Қоғам

Еуропада адам саудасы өршіп тұр

Еуропада адам саудасы өршіп тұр

Еуропаға ағылған заңсыз мигранттар санының күн санап артуы тағы бір қылмыстың өршуіне әкеп соқтырды. Адам саудасымен айналысатын қылмыскерлер оларды арзан жұмыс күші ретінде пайдаланып қана қоймай, қайыр сұратып, ұрлық жасауға мәжбүрлейді екен.
Бұл мәселеге ЕҚЫҰ алаңдай бастады. Осы жылдың ақпан айында тәртіп сақшылары 10 мыңға жуық мигрант баланың із-түзсіз жоғалып кеткенін хабарлады. Еуропа одағының аумағына ересек адамдарсыз қоныс аударып, жоғалған бүлдіршіндер жайында Италия, Ұлыбритания және Скандинав елдерінің билік өкілдері айтуда. Қазір мамандар бұл жайттың қылмыстық бизнеске айналып кеткеніне алаңдаушылық танытып отыр.
ЕҚЫҰ штаб-пәтерінде мамандар проблеманың себептерін анықтауға кірісті. Адам саудасымен күрес альянсының XVI конференциясында көптеген елдің сарапшылары бас қосты.

1500 жыл бұрынғы мола табылды

Алтай тауларынан осыдан шамамен 1500 жылдай бұрынғы мола табылды. Қабірді зерттеуге кіріскен моңғол ғалымдары оның түркі тілді тайпаларға тиесілі болуы ықтимал екендігін айтады.
Ховд аймағы мұражайының ғылыми қызметкері Б. Сүхбаатардың айтуынша, олар Моңғолия аумағында, бәлкім күллі Орта Азияда алғашқы рет тоналмай сол күйінде сақталған қабір тапты. Алдын ала бағалау бойынша, бұл Алтай аумағында 1500 жыл бұрын тіршілік еткен түркі тілді тайпалардың бірінің өкілі – әйелдің сүйегі болуы мүмкін. Мүрде киізбен бірнеше қабаттап оралған.
– Бұл әйелдің мүрдесі деп ойлаймыз, себебі ер адам әдетте, жауынгер ретінде садақпен бірге жерленеді, – дейді Сүхбаатар.
Сүйектің жанынан ғалымдар жылқының қаңқасын, жақсы сақталған ертоқым, жүген, қойдың басы, жастық, саздан жасалған ыдыс, шөміш, темір бақыраш, көшпенді әйелге қажетті зат-мүліктер және тағы басқа заттар тапты.
Қабірдің 2 803 метр биіктікте орналасуы оны тоналудан қорғаса, мүрденің мумияға айналып, жәдігерлердің бүлінбей сақталуына таулы салқын климат ықпал еткен.

Беларусьтердің зейнет жасы ұлғайтылды

Беларусь Президенті Александр Лукашенко елдегі зейнетке шығу жасын үш жылға ұлғайту жөнінде жарлыққа қол қойды. Аталған құжатқа сәйкес зейнет жасының өсуі 2017 жылдың 1-қаңтарынан бастап кезең-кезеңмен жүргізілмек.
Дәлірек айтсақ, бұл елдегі зейнетке шығу мерзімі ер азаматтарда 63, ал әйелдер 58 жасқа жеткенге дейін жыл сайын алты айға өсіріліп отырады. Сол сияқты жеңілдетілген және қызмет істеген жылдары үшін зейнетақы алатындардың, әскерилердің зейнетке шығу жасы өсірілмек.
– 55-60 жаста адам қартайып қалмайды. 55 жастағы әйелге қазір қариясыз деп айтып көріңізші, ренжіп қалады. Бұл жастағы адамдар өздерін әлі де тың, әлі де жұмысқа қабілетті санайды. Сондықтан зейнетке шығу жасын ұлғайту дұрыс шешім деп ойлаймын, – дейді Александр Лукашенко.

Шығыс-ақпарат

Осы айдарда

Back to top button