермей, ұрпағымыздың болашағына да барынша ден қойған абзал. Мемлекеттің басты байлығы – адам ғой. Ал сол байлықты біз қалай қадірлейміз? Елу жылдан кейін қазақ топырағында қандай балалар өмір сүрерін кім білсін?! Ағылшынға ұқсаймыз деп жүрген балалар өсе ме? Жоқ, француз болмаққа ұмтылған ұрпақ па? Міне, бұл мәселеге осы бастан шынайы көңіл бөліну керек. Қажет десеңіз, баласын тым жақсы тәрбиелеген ата-ананы марапаттау да артық етпейді.

– Қазақ қыздарының қадір-қасиетін, мұң-мұқтажын сізден артық жырлаған, айтқан ешкім жоқ шығар, сірә. Енді олар қандай мінезді жоғалтпаса екен дейсіз?

– Менің негізгі принципім – қыздарды барынша биік етіп көрсету. Әнші-сазгер Роза Әлқожа деген сіңілім бар. Маған «Фариза» деген ән арнапты. Негізгі айтпағым, Роза көбіне қыздардың атынан айтылатын әндерді орындайды. Сосын мен оған: «Мен өмір бойы қыздар ешкімнің аяғының асты болмаса екен. Біреулер басынбаса екен, биік жүрсе екен. Тәкаппар болса екен. Жігіттер қанша батыл болса да, қыздар отырған жерде не болса соны айта бермесе екен. Қыздары сыйлап жүрсе екен деп өмір бойы өлең жазып жүрмін. Ал сен «Жаным, келдің ғой, кетем демеші» деген сияқты жолдардан тұратын әндерге құмарсың» деймін ғой (күліп). Сондықтан, қыздар әрқашан биік жүрсе, жігіттер ешқайда кетпейді. Айналайын, қыздарыма айтарым, биік жүріңдер, аман болыңдар! Әрине, биік болудың жөні осы екен деп не болса соны істеп, ойқастай берудің де қажеті жоқ. Бірақ, өзінің ретімен тәкаппарлығын, ары мен намысының жоғары екендігін көрсетіп, сездіріп жүру керек.

Осы айдарда

Back to top button