Қоғам

Еуропа кубогынан үш алтын

Еуропа кубогынан үш алтын


Өскемендік талантты фристайлшы Аяулым Әміренова үшін ағымдағы жыл табысты болып тұр. Еуропаның бірнеше елінде өткен Еуропа кубогында үш алтын, бір күміс, бір қоланы иеленіп, топ бастаған қазақтың қаршадай қызы Наурыз мерекесі қарсаңында жерлестерін қуанышқа бөледі.

Финляндияда өткен Скандинавия кубогында жерлесіміз қарсыластарының барлығын шаң қаптырып, алтыннан алқа тақты. Өскеменнің тағы бір өрені Олег Син параллельді могульде қола медальға ие болды. Кәріқұрлық додасының барлық кезеңдеріне қатысып, жақсы нәтиже көрсеткені үшін ол хрусталь кубокпен марапатталды.

– Фристайлдың могуль түрін таңдап алған кезде Аяулым небәрі төрт жаста болатын. Содан бері тәжірибесін шыңдап, небір халықаралық жарыстарда топ жарды. Қазір ол ересектер арасындағы бәсекеге қатысып жүр. Күні кеше аяқталған Әлем чемпионатында 20-шы орынға табан тіреді. Ол оның мұндай жауапты жарысқа тұңғыш рет қатысуы. Алдағы уақытта Еуропа кубогының соңғы кезеңі өтпек. Аяулым бұл жарыста да намысты қолдан бермес деген ойдамыз, – дейді әкесі Серік Әміренов.

Оңдасын Елубай
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button