ТОП

Фактчек: «Шашы өскен әкімдік қызметкерлерін өмірімде бірінші рет көруім»

"Парақшамда пост жариялап, сторис салу құны 100 000 теңгені құрайды екен" деді блогер

Қарашада Өскеменге қала әкімдігінің шақыруымен Өркен Кенжебек, Динара Сәтжан, Яков Федоров және Бақытжан Бұқарбай сынды блогерлер келіп кетті. Олар әлеуметтік желіде осы сапары туралы бірнеше жазба жариялады. Didar газетінің тілшісі блогерлердің жазбасына фактчек жүргізіп көрді.

Фактчекинг  –  саяси  айла-амалды,  өзекті  әлеуметтік тақырыптарды көтеріп, өз мақсатында пайдалануды көздегендерді әшкерелеуге арналған журналистиканың жаңа жанры.

 

«Жобалық-сметалық құжаттама әзірленген жоқ»

 

Бақытжан Бұқарбай: «Қала әкімі Жақсылық Омардан жаңа модульдік аурухана салмай, ескі ғимаратты қалыпқа келтірудің себебін сұрадым. Ол, біріншіден, бұл шешім уақыт жағынан тиімді деді. Келісуге тура келеді, екінші толқын алдында һәм жан-жақтан шектеу қысқан жағдайда бұл дұрыс шешім. Екіншіден, бұл шығынды 4 есеге дейін қысқартуға мүмкіндік берген. Яғни, жан сақтауға мүмкіндік беретін заманауи техниканы сатып алумен бірге есептегенде, бүкіл жөндеу жұмыстары 4 млрд теңге шығынды құрапты. Ал жаңадан салынса, 16 млрд теңге болушы еді».

Өркен Кенжебек: «Бүкіл керек техникасын қоса сатып алғанда, жөндеуге 4 млрд теңге кетіпті. Ал жаңасын салса, 16-18 млрд теңге жұмсалар еді».

Динара Сәтжан: «Даниал Ахметов модульді госпиталь салудан бас тартқан. Өйткені ол 3-4 есе қымбат болады және құрал-жабдықтың шығыны бөлек есептеледі».

 

ҮКІМ: Жалған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Пульмонологиялық орталықты қалпына келтіруге облыстық бюджеттен 5 026 553 000 теңге (ғимаратты қалпына келтіруге 3 826 553 000 теңге, медициналық техникамен жабдықтауға 1 200 000 000 теңге) бөлінді. Пульмонологиялық орталықтың жаңа құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленген жоқ.

 

2015 жылдан бері бос тұрған

 

Динара Сәтжан: «Ғимарат 10 жыл көлемінде бос тұрған және төрт айда жөнделген».

Өркен Кенжебек: «Өскеменде 7-8 жыл қаңырап тұрған ескі ғимаратты 3,5 айдың ішінде жөндеп, жұқпалы аурулар бөлімшесіне айналдырыпты».

Бақытжан Бұқарбай: «Шығыс Қазақстанда коронавирустың екінші толқынына қарқынды дайындық барысында Өскеменде 1959 жылы салынған бұрынғы медициналық жедел-жәрдем ауруханасы бастан-аяқ жөнделуден өтіп, жұқпалы аурулар бөлімшесіне айналыпты. Бұл жер алты жылға жуық уақыт бойы қаңырап тұрған (фотода). Енді 3,5 ай ішінде күрделі жөнделуден өтіп, желтоқсанның басында алғашқы науқастарды қабылдауға дайын тұр».

 

ҮКІМ: Манипуляция (жалған философия, қулық жолмен фактілерді ауыстыру) және жалған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жедел жәрдем ауруханасының бұрынғы ғимараты 2015 жылдан бері бос тұрған. Пульмонология орталығын қалпына келтіру 2020 жылдың тамызында басталды, аяқтау мерзімі – 2020 жылдың 31 желтоқсаны.

Демек, ғимарат бес жыл бос тұрған және оны жөндеуге, кем дегенде, төрт ай уақыт кеткен.

Фактчек талабы бойынша, жуықтап, шамалап көрсетілген сандар адам миын шатастыру мақсатында қолданылады. Кез келген сан нақты жазылуы керек.

 

540 факті тіркелді

 

Бақытжан Бұқарбай: «Өскеменге келгенде екі нәрсе бірден көзге түсті. Біріншісі – облыс орталығының халқы масканы дұрыс киеді екен. Мұрны бетпердеден суырылып шығып тұрған бір адамды да кездестірмедім».

 

Үкім: Манипуляция.

Блогер инстаграмдағы «Өскемен жазбалары – 3» атты жазбасында Өскеменнің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барғанын айтады. Онда маскасын иегіне түсіріп таққан әйелдің суретін жариялайды. (Сурет төменде).

Сапарлап барған блогерлер мен қала әкімдігінің бөлім басшыларының маскасыз түскен суретін салған. (Сурет төменде).

«Өскемен жазбалары – 5» атты жазбасында қала әкімі Жақсылық Омар екеуі де суретке маскасыз түскен. (Сурет төменде).

«Өскемен жазбалары – 6» деген жазбасында кітапхана ұжымымен түскен суретін салады. Онда тек бір адам маска тағып тұр. (Сурет төменде).

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысы 2020 жылғы 3 қараша мен 2 желтоқсан аралығында коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша «қызыл аймақта» болды. Осы аралықта Өскеменде маска режимінің сақталмауы бойынша 540 факті тіркелді.

 

Шаштараздар санитарлық ереже шеңберінде жұмыс істеді

 

Бақытжан Бұқарбай: «Кеше Өскемен туралы алғашқы постымды жариялағанда, оқырмандардың көбісі көзге түскен екінші нәрсенің не екенін асыға күтетінін жасырмады. Әдетте, мен жазбаларымда адам көркін сипаттаудан қашамын, бірақ бұл жолы мұны байқамау мүмкін емес-тін: шашы өскен әкімдік қызметкерлерін өмірімде бірінші рет көруім. Жалғыз адам болса бір сәрі, бірақ олар көп болды. Тіпті қала әкімі Жақсылық Омардың да шашы сәл өсіпті. Себебін сұраудан ұялдым, қанша дегенмен, этикаға жат көрінуі мүмкін, тіптен қазірдің өзінде осы жолдарды ұялғаннан қызарып жазып отырмын (Жақсылық Мұқашұлының әлеуметтік желіде бар екенін білемін, бұл жазбамды оқуы да мүмкін, дұрыс қабылдайды деп ойлаймын). Бұл қаладағы карантиндік шаралармен байланысты болуы мүмкін, шаштараздар жұмысын уақытша тоқтатса керек.

 

ҮКІМ: Манипуляция.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, облыс «қызыл аймақта» болғанда да шаштараздар түбегейлі жабылған жоқ. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысында нақты жазылған санитарлық ережелерді, алгоритмдерді (талаптарды), күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режимді, термометрияны, маска режимін және әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, тиісті дайындық актілерін алу және алдын ала жазылу бойынша жұмыс күндері сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін жұмыс істеді. Демалыс (сенбі, жексенбі) және мереке күндері жұмысын тоқтату белгіленді.

 

P.S. Ескерте кетейік, Бақытжан Бұқарбай 28 қазандағы жазбасында «Дәл қазіргі уақытта, бүгінгі көрсеткіштерге сай, парақшамда пост жариялап, сторис салу құны 100 000 теңгені құрайды екен» деп жазған болатын. Ол Өскеменге келген сапарындағы жазбаларын «Қала әкімдігінің шақыруымен барып қайттым. Олардың мақсаты – соңғы айларда жасаған азды-көпті жұмысын көрсету» деп атап айтқан.

Didar газеті алдағы уақытта да елеулі оқиғалар мен ақпараттарға тексеру жүргізіп тұрады.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button