Еуропаға пандемияның үшінші толқыны келді

COVID-19 коронавирустық инфекциясын таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәліметі бойынша, Қазақстанда коронавирустық инфекциясына қарсы вакцинаның әзірге бір компонентін салғызған адамдардың саны – 107 341, ал екі компонентін де ектірген адамдардың жалпы саны 20 504 адамға жетті. Облыста алдымен Өскемен және Семей қалаларының медициналық қызметкерлері вакцинация салынған болатын. Қазір өңірдің аудандарында да медперсоналдарға екпе салдыру аяқталуға жақын.
Мақаншы ауылында орналасқан Үржар ауданаралық №2 ауруханасының 210 медициналық қызметкері коронавирусқа қарсы екпені алуға ниет білдірген. Аурухананың бас дәрігері Нағима Жақиянованың айтуынша, бүгінгі таңда олардың барлығы да вакцинаны салдырды.
-Біз қызметкерлерімізбен алдын ала әңгімелесіп, қанша адам екпе салғызатынын жоспарлаған едік. Соған байланысты бізге Семей қан орталығынан вакцинаның 210 дозасы барлық талаптарды сақтай отырып жеткізілген болатын. Қазір барлығына екпенің бірінші компоненті егілді. Араларында жағымсыз кері әсері білінгендер жоқ. Тек жоспарланған қызметкерлердің төрт-бесеуіне медициналық көрсетілімдер бойынша екпе салынбады. Біреуінде суық тию белгілері байқалса, екіншісінің аздап қанты көтеріліп тұрғандықтан, біз оларға әзірге екпе жасамадық. Тағы бір қызметкеріміздің жүкті екені белгілі болды. Бұл өте қуанышты жағдай. Алайда екпе олардың орнына вакцина салғызсам деген басқа қызметкерлерге егілді, – деп түсіндірді Нағима Сапарханқызы.
Ауданаралық №2 аурухананың аға медбикесі Баян Мұхамеджанова осы салада отыз бес жылдан бері еңбектеніп келеді. Күнделікті қызметі науқастармен байланысты болғандықтан бірінші кезекте екпе алуға шешім қабылдаған.
-Вакцина салғаннан кейін бізді үш күн бойы дәрігерлер бақылады. Алғашқы күні дене қызуым аздап көтерілгені болмаса, кері әсері байқалмады. Өзімді коронавирустан осылайша қорғай алғаныма қуаныштымын. Енді жиырма бір күннен кейін екінші компонентін салады, – дейді медбике.
Операция бөлімшесінің кіші медициналық қызметкері Майра Жұмашеваның жұмысы тек бөлменің стерильді таза болуын ғана емес,, отадан кейінгі науқастарға ешқандай инфекциялардың жұғып кетпеуін де талап етеді. Сол себепті Майра да өзін де, науқастарды да ковидтен сақтандыру үшін ерікті түрде вакцина салғызыпты. Қазір жағдайы қалыпты, жұмысына кірісіп те кеткен.
Бас дәрігер екінші кезекте мұғалімдер, сосын құқық қорғау орындары мамандарына екпе салу жоспарланғанын да ескертті. Қазір жүзден астам педагог өздерін коронавирустан екпе арқылы қорғауға ниет білдіріпті. Әзірге олардың тізімдері дайындалып жатыр.
Мақаншыда барлығы тоқсан инфекциялық орын дайындалыпты. Бұрынғы туберкулезге қарсы аурухананың бос тұрған ғимаратында алпыс орындық инфекциялық стационар жабдықталған, Қабанбай ауылында он бес орындық стационар бар. Бас дәрігердің айтуынша, ауруханада цифрлы рентген аппараты бар, ал Үржарда бүгінгі таңда КТ орналастырылып жатыр. Коронавируспен ауырғандарды емдеу үшін қажетті дәрі-дәрмек, медициналық қызметкерлердің қорғаныс киімдері жеткілікті екен. Нағима Сапарханқызы пандемия басталғалы вирустық пневмониямен ауырған жүзден астам науқасты емдегендерін айтады. Осы уақытқа дейін төрт науқаста ковид анықталған. Қазір Мақаншы өңірінде коронавируспен ауырып жатқан бір де бір науқас жоқ екен.
Естеріңізге сала кетейік, әлемдік баспасөз Еуропаға COVID-19 пандемиясының үшінші толқыны келгенін және ол тез өршуде екенін жарыса жазуда. Осындай тұжырымдар жасаған Еурокомиссия жағдай көптеген елдерде вирустың жаңа, қауіпті штамдарының басым болуымен күрделене түсетінін ескертті. Осыған байланысты ол елдердің билігі карантиндік шектеулерді күшейтуде. Франция Премьер-министрі 16 департменетте өзін-өзі оқшаулау режимін енгізу туралы жариялады: дүкендер жабылды, аймақтан аймаққа саяхаттауға тыйым салынды. Швейцарияда шектеулер кем дегенде тағы бір айға ұзартылады. Бельгияда карантиндік шараларды қатаңдату да шұғыл талқылануда. Германияда мүмкін локдаун жариялануы мүмкін екендігі айтылды. Еурокомиссия өкілдерінің пікірінше, мұндай жағдайға шығудың бір ғана жолы бар — халықты вакцинациялау қарқынын жеделдету. Бірақ Еуропада дәрі-дәрмектер әлі жеткіліксіз көрінеді.
24 наурыз күнгі мәліметтер бойынша, облыстың бес аудан мен қаласында 19 адамнан ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері COVID-19 диагнозын растады, олардың 17-сінде ауру белгілері бар, 2-еуі ауру белгілері жоқ науқастар. 2021 жылғы 24 наурыздағы жағдай бойынша облыста коронавирусты жұқтырған 15624 адам ауру белгілерімен, 7063 адам симптомсыз тіркелді. Жалпы науқастар саны – 22687.
Айна Ескенқызы