ҚоғамТОП

Әзілге жүйрік металлургтер әдемі кеш сыйлады

Облыс орталығында «ҮМЗ» АҚ-ның 75 жылдығына орай «Заводская семья – заводная семья» атты көңілді байқау өтті. Шараға қатысқан командалар қағытпа әзілдерімен көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлап, бас жүлдені сарапқа салды.

2006 жылдан бастау алатын бұл байқау биыл да дәстүрлі жалғасын тапты. Өзгеше форматта өткен көңілді кешке зауыт қызметкерлерінен құралған «Ядерный микс», «Уран», «Дай пять, 75!» сынды әзілкеш командалар қатысып, жиылған көрерменді өткір әзілдерімен тәнті етті.

– Дәстүрге айналған байқау биыл зауыттың 75 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Сонымен қатар өнер додасын Халықаралық әйелдер мерекесіне орайластырып отырмыз. Мұндай шара зауыт қызметкерлерінің бір-бірімен етене байланысып, жұмыс істеуіне септігін тигізіп, әріптестердің көңілін де рухын да көтереді деп санаймын. Біздің қызметкерлерден құралған командалар жақсы дайындалғанын көрсетті. Көрермендерге жақсы көңіл-күй сыйлап қана қоймай, өздерін де жан-жақты көрсете білді, –  дейді «Үлбі металлургия зауыты» АҚ Басқарма төрағасы Сергей Бежецкий.

Көңілді тапқырлар клубы форматында өткен байқауда бақ сынаған командалар түгел зауытта еңбек ететін отбасылардың мүшелері. Дәстүрге айналған мереке бір жерде жұмыс істейтін қызметкерлердің ынтымағы мен бірлігінің айнасы іспеттес. Қазылар алқасы да сайыс барысында осы құндылықтарға баса мән берілгенін атап өтті.

– Зауыттың басты құндылықтарының бірі – командалық жұмыс деп айта аламын. Сондықтан да бүгінгі шара командалық сайыс түрінде өтті. Металлургтердің шығармашылығы өте бай. Командалардың өнерін бағалауда сайыс тақырыбының ашылуын, көрермендермен кері байланыс және кәсіпорынның тарихы мен қызметін ашатын нөмірлерге ерекше назар аудардық, –  дейді қазылар алқасының мүшесі, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ-ның тәуекелдер және комплаенс жөніндегі офицері Марина Михайлова.

Дәстүрлі байқауда бас жүлдені сарапқа салған үш команда да жоғары дайындығын көрсете білді. Дегенмен сайыс болған соң үздіктердің анықталуы заңдылық. Нәтижесінде «Дай пять, 75!» командасы үздік екендерін дәлелдеп, бірінші орынды иеленсе, «Ядерный микс» пен «Уран» командаларының ұпайлары тең түсіп, екеуі де екінші орынды еншіледі.

 

Осы айдарда

Back to top button