Қоғам

Еуропалық шаруалар наразылық білдірді

Еуропалық шаруалар наразылық білдірді

Еуропалық фермерлер өздері өндірген өнімдердің арзан бағаға саудалануына наразы. Бельгия, Голландия, Люксембург пен Францияның жүздеген шаруасы шеруге шығып, биліктен мәселені шешіп беруді талап етуде.
Олардың айтуынша, мал мен құс өнімдері аталған аймақтарда мүлдем арзандап кеткен. Бағаның құлдырауы Еуропаны тығырыққа тіреді. Мәселен, сүттің өзіндік құны 1 литрге 41 центті құрайды. Бірақ нарықта екі есе төмен бағамен сатылуда. Ауыл шаруашылығы өнімін тұтынушылардың қатары да күн санап сиреп барады. Экспортқа шығуға тырысқанмен, одан да қайран болмай тұр. Еурокомиссия өз кезегінде оларға жаңа ұсыныстарын енгізді.
– Біз сүтті жеткізуді бақылайтын уақытша механизм енгізуді көздеп отырмыз. Қалай жұмыс істейтіні туралы алдағы уақытта хабардар етеміз. Бұл жеке компаниялар мен фермерлер үшін қолайлы болады, – дейді ауыл шаруашылығы бойынша еурокомиссар Фил Хоган.

Әлеуметтік желілер бұғатталды

Түркияда жарылыстан кейін «Фейсбук» пен «Твиттер» әлеуметтік желілері бұғатталды. Жақында Анкара соты осындай қаулы шығарды, деп хабарлайды «ВВС» агенттігі.
Мұндай шешім қалада болған жарылысқа байланысты шығарылып отыр. Соңғы ақпарат бойынша, қайғылы оқиғадан 34 адам қаза тауып, 125-і жараланған.
Билік өкілдерінің айтуынша, оқиға орнынан фотосуреттер мен бейнежазбалар ел ішінде кеңінен таралып кетпеуі үшін әлеуметтік желілерді бұғаттау қажеттігі туындаған. Дегенмен, жарылыс болған жерден осы уақытқа дейін бірқатар суреттер әлеуметтік желілерде жарияланып үлгерді.
Естеріңізге сала кетсек, жарылыс Анкара қаласындағы басты көшелердің қиылысында жергілікті уақытпен 18-40-та (Астана уақытымен сағат: 22-40) болды. Бұған қатысты лаңкестік ұйымдар әзірге мәлімдеме жасаған жоқ.

Соғыстың кесірінен шығынға батты


Кейінгі бес жылда Сирия экономикасы 255 млрд. доллар қаражат жоғалтты. Бұған ең басты себеп – елдің берекесін қашырған қарулы қақтығыстар, соғыс.

Сирияның саяси зерттеулер орталығы жүргізген есепке жүгінсек, қазір халықтың 70 пайыздан астамы кедейліктің қамытын киген. Екі қолға бір күрек табуды айтпағанда, ішер ас пен киетін киімнің өзі тапшы.
Ел экономикасындағы негізгі салалардың бірінен саналатын ауыл шаруашылығының жағдайы мүшкіл. Толассыз жүргізілген соғыс қимылдары шаруашылыққа орасан зор зиян шектіруде. Осының салдарынан азық-түлік өнімдерін өндіру ісі тығырыққа тіреліп, дағдарысқа ұшырады.
Сонымен қатар, әскери іс-қимылдардың ортасында қалған сириялықтар үшін ауадай қажет медициналық қызметке қолжетімділік қиындаған. Ауруханалардың көпшілігі қирап қалған. «Адамның құқығы үшін дәрігерлер» атты ұйымның дерегіне қарағанда, 2011 жылдың наурызы мен 2015 жылдың қарашасы аралығында аталған елдегі 240 медицина мекемесіне 336 мәрте соққы жасалып, осы шабуылдардың кесірінен 697 дәрігер құрбан болған.

Шығыс-ақпарат

Осы айдарда

Back to top button