Қоғам

Еуропадан – екі алтын

Еуропадан - екі алтын


Шығысқазақстандық фристайлшылар жанкүйерлерін қуантуды жалғастыруда. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі байрақты бәсекелерде сынға түсіп жатқан жерлестеріміз жарқын жеңістерге қол жеткізуде.

Атап айтқанда, Австрияның Кришпле қаласында аяқталған Еуропа кубогының кезеңінде Аяулым Әміренова 15 елдің саңлақтарын артқа тастап, екі мәрте тұғыр биігіне көтерілді. Айта кетейік, фристайлдан ел құрамасының бапкерлер штабы аталмыш жарысқа негізінен ертеңінен үміт күттірер жастарды апарыпты.

Кришпледегі жарысқа өзге елдердің ересектер құрамалары, кілең тісқаққан спортшылар қатысқанымен, біздің фристайлшылар жасыған жоқ. Керісінше, жасындай жарқылдап, үздіктер қатарынан көріне білді. Әсіресе, соңғы кездері айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп жүрген Аяулым Әміренованың жетістігін атап өткен орынды. Шығысқазақстандық спортшы Австрия жерінде бірден қос «алтынға» қол жеткізді. Оның екеуін де могулдан өткен жекелей сайыстарда алды.

Айта кетейік, Аяулым осыған дейін Францияның Альбиез қаласында өткен Еуропа кубогының кезеңінде де сынға түсіп, үздіктер қатарынан көріне білген.

Сонымен қатар, жақында ғана аяқталған Универсиадада ел намысын абыроймен қорғаған тағы бір жерлесіміз Дмитрий Рейхерд те жеңісті жолын жалғастыруда. Кореяның Пхенчхан қаласында өткен Әлем кубогының кезекті кезеңінің могулдан тестік стартында өскемендік фристайлшы 14 елден қатысқан 54 мықтының арасында екінші нәтиже көрсетті. Дмитрий тек жарыстың басты фаворит, екі дүркін әлем чемпионы, канадалық Микаэль Кингсбериге ғана жол берді.

Фристайлдан ел құрамасының аға жаттықтырушысы Виктор Рейхердтың мәлімдеуінше, Кореядағы дода Олимпиада ойындарының бағдарламасына барынша ұқсас формула бойынша өткізіліпті.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button