Еуроға сұраныс арта түсті

Облыста еуроға сұраныс артты. Соңғы жеті айда өңірдің ақша айырбастау пунктерінде 16,7 млн. еуро сатылған. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда екі есе көп. Осы жөнінде Ұлттық банктің облыстық филиалының директоры Айнагүл Жолдыбалина өңірдің қаржылық нарығына арналған брифингте мәлімдеді.
Доллар сатылымы бәсеңдеді
Еуроны сатып алу көлемі де 13 пайызға артып, шығысқазақстандықтар айырбастау пунктеріне жыл басынан бері 7,6 млн. еуро өткізген. Ал АҚШ долларының сатылым көлемі керісінше бәсеңдеп тұр. Соңғы жеті айда облыста 141,5 миллион доллар сатылған. Айнагүл Құмарқызының айтуынша, бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда сегіз пайызға төмен. Сондай-ақ, айырбастау пунктерінің долларды сатып алу көлемі де екі есеге азайып, 95,1 млн. долларды құрады.
Ресей рублінің валюта нарығындағы айналымы да қарқын алды. Қаңтар-шілде аралығында өңірдің айырбастау пунктері 9 689,4 млн. рубль сатып, 2 717,5 млн. рубль сатып алған.
Ұлттық банктің облыстағы филиал директорының мәліметіне сүйенсек, өңір тұрғындары қорды теңгемен сақтағанды жөн көреді екен. Өткен жылмен салыстырғанда ұлттық валютамен сақталған депозиттер көлемі 20 пайызға артып, 242,4 млрд. теңгені құрады.
Шетел валютасында сақталған депозит көлемінің 15 пайызға төмендеуі байқалады. Жалпы облыстағы екінші деңгейлі банктердегі депозит көлемі 424,5 млрд. теңгені құрап, жыл басынан бері 8,6 млрд. теңгеге артқан. Еліміздегі депозиттер көлемі бойынша бүгінгі күні облыс Алматы, Астана қалалары мен Қарағанды облысынан кейін төртінші орында тұр.
Несие алушылар да көп
Несие қарызы бойынша да Шығыс Қазақстан аталмыш төрт өңірден кейін тұр. Облыс тұрғындарының бүгінгі күні екінші деңгейлі банктер алдындағы берешегі 378,4 млрд. теңгені құрап отыр. Соған қарамастан несие алушылар саны өсіп барады. Тек жыл басынан бері екінші деңгейлі банктер 194,3 млрд. теңгенің несиесін берген. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 1,8 пайызға көп.
Айнагүл Құмарқызының айтуынша, әсіресе шағын бизнеске берілген несие қарыздарының өсімі байқалады. Бүгінгі күні олар банкке 72,7 млрд. теңге қарыз.
– Ұлттық банк еліміздің қаржылық-несиелік жағдайын бақылау мақсатында үнемі экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындар мониторнингін жүргізіп отырады. Соңғы екі тоқсанда облыс кәсіпорындары арасында жүргізілген сараптамаға қарап экономиканың нақты секторында жағымды да, жағымсыз да үдерістердің бар екендігін байқауға болады,-дейді А.Жолдыбалина.
Жағымды үдерістердің бірі ретінде, Ресей рублінің теңгеге шаққандағы өсіміне тәуелді кәсіпорындар саны азайғандығын (35,7 пайыз), сондай-ақ, несие қарыздары бар кәсіпорындар санының да 22,9 пайызға кемігенін атап өтуге болады.
Жағымсыз әсерлер қатарынан облыс экономикасындағы сауда табыстылығының алғашқы жартыжылдықта 30,5 пайызға төмендегені, соның ішінде қайта өңдеу өнеркәсібінің 32,3 пайызға дейін азайғандығын айтпасқа болмас. Сондай-ақ, жоғары табысты кәсіпорындар үлесі де 28,2 пайызға төмендеген.
Лаура Тілеубайқызы