Еуроодаққа құрғақ қымыз экспорттайды

Қазақстан Еуропаға бие сүтінен жасалған құрғақ ұнтақ экспорттайтын болады. Бұл туралы «ҚазАгроҚаржы» компаниясының баспасөз қызметі хабарлайды.
Қарағанды облысында биенің сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру мақсатында жылқы фермасы іске қосылды. Бұл жерде Қазақстанның тамақ, фармацевтика және косметология өнеркәсіптерінде пайдаланылатын, сондай-ақ, Еуроодақ елдеріне экспортталатын жылына 10 тоннаға жуық құрғақ ұнтақ өндірілетін болады. Жобаның жалпы құны бір жарым миллиард теңгені құрайды.
«2015 жылдың тамыз айынан бері бие сүтінен құрғақ ұнтақтың бір тоннадан асатын алғашқы партиясы өндірілді. Өнімнің әлі дайындалмаған қалған бөлігіне де сатып алушылар табылып қойыпты», – делінген «ҚазАгроҚаржы» хабарламасында.
Инновациялық жоба шеңберінде фермада жаңа ғимараттар салынып, басқа да қажетті инфрақұрылымдардың құрылыстары жүргізілген. Сонымен қатар, Германиядан биенің таза сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін құрал-жабдық әкелініп, қосымша техника мен биологиялық активтер сатып алынған.