Еуропаны мойындатқан қаршадай қазақ қызы
Өскемен теміржол вокзалына жанкүйерлер көп жиналыпты. Соңғы екі-үш күннен бері Алтайдың ақ бораны тыным таппай, құтырып-ақ тұр, бүгін де таңертең басталған қар аралас ақтүтек қала тұрғындарының мазасын алған сыңайлы. Бірақ жанкүйерлер оны елейтін емес, «Алматы-Защита» бағытымен келіп тоқтаған пойызға қарай лап қойды. Оның жөні де бар. Фристайлдың могул түрінен сонау Австрия, Франция, Швейцариядағы Альпі тауларында өткен кезекті Еуропа кубогы жолындағы жарыста үш алтын, бір күміс, бір қола алып, айды аспанға шығарған қазақтың қаршадай қызы Аяулым Әміреноваға қандай сый-құрмет көрсетсек те артық емес.
Аяулым пойыздан түсе салысымен әкесі Серікті құшақтай алды. Одан кейін сыныптас достары мен спорт саласында қызмет ететін ағаларымен амандасты.
Аса күрделі фристайлдың могул түрімен жаттығатын Аяулыммен осыдан жеті жыл бұрын, кезінде бокстан ел чемпионы атанған, спорт саласында ұзақ жылдар жемісті қызмет еткен Марат Орманбетов пен жұбайы Гүлмира таныстырған еді. Ол кезде Аяулым небәрі 9 жаста болатын. Қазір 15-те.
-Қызымыз аяғына шаңғы байлаған кезде небәрі үш, ал фристайл секциясына жазылғанда төрт жаста болатын,–дейді Серік Әміренов. – Фристайлдың могул түрін таңдағанда қобалжығанымыз рас. Бірақ Аяулым қайсар, алған бетінен қайтпайтын өжет болып өсті. Алғашқы бапкері Сергей Павлович Аксенов білгенін үйретті. Секцияға жазылғандар саны – 80 еді, оның төртеуі өзіміздің қаракөздер. Ақыры сол 80 баланың төрттен бірі ғана қалды. Қазір өзімен бірге 12-13 жасар Орынхан Мұқатаев, Әмина Сатенова, 17 жастағы Олжас Бейсембаев фристайлмен шұғылданып, жақсы нәтижелерге жетуде. Қазақ қыздарының спорттың күрделі түрін таңдауы құптарлық іс. Бұған дейін қызымыз екі-үш рет Еуропа кубогы кезеңіне қатысып, 6-шы орынды иеленген. Тіпті 8-ші, 10-шы орындарға табан тіреген кезде күйзелгені рас. Оған әлі жассың, жеңісті күндерің алда,- деп жігер беретінбіз. Енді, міне, алғашқы жеңісіне жетті.-Аяулымды әкесі екеуіміз бірнеше жыл жаттығуларға бірге апарып жүрдік, Серіктің Зайсанда шаруа қожалығы бар, ол жоқ кезде мен қамқор болдым. Қызымның бойындағы фристайлға деген сүйіспеншілік мені тәнтті етті, одан үміт күтемін,-дейді анасы Гауһария.
Алматыда студент-жастардың Универсиада ойындары өтіп жатқан кезде Серік хабарласып, «аға, сүйінші, Аяулым Еуропадан оралған соң Жапонияның Саппоро қаласында жалауын көтеретін Азия ойындарына қатысатын болды, мен де барып, қызыма жанкүйер боламын, деген еді. Алайда, спорт басшылары Аяулымның орнына Юлия Галышеваны жіберуді жөн санаған. Соған қарағанда, не жасы толмады, немесе мамандар Қазақстан қоржынына медаль түсіруді көздеген сыңайлы. Алайда, Өскемендегі дарынды балаларға арналған спорт мектебінің 10-сынып оқушысы Аяулымның алар асуы әлі алда.
-25-ші қаңтарда бізді Францияның Альбиез қаласындағы Еуропа кубогының кезекті кезеңіне еліміздің жастар құрамасының аға бапкері Виктор Рейхерд бастап апарды. Жартылай финалда Алманияның ең танымал фристайлшысы Софи Вазамен жолымыз түйісіп, оны еңсердім. Ал ақтық сында британиялық Гарген Шофиль Макая менен сәл ғана озып кетті. Оның алдында жеке сайыста қолаға ие болғанмын. Жұптасып өнер көрсетуде күміс медаль қолға тиді. 11-12-ші ақпанда Австрияның Кришпел қаласында да Еуропа кубогы жарысы өтіп, оған 15 елдің атақты саңлақтары қатысты. Жеке және жұптасуда екі алтынға ие болған кезде қуанышымды бірден ата-анама жеткіздім. Швейцарияның Прато-Левентино қаласында жалауын көтерген Еуропа кубогының кезекті кезеңінде де намысты қолдан бермей, бір алтын медальды олжаладым,- дейді чемпионы Аяулым Әміренова.
-Алда қандай жарыстар күтіп тұр?
-Ең алдымен 8-9-ші наурызда Испанияның Сиера-Невада қаласында жалауын көтеретін фристайлдан ересектер арасындағы Әлем чемпионатына қатыспақпын. Одан кейін Швеция мен Финляндияда наурыздың ортасында Еуропа кубогының кезекті кезеңдері өтеді. Онда да бағымды сынап көрмекпін. 2018 жылы Оңтүстік Кореяда болатын Ақ Олимпиада ойындарына жолдама алып жатсам, намысты қолдан бермеспін. Алматыдағы Универсиадаға қатысуға жасым толмады, оның үстіне студент емеспін, қазір 10-шы сынып оқушысымын. Екі жылдан кейін Красноярскіде өтетін Универсиадада топ жарсам деген ой бар. Қазақ елінің жанкүйерлеріне қуаныш сыйлау мақсатым,-дейді 15 жасар чемпион қыз.
-Аяулымның бойындағы жеңіске деген ынта-жігер, күш-қуаты бізді қуантады. Оның бойында фристайлшыға қажет өжеттік пен тез шешім қабылдау, күрделі қимыл жасау кезіндегі тапқырлық қасиеттері үйлесім тауып тұр. Осы жолы Еуропадағы кубоктың жетінші кезеңіне алты спортшыны алып бардық. Солардың ішінде командаға Аяулымның бір өзі үш алтын, бір күміс, бір қоланы әперді. Қазір Аяулым бессайыстан кейін Еуропа кубогының жалпы есебінде 552 ұпаймен жеке дара көш бастап келеді, бұл екінші орындағы британиялық Гарген Шофиль Леонидің нәтижесінен -185, ал үшінші орындағы австриялық Катарина Рамзауэрдің көрсеткішінен -230 ұпай артық. Қысқасы, Аяулымның атақты фристайлшы Юлия Галышеваның нәтижесінен асып түсетініне сенгіміз келеді,-дейді Виктор Александрович.
Қысқы Олимпиада ойындарында кеткен есеміз әлі естен кетпейді. Мұны Жанбота, Іңкәрбек, Аяулым қайтаратын болар?
Оңдасын Елубай